Accessibility links

Оралда қарттар үйінде бір адам коронавирустан қайтыс болды


Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында тұрған медициналық көлік. Орал 19 шілде 2020 жыл.
Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағында тұрған медициналық көлік. Орал 19 шілде 2020 жыл.

Оралда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (қарттар үйі мүгедектер үйімен біріктірілген) екі адамнан коронавирус табылды. Олардың бірі қайтыс болған. Аға медбике міндетін атқарушы Майра Жәдетованың айтуынша, орталықтан коронавирус өткен аптада анықталған. Оның сөзіне қарағанда коронавирус жұққан науқастың бірі өткен жұмада қайтыс болған.

- (Қамқорлықтағы) Екі адам тексеріліп, диагноздары расталды. Бірін жедел жәрдеммен ауруханаға апарып үлгермедік - жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Екіншісі ауруханада жатыр, - дейді Жәдетова.

Орталық басшылығының мәліметінше, соңғы аптада орталықта "жасы келген" 18 адам қайтыс болған.

- Адам өлімінің өсуі бар. Менің ойымша, бұл біріншіден жас шамасына байланысты. Екіншіден, аптап ыстық. Бұған қоса, карантин, оқшаулау бар. 13 мен 19 шілде аралығында 18 адам қайтыс болды. Бәрінің жас шамасына байланысты диагноздары бар, - деді директор міндетін атқарушы Қаршыға Нұрмашев.

19 шілдеде "Уральская неделя" сайты жариялаған видеода тоңазытқыш камерада ақжаймаға оралған мәйіттер бары көрінеді. Онда сонымен бірге медициналық көлік жанында қорғаныш киім киген мамандар жүргені де байқалады. Видеоны түсіріп тұрған адам "Оралдағы қарттар үйіндегі жағдайдың осындай" екенін айтып "бәрі үнсіз, бізде коронавирус бар-жоғын ешкім айтпайды" дейді.

Видео авторының айтуынша, күн сайын қарттар үйінде "сегіз адам" қайтыс болып жатыр.

Ал Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі жерлеу агенттігінің жұмысы кідіргендіктен "мәйіттер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мәйітханасында жатыр" деп түсіндірді.

- Орталық жерлеу рәсімін өткізетін "Ритуал" мекемесімен келісім жасасқан. Алайда шілде айында мекеме жерлеу қызметін уақытында атқарып отырған жоқ, сол себепті қайтыс болғандардың денесі орталық мәйітханасында жатыр, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Арсен Губашев.

Қазір арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 489 адам тұрып жатыр. Жәдетованың айтуынша, 20 шілдеде орталық тұрғындары мен қызметкерлері коронавирус тестінен өтеді.

Ресми мәліметке сәйкес Батыс Қазақстан облысында 4 647 адамнан коронавирус табылған. 22 адам қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: БҚО денсаулық басқармасы желіде тарап кеткен мәйітхана видеосының Ақсайда түсірілгенін растады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG