Accessibility links

Қарағанды облысында COVID-19 өлімінің көп тіркелуін аймақ басшылығы түсіндірді


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы денсаулық сақтау министрлігінің 13 шілде күні таратқан апта статистикасы нақтылауды қажет етеді дейді. Министрлік мәліметінше, 7-12 шілде аралығында Қазақстанда 111 COVID-19 өлімі тіркелсе, оның 37-сі Қарағанды облысының үлесінде болған.

— Апта басында қайтыс болғандардың белгілі бір саны өткен аптаның қорытынды нәтижесі ретінде көрсетілген. Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл бір апта ішінде қайтыс болған адамдар саны емес. Олардың арасында маусымда да, шілде де қайтыс болғандар бар. Өткен аптада олардың өлімі коронавирустан екені анықталған. Мұның бәрі диагноз қою процедураларымен байланысты. Өлім себебін немесе өлімнің коронавирустан болғанын анықтау үшін белгілі бір процедуралар өтеді — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев сәрсенбі, 15 шілдедегі брифинге Азаттық тілшісіне сұрағына жауап бере отырып.

Қарағанды облысының билігі коронавирустан қайтыс болғандар жөніндегі статистикаға бірінші рет түсініктеме беріп жатқан жоқ. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі 30 маусым мен 6 шілде аралығында елде 76 COVID-19 өлімі тіркелгенін айтқан. Ол кезде оның 24-і Қарағанды облысының үлесінде болған. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 7 шілдедегі брифингте 24 өлім аптаның емес айдың нәтижесі деген болатын.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі маусым айының соңынан бастап COVID-19 өлімін аптасына бір рет хабарлауға көшкен. Министрлік бұл шешімді комиссияның деректерді өңдеуді үлгере алмай жатқанымен түсіндірді.

Сәрсенбідегі брифингте Нұрлыбаев пандемия кезінде облыста 9 медицина қызметкерінің қайтыс болғанын айтты. Тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің эпидемиямен күрес жұмысына қатысқан қызметкері қайтыс болып, "Құрмет" орденімен марапатталған.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының азаюы байқалған. Күнделік өсім 1,5 пайыз құрайды деді Нұрлыбаев 15 шілдеде. Оның сөзінше, коронавирус жұқтырып ауруханаға түсіп жатқандардан, жазылып шығып жатқандар көбірек. Ауруханадағы орын 60 пайызға толған, облыс бойынша бес мың жуық орын әзірленген.

Ресми статистика бойынша, облыста 6444 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған. Оның 75-і қайтыс болған (облыс бұл көрсеткіш бойынша 81 COVID-19 өлімі тіркелген Нұр-Сұлтаннан кейін екінші орында). Елде барлығы 63,5 мың адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан алғашқы отыз мемлекеттің қатарына кірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG