Accessibility links

АҚШ-та алқабилер 112 млн аккаунтты ұрлады деп айыпталған Ресей азаматын кінәлі деп тапты


Евгений Никулин.
Евгений Никулин.

Сан-Францискодағы алқабилер соты 2012 жылы LinkedIn және Formspring әлеуметтік желілері мен Dropbox платформасындағы 112 миллион пайдаланушының мәліметтерін ұрлады деп айыпталған Ресей азаматы Евгений Никулинді кінәлі деп тапты.

Никулин 2016 жылы қазан айында Чехия астанасы Прагада ұсталған. Ресей оны елге қайтаруды талап етті, бірақ Никулиннің өзі Чехиядан баспана сұрады. 2018 жылдың сәуірінде ол АҚШ-қа экстрадицияланды. Кейінірек Чехия конституциялық соты бұл шешімді заңсыз деп тапты. Азаматының бөтен елге берілгеніне Мәскеу де наразылық білдірді.

Никулин жеке мәліметтің АҚШ тарихындағы ең ауқымды ұрлығына жауапты деп жазды Bloomberg агенттігі. Осы үшін оны ондаған жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.

10 шілде күні Калифорния штатының аудандық соты Никулиннің үкімі 29 қыркүйек күні шығатынын хабарлады.

32 жастағы Никулин тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның адвокаты алқабилер үкімін әділетсіздік деп атады. Адвокат Аркадий Бух апелляциялық өтініш 60 күн ішінде берілу керегін, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты.

АҚШ прокурорларының мәліметінше, Никулин 2012 жылы әлеуметтік желілердің ондаған миллион пайдаланушысының логині мен құпиясөзін пайдаланып, олардың аккаунттарын қолды еткен. Ондағы мәліметті Никулин кейіннен ресейлік хакерлер форумында сатуға қойған.

Ресей азаматының соты наурыздың басында өтуі тиіс болған. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалды. Никулин АҚШ құқық қорғау органдарының аты шулы ресейлік хакерлер мен кибер қылмыскерлеріне қарсы науқаны аясында ұсталды. Осы науқан кезінде әртүрлі елде оннан аса Ресей хакері қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG