Accessibility links

Алматы соты әкімшілік қамауда отырғанда жаңа мерзім қосылған адамның арызын қанағаттандырмады


Қала орталығында "субботаж" акциясына шыққан белсенділер. Алматы, 13 маусым 2020 жыл.
Қала орталығында "субботаж" акциясына шыққан белсенділер. Алматы, 13 маусым 2020 жыл.

Алматы қалалық соты жұма, 10 шілде күні әкімшілік жазамен келіспеген 37 жастағы Қайрат Қылышевтың апелляция шағымын қанағаттандырмады. 2 шілде күні әкімшілік сот Қылышевты 6 маусымда қаладағы Махатма Ганди атындағы саябақта өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл шешім шыққан кезде Қылышев 13 маусымда қала орталығында "субботаж" атты "заңсыз акцияға" қатысқаны үшін сот шешімімен берілген 15 тәулік әкімшілік жазасын өтеп жатқан еді. Онымен бірге осындай айыптармен тағы үш адам – 55 жастағы Ноян Рақымжанов, 44 жастағы Абайбек Сұлтанов пен 47 жастағы Асхат Жексебаев та қамауда жатқан.

Жиынтығы 19 тәулік әкімшілік қамауда болған Қылышев 7 шілде күні босап шықты. Оның адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, Қылышевтің апелляция шағымы бойынша соттың қандай шешім шығаратыны алдын ала белгілі болса да, сонымен бірге жазасын өтеп шыққандықтан оның мәнісі жоғалса да, арыз иесі әділдік іздеп заңда көрсетілген барлық мүмкіндікті ақырына дейін пайдалануды ұйғарған.

Жанар Балғабаеваның сөзінше, 9 шілде күні Алматы қалалық соты дәл осындай айыппен – 6 маусымда Ганди саябағында өткен белсенділердің наразылық акциясына қатысқаны үшін 3 шілдеде әкімшілік соттың шешімімен бес тәулікке қамалған 41 жастағы Болатбек Сұлтановтың да апелляция шағымын қанағаттандырмаған. Бес күн әкімшілік қамауда болған Болатбек Сұлтанов (белсенді Абайбек Сұлтановтың бауыры) 8 шілдеде бостандыққа шықты.

Бейсенбі, 9 шілде күні Алматы қаласының соты 2 шілдеде бес тәулікке қамалып, 7 тәулікте босап шыққан Абайбек Сұлтановтың, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған Ноян Рақымжановтың (ол әлі қамауда отыр) апелляция шағымдарын да қанағаттандырған жоқ. Ол екеуі осымен қатарынан екі рет әкімшілік қамауда болды. Әуелгі жолы билік екеуін 15 тәулікке 13 маусымдағы "субботажға" бола қамаса, кейінірек 6 маусымда Ганди атындағы саябақтағы наразылық акциясына шыққаны үшін жазалған. Екеуіне де қосымша жаза қамауда отырған кезде берілгендіктен, Рақымжановтың жиынтық жаза мерзімі 28 тәулік, Сұлтановтыкі – 19 тәулікке жетті.

Әкімшілік қамауда отырған кезде қосымша жаза тағайындалған тағы бір белсенді Асхат Жексебаев (7 шілдеде бостандыққа шықты) Азаттық тілшісімен әңгімеде, соттың қандай шешім шығаратыны алдын алда белгілі болғандықтан 6 маусымда Ганди саябағында өткен акцияға қатысқаны үшін 2 шілдеде оны әкімшілік қамауға алу туралы шығарылған сот шешіміне апелляция шағымын беруді қажет деп санамағанын айтты.

13 маусымдағы "субботаж" акциясынан кейін Алматыда билік кемінде 13 адамды әкімшілік жауапқа тартып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алған. Кейінірек, 2 шілде күні қамаудағылардың кейбіріне 6 маусымда саябақта өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін қосымша жаза белгілеген. Белсенділер мен жақтастары апелляция шағымын қараған және жаңадан әкімшілік жаза қосқан сот отырыстарының кейінге қалдырылуын 6 шілде – Астана күні мейрамының жақын қалуымен байланыстырған. Бұл күн Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, былтыр наурызда орнына көп жылғы саяси серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып, президенттіктен кеткен, алайда билікке әлі де ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келеді (биыл ол 80 жасқа толды).

Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін де наразылық акциялары кезінде азаматтар оның мемлекеттік билікке араласпауын талап етіп келеді. Әлеуметтік желі қолданушылары билік қамаудағы белсенділерге қосымша жаңа жаза мерзімін тағайындап, мереке алдында Алматыны олардан "тазартып алғысы келді" деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG