Accessibility links

Заречный колониясында отырған белсенді Кенжебек Әбішев "қызуы көтеріліп, ауырып жатыр"


Кенжебек Әбішев.

Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан белсенді Кенжебек Әбішевке суық тиіп, санитарлық бөлімде жатыр. Бұл туралы Азаттыққа оның әйелі Гүлмира Әбішева хабарлады.

- Кеше, 9 шілдеде сөйлесіп едім ауыр демалып тұрды. Екі-үш күннен бері ауырып жатыр екен, қызуы көтеріліпті. Колонияда "дәрі-дірмек жоқ, беріп жібер" деді. Жақын маңдағы дәріханалардың бәрін аралап ешбірін таппадым, қарапайым парацетамол мен аспирин де жоқ. Адвокаты іздестіріп көрейік деді. Тапсақ пошта арқылы жібереміз, - деді Гүлмира Әбішева.

Азаттық колонияға күні бойы хабарласқанымен басшылықпен сөйлесе алмады. Ал кезекші қызметкер қандайда бір ақпарат беруден бас тартты.

9 шілдеде Кенжебек Әбішевтің адвокатына сілтеген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсендінің денсаулығы сыр бергендіктен, бірқатар препарат қажет екенін хабарлаған. Ал белсендінің адвокаты Айман Омарова "Әбішев маған қажет дәрілердің тізімін берді. Енді мүмкіндігінше тауып, жібермекпіз" деді.

"Әбішев ауырып жатыр" деген ақпарат шыққан соң Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ұлттық превентивті механизм тобының жетекшісі Игорь Мирошниченко колония басшылығынан бейнебайланыс өткізуді сұрады.

- [Әбішевпен] 9 шілдеде онлайн байланыс арқылы сөйлестік. Түрі жаман емес көрінді. Бірнеше рет денсаулығын сұрап-ем, тұмауратып қалғанына он күндей болғанын айтты. Қазір санитарлық бөлімде, емделіп жатыр екен. ПЦР тест жасатқан, COVID-19 емес. Мекеме басшылығымен де сөйлестім, олар да барлық сақтық шарасы қолға алынғанын, маскілері барын айтты. Тұмауға қарсы емделіп жатыр, қосымша дәрі-дәрмек артық етпейді деп отыр, - деді Азаттыққа Игорь Мирошниченко.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина кезінде өз де қылмыстық атқару жүйесінде қызмет еткен Мирошниченконың сөздеріне сенбейтінін жазған. Мирошниченко Төреғожинаның жазғанына қатысты комментарий бергісі келмейтінін, Әбішевтың жағдайы шынымен жаман емес екенін, ешқандай шағымы жоғын атап өтті.

53 жастағы Кенжебек Әбішев 2018 жылдың 21 желтоқсанында "терроризмді насихаттады" және "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп айыпталып, жеті жылға сотталған. 2019 жылы апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

13 наурызда Қапшағай қалалық соты Әбішевтің жаза мерзімін азайтқан болатын. Сол кезде оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазуына болатыны айтылған еді.

29 сәуірде Қапшағай қалалық соты Әбішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Бірақ прокурор бұл шешіммен келіспей, ол қамауда қалған. Адвокатының сөзінше, 8 шілдеде облыстық сот Әбішевтің прокурордың қарсылығын түсірген апелляциясын қарап, қанағаттандырмаған. Яғни, облыстық сот прокуратураның қарсылығын қолдаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG