Accessibility links

Жанболат Мамай алаңда билікке бірнеше талап қойды. Әкімдік пикет өткізуге жарты сағат уақыт берді


Азаматтық белсенді, журналист Жанболат Мамай Тәуелсіздік ескерткіші жанында жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 6 шілде 2020 жыл.
Азаматтық белсенді, журналист Жанболат Мамай Тәуелсіздік ескерткіші жанында жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 6 шілде 2020 жыл.

Азаматтық белсенді, журналист, "Демократиялық партия" құру туралы бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай 6 шілде күні Алматының орталық алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішінің алдында жалғыз адам пикетін өткізді. Бетіне маска тағып, қолына "Несие кешірілсін! Жер шетелдіктерге жалға берілмесін! Макс Боқаевқа бостандық!" деген жазу ұстаған белсенді пикетін жергілікті уақыт бойынша сағат 11-де бастады. Ол пикет өткізетіні туралы бұдан үш күн бұрын жергілікті әкімдікті хабардар еткенін айтты.

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Айдар Есенбеков Мамайға пикет өткізуіне жарты сағат уақыт берілгенін, тақырыптан ауытқымауын және коронавирус індетіне байланысты әлеуметтік арақашықтықты ұстануы тиіс екенін ескертті.

Жанболат Мамай пикетке жалғыз шығып, билікке талаптарын айтты. Алматы, 6 шілде 2020 ж.

Жанболат Мамай биліктен Макс Боқаевты түрмеден босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Мамай коронавирус инфекциясына байланысты тағы екі апта карантин жарияланған Қазақстанда миллиондаған қарапайым адам табыссыз, жұмыссыз қалғанын айтып, биліктен әр отбасына қаржылай көмек жасауды талап етті.

- Билік ұлттық қорда 90 млрд доллар бар дейді, қазір қаншама адам табыссыз, күнкөріссіз қалды. Көбінің індет кезінде дәрі-дәрмек сатып алуға ақшасы жоқ. Үкіметтен әр отбасына жәрдем ретінде 200 мың теңге бөлуді талап етеміз. Және азаматтардың банктерден алған несиесі кешірілсін. Біздің қолымызда 20 мыңға жуық азаматтың арызы бар, бірде біреуі той тойлауға алмаған, өмір сүруге ақшасы болмағандықтан несие алған, - дейді белсенді.

Мамай 2016 жылы Қазақстанда халық наразылығынан кейін жер заңының даулы баптарына жарияланған мораторийдің мерзімі келесі жылы аяқталатынын еске салды.

- Билік осы карантинді пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге рұқсат беріп жібермеуі үшін ондайға тыйым салатын түзетуді заңға енгізсін, - деген талап қойды Мамай.

Ол төрт жыл бұрын осы мәселені көтеріп, Жер митингіне қатысқаны үшін бес жылға сотталған, қазір Ақтөбе түрмесінде жазасын өтеп жатқан атыраулық белсенді Макс Боқаевтың денсаулығына алаңдайтынын айтып, биліктен оны дереу босатуды талап етті.

- Сәрсенбі күні Макспен сөйлестім, ол бойында иіс, дәм сезбеу сияқты коронавирус инфекциясының барлық белгісі барын, бүкіл түрме ауырып жатқанын айтады. Қазақстан билігінен Боқаевты және басқа да саяси тұтқындарға дереу азаттық беруді талап етеміз, - деді Мамай.

Ол Макс Боқаевтың жағдайына алаңдаған АҚШ сенаторлары жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, тұтқынды босатуды сұрағандарын айтты.

Акцияның басталғанына жарты сағат өткенде Жанболат Мамай жалғыз адам пикетін аяқтап, үйіне кетті. Белсендінің акциясын өткен жерде арасында журналистер бар бірнеше адам болды. Ал әкімшілік өкілдері, полиция, жай киім киіп, бет-аузын тұмшалаған белгісіз азаматтар сырттай бақылап, пикет аяқталған соң тарады.

Қазақстанда биыл коронавирус пандемиясына кезінде жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде қабылданған бейбіт жиындар туралы жаңа заң осыдан бір ай бұрын, 6 маусымда күшіне енген. Оппозициялық топтар халықты сол күні бүгінгідей талаптармен бейбіт акцияға шығуға үндеген. Бірақ билік митинг өткізуге "рұқсат берілмегенін" алға тартып, жүзден астам адамды ұстап әкеткен, кейін кейбірін жауапқа тартқан.

Құқық қорғаушылар бейбіт жиын туралы жаңа заң билікке ескертпей наразылыққа шыққандарға жазаны күшейтіп, азаматтардың митинг өткізу бостандығын шектейді деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG