Латвиядағы Даугавпилс қаласының соты азаматтығы жоқ Әбдірешид Кушаевты шетелдіктерге арналған лагерьге екі айға қамады. 56 жастағы Кушаев Латвияға Эстониядан келген. Ол Эстониядан туған елі Өзбекстанға қайтарып жібере ме деп қорыққаннан қашқан. Латвияға келе сала Кушаев шекара қызметіне өз еркімен берілген. Шекарашылар оны шетелдіктерге арналған лагерьге он күнге қамаған. Одан ұзақ мерзімге қамауға шекара қызметінің құзыреті жетпейді. Шекара қызметі Кушаевтың ісін сотқа жіберіп, сот 16 шілде күні шешім шығарды.
Сот Кушаевтың тағдыры жөнінде процессуалдық шешім қабылдау үшін он күн жетпейді деп ұйғарды, бірақ бостандыққа шығарудан бас тартты. Соттың сөзінше, жұмысы, тұратын үйі және қаражаты жоқ Кушаев қашып кетуі мүмкін.
Әбдірешид Кушаев Өзбекстаннан 2015 жылы қашқан. Осы аралықта ол Өзбекстан азаматтығынан айырылған, өзге елдің азаматтығын алып үлгермеген.
Азаттықпен сөйлескенде Кушаев Латвиядан босқын болмаса да, апатрид (азаматтығы жоқ тұлға) мәртебесін алуға үмітті екенін айтты.
Кушаевтың сөзінше, оны төрт адамға арналған камерада бір өзін ұстап отыр.
— Камера жарық әрі жылы. Еденге линолеум төселген. Камерада қолжуғыш, әжетхана және душ бар. Заңды түрде белгілі бір жиілікпен мобильді телефонды және Интернетті пайдаланып тұрамыз. Қалаға жібермейді. Күніне екі сағат серуендеуге рұқсат, бірақ маған жарты сағат та жетеді. Кітапхана, телевизор бар. Компьютер арқылы аудиокітаптарды тыңдауға болады,— дейді Кушаев.
Бір ай бұрын Литва миграциялық түрмесінде сегіз ай отырған Кушаевты Эстонияға депортациялаған. Ол жерде оны үйсіз адамдарға арналған әлеуметтік қонақүйге орналастырған. Литвада ол босқын мәртебесін беру туралы шешімді күткен. Литва босқын мәртебесін беруден бас тартты. Эстонияға жіберу себебі – Кушаев Еуроодақ территориясына осы ел арқылы кірген.
Азаттық кейінгі бес жылда Еуропаның түрлі елінде панасыз, жайсыз жүрген Кушаевтың тағдырын бақылап келеді. Бес жыл бұрын ол Өзбекстаннан қашып, Қазақстан мен Ресей арқылы Эстонияға жеткен. 2017 жылдың күзінен 2020 жылдың маусымына дейін ол еуропаның түрлі еліндегі түрмелерде болды.
ПІКІРЛЕР