Accessibility links

Владивосток пен Новосибирскіде қамаудағы Хабаровск губернаторы Фургалды қолдайтын акция өтті


Ресейдің Приморск өлкесінің әкімшілік орталығы Владивосток қаласындағы Сергей Фургалды қолдайтын граффити.
Ресейдің Приморск өлкесінің әкімшілік орталығы Владивосток қаласындағы Сергей Фургалды қолдайтын граффити.

Жексенбі, 19 шілде күні Ресейдің Қиыр Шығысы мен Сібіріндегі бірқатар қалада Хабаровск өлкесінің қамауда отырған губернаторы Сергей Фургалды қолдау акциясы өтті. Өлкенің әкімшілік орталығы Хабаровск қаласында жүзге жуық адам шеруге шықты. Акция кезінде ешқандай оқыс оқиға болмады, қатысушылар көп ұзамай тарап кетті. Бұл – Хабаровскідегі рұқсат етілмеген наразылық акцияларының тоғызыншы күні. Наразылық акциялары 11 шілде басталған.

Елдегі ең ірі қарсылық шеруі кеше, 18 шілде күні өткен болатын. Мэрияның есептеуінше, акцияға 10 мыңға жуық адам қатысқан, қатысушылар мен байқаушылар шеруге келгендер одан көп болды дейді. Амурдағы Комсомольск қаласының тұрғындары да Хабаровск губернаторын қолдау акциясын өткізді.

Приморск өлкесінің әкімшілік орталығы Владивостокта да рұқсат етілмеген қарсылық акциясы өтті. Совет билігі үшін күрескендердің ескерткішіне 100 жуық адам жиналды. Қала билігі жексенбі күні "ескерткішті кептер экскременттерінен (нәжісіне – ред.) жуып тазалайтынын" мәлімдеген. Әлеуметтік желіде ескерткіш маңына келіп "кептерлерді қоректендіруге" шақыратын хабарлама тарады. Билік ескерткішті расымен қоршап тастап, акиця кезінде оған дезинфекция жасады.

Акция қатысушылары сондай-ақ Владивосток орталығымен жүріп өтті. Полиция екі адамды ұстап, кейіннен босатты.

Ресейлік "Тайга.инфо" сайтының хабарлауынша, Хабаровск губернаторын қолдауға арналған рұқсат етілмеген шеру Новосибирскте де өткен.

  • Полиция Сергей Фургалды 9 шілде күні Хабаровскідегі үйінен ұстап әкетіп, келесі үні Мәскеу сотының шешімімен қамауға алынды. Шенеунік 2000-жылдардың соңындағы кісі өлтіру ісі бойынша айыпталып отыр.
  • Фургал әлі де губернатор – оны жұмыстан алу немесе өлке басшысының міндетін уақытша атқарушыны тағайындау туралы шешім шыққан жоқ.
  • Саясаткер – билік партиясы “Едина Россияның” мүшесі емес санаулы аймақ басшыларының бірі. Ол – ЛДПР партиясының мүшесі. Фургал Хабаровск өлкесі думасының депутаты болған, екі рет мемлекеттік думаға сайланған. 2018 жылғы сайлауда сол кездегі губернатор Вячеслав Шпортты жеңген болатын. Сайлаудың бірінші сатысында ол Шпорттан 675 дауысқа, екінші сатысында 40 пайызға озып кетті.
  • Сергей Фургалмен бірге тергеу комитеті оның сыбайласы деп тапқан төрт адам қамалды. Олардың бәріне кәсіпкер Евгений Зори мен Олег Булатовты өліміне кінәлі, бизнесмен Александр Смольскийге қастандық жасады деген айыпталып отыр. Бұл қылмыстардың бәрі 2004 жылы жасалған.
  • Губернатор қызметінде Фургал шенеуніктердің жалақысы мен шығындарын азайтумен есте қалды. Ол сондай күдікті деп танылған мемлекеттік сатып алуларды тоқтатты. Сонымен қатар Фургалдың шешімі бойынша өлке үкіметінің меншігінде 8 жыл болған яхта сатуға қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG