Accessibility links

Қазақстанда карантин 2 тамызға дейін созылды


Алматы көшесінде жүрген адамдар. Маусым 2020 жыл.
Алматы көшесінде жүрген адамдар. Маусым 2020 жыл.

Қазақстан үкіметі коронавирус індетінің өршуіне байланысты екінші рет енгізілген карантинді 2 тамызға дейін созды. Бұл туралы дүйсенбі, 14 шілдедегі үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин айтты.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин енгізілген болатын. Кеше, 13 шілде күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантиннің шілденің соңына дейін жалғасатынын, қорытынды шешімді үкіметтік комиссияның қабылдайтынын айтқан.

Үкімет отырысында Мамин денсаулық сақтау министрін, білім және ғылым министрін, сондай-ақ өзге де сала басшыларының баяндамасын тыңдап, карантиннің 20 шілдеден 2 тамызға дейін созылатынын айтты.

Премьер-министр сондай-ақ шектеу салдарынан табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы көлеміндегі (42 500 теңге) әлеуметтік төлем жасалатынын айтты. Үкімет басшысының сөзінше, көмек карантин шараларының күшеюіне байланысты қызметі шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін өзі жұмыспен қамтығандардың өтініші бойынша беріледі.

Асқар Мамин бұл көмекке қанша адамның зәру екенін айтпады.

Қазақстанда коронавирус өршіп кеткен тұста билік 5 шілдеде екі аптаға қайта карантин жариялап, қызмет көрсету саласындағы бизнестерді жауып, қалааралық автобус қатынасына тыйым салған. Сол кезде билік жағдай реттелмесе, карантин тағы созылатынын айтқан.

Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыз - 11 мамырда төтенше жағдай жарияланған. Жұрт осы уақытта қатаң карантинде отырған. Сол кезде үкімет табыссыз қалған жұртқа екі ай 42500 теңге төлеген. Көктемдегі карантинде жәрдемақы тағайындалғанда көптеген адам құжат рәсімдеудің қиындығына, көмектің аздығына шағымданған. "Табыссыз қалсақ та, 42500 теңге ала алмадық" дегендердің де қатары көп болған.

5 шілдеде карантин жарияланғанда вице-премьер Ералы Тоғжанов "табыссыз қалғандарға 42500 теңге төлеуге негіз жоқ, жұмыс істеуі керек" деген еді.

  • Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, елде 60 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. COVID-19 індетінен 375 адам қайтыс болды. Министрлік коронавирус жұқтырған жүзден астам марқұмды "өлімі басқа дерттен болды" деп ресми есепке қоспай отыр.
  • Елде коронавирус өршіген тұста пневмонияға шалдыққандар да көбейді. Қаңтар-маусым аралығында елде пневмонияға 98 546 адам шалдықса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған. Пневмониядан мыңнан адам қайтыс болды. Қазақстанда пневмониядан көз жұмғандардың нақты статистикасы жарияланбады.
  • ДДСҰ Қазақстандағы пневмонияны COVID-19 індеті болуы мүмкін деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG