Accessibility links

Назарбаев коронавирустан көз жұмғандардың отбасына көңіл айтты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Назарбаевтың баспасөз қызметі хабарлады.

Экс-президент "Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келгенін, қауіпті індет бүкіл елге тарап, адам шығыны болғанын" айтқан.

"Алапат дерт адамдарымыздың өмірін қиып жатыр. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырады. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр. Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын" деген Назарбаев.

Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 13 шілде – коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған.

Ресми мәлімет бойынша, кейінгі төрт айда Қазақстанда 60 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада бақилық болды. Бұған қоса коронавирус жұқтырғаны анықталған, бірақ ресми билік "өліміне басқа ауру себеп болған" деп коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына қоспаған тағы 101 адам көз жұмған. Сонымен бірге Қазақстанда әдеттен тыс өршіген пневмониядан жүздеген адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды да коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне қоспай отыр. Кейбір мамандар мен сарапшылар бұл пневмония коронавирус инфекциясының салдары деп санайды.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, былтыр наурызда орнына көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік биліктің бір тармағына әлі де ықпал етіп отыр. Өзі президент болған кезде қабылданған заңдар "Елбасы" деген ерекше статусы бар Назарбаевты жауапқа тартуға тыйым салады. Назарбаевты сынайтындар ол билікте отырған кезде елде адам құқықтары мен бостандықтары өрескел бұзылып, бірде бір сайлау әділетті өтпегенін, жемқорлық тереңге тамыр жайып, мемлекеттің қазба байлығының игілігін халық емес, жоғары билікке жақын ат төбеліндей топ көріп отырғанын айтады.

Бұл сынмен келіспейтін Назарбаев өзі билікте болған кезеңде Қазақстанның "экономикасы дамыған, халқының әл-ауқаты артқан" елге айналғанын айтады.

Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан өлім-жітім күрт көбейіп, ауруханаларда орын мен дәрі-дәрмек жетіспей жатқан кезде қоғамда кейінгі отыз жылда елдегі өзге салалармен бірге денсаулық сақтау саласына да дұрыс көңіл бөлмеді деп Назарбаевтың атына сын айтылды. Ал Астана күні деп белгіленген мерекемен дөп келетін Назарбаевтың туған күні (ол биыл 80 жасқа толды) - 6 шілдеде экс-президенттің есімі берілген ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында биліктің отшашу ұйымдастыруы көпшіліктің наразылығын туғызды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG