Accessibility links

New York Times қауіпсіздігі Пекин қолына өткен Гонконгтен офисінің бір бөлігін көшіретінін айтты


New York Times газетінің Гонконгтегі киоскіде сатылуы. 15 шілде 2020 жыл.
New York Times газетінің Гонконгтегі киоскіде сатылуы. 15 шілде 2020 жыл.

New York Times басылымы Гонконгтегі қызметкерлерінің бір бөлігін Сеулге көшіретінін мәлімдеді. Газет басшылығы мұның себебін ресми Пекиннің Гонконгтің ішкі ісіне араласуына мүмкіндік беретін ұлттық қауіпсіздік туралы заңның қабылдануымен түсіндірді. Басылым жаңа заң аясында журналистикамен айналысу еркіндігі шектелуі мүмкін дейді.

Газеттің мәлімдеуінше, Сеулге көшетіні – Гонконгтағы офисінің үштен бір бөлігін құрайтын диджитал бөлімі. Журналистер, жарнама және маркетинг бөлімі Гонконгте қала бермек.

Бұрынғы Британия колониясы Гонконг Қытайға 1997 жылы берілген. Британия мен Қытай арасындағы келісім бойынша қала ішкі ісінде еркін әрі тәуелсіз болуы тиіс болған. Содан бері Гонконг Қытайдағы еркіндік аралына айналып, Азиядағы медиа хабқа айналды.

New York Times секілді беделді басылымның жартылай болса да көшуі қаланың Азиядағы журналистік хаб деген мәртебесіне нұқсан келтірмек. Басылымның бұл қадамы АҚШ пен Қытай бір-бірінің журналистеріне тыйым салып, дауласып жатқан шақта жасалды.

Reuters агенттігінің жазуынша, биыл ресми Пекин ішкі Қытайда жұмыс істеуге рұқсаты жоқ журналист Гонконгте де жұмыс істемеуі тиіс деген.

Гонконг әкімшілігі өткен аптада басылымның Қытайдағы ардагер журналисі Крис Баклидің қалада жұмыс істеуіне рұқсат беретін құжатын жаңартпай қойған, себебін түсіндірмеген. Бакли мұның алдында Пекиннен кетуге мәжбүр болған. Ол кезде Қытай билігі журналистін визасын жаңартудан бас тартқан.

Осыған орай, Гонконг әкімшілігі мәлімдеме жасап, қаланың аймақтағы журналистер орталығы болып қала беретінін айтты.

Wall Street Journal, the Financial Times және Agence France-Presse секілді ірі баспасөз құралдарының да Азиядағы штаб-пәтері Гонконгте орналасқан. Reuters агенттігі өзінің Азиядағы штаб-пәтерін Гонконгтен қала Британиядан Қытайға өткен 1997 жылы Сингапурге көшірген.

30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы Гонконгтегі ұлттық қауіпсіздік заңын қабылдады. Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл заң Гонконгтің өзі ішінде және Батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Олар заң Гонконгте саяси қуғынды күшейтеді, тұрғындардың бостандығын шектейді деп санайды.

Қытайдың Гонконгтегі ұлттық қауіпсіздік туралы заңы басылымның ондағы жұмысының болашағын бұлыңғыр етті, дейді газет басшылығы.

Биыл ресми Вашингтон Қытайдың бес ірі мемлекеттік басылымын шетел елшілігіне теңеуге көшіп, Қытайдың АҚШ-тағы журналистер санын 160-тан 100-ге дейін қысқартты.

Бұған жауап ретінде Қытай New York Times, Wall Street Journal және Washington Post журналистерінің аккредитациясын жойды.

Жаңалық Reuters және Associated Press агенттіктерінің хабары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG