2 сәуірде Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Мәскеу де, Вашингтон да іздеу салған хакер Евгений Никулинді Чехияның АҚШ-қа экстрадициялау туралы шешіміне наразы екенін мәлімдеді.
Ресей Чехияның жуырда қабылдаған бұл шешімі Прага мен Мәскеудің қарым-қатынасына сызат түсіретінін, Никулиннің құқығын қорғайтынын мәлімдеді.
Чехияның Әділет министрі Роберт Пеликан елдің жоғары соты орыс тіліндегі апелляцияны қараудан бас тартқан соң ресейлік хакерді АҚШ-қа беру туралы шешім қабылдаған.
30 жастағы Никулин 2016 жылы Прагада тұтқындалған. Өткен аптада АҚШ-қа экстрадицияланған ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.
Оқи отырыңыз: Пол Райан: Чехия ресейлік хакерді АҚШ-қа береді деп сенеміз
Никулин адвокатына ФБР өзін АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлау кезінде Демокртиялық партия серверлерін бұзып кірді деп кінәлі етуге тырысқанын айтқан.
Ресейлік хакер деп сипатталатын Никулин 2012-2013 жылдары LinkedIn және Dropbox интернет-компанияларының жүйесін бұзды деп айыпталған. Кінәсі дәлелденсе, оған 30 жыл түрме жазасы кесіледі.
Ал Ресейде ол 2009 жылы 2000 доллар көлемінде онлайн-ұрлық жасады деген күдікке ілінген.