Accessibility links

Иранда АҚШ-қа тыңшылық жасады деп айыпталған тұтқынды дарға асты


Генерал Сүлейманидің суретін ұстап тұрған адам.
Генерал Сүлейманидің суретін ұстап тұрған адам.

Дүйсенбі күні Иранда "АҚШ пен Израильге тыңшылық жасады" деп айыпталған бұрынғы аудармашы Махмуд Мусави Маджді дарға асты. Иран билігі оны генерал Касем Сүлейманидің өліміне қатысы бар деп те айыптаған.

Тергеу органдары айыпталушы Америка және Израильдің барлау қызметімен астыртын байланысып, оларға әскерилер туралы (Сүлейманидің қайда екенін де) мәлімет сатқан деп санайды. Алайда Маджд генерал қазасына дейін 2018 жылы тұтқынға алынған. Яғни, оның айыбы Сүлеймани өлімімен тікелей байланысты емес.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының арнайы жасағы "Әл-Құдысты" басқарған Касем Сүлеймани 3 қаңтарда АҚШ әскерінің әуе соққысы кезінде Бағдатта қаза тапқан болатын. Тегеран "кек қайтару үшін" АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын атқылаған. Ондаған әскери сарбаз жарақаттанған.

Екі ел арасында жағдай ушығып тұрған кезде Иранның әуе қорғаныс жүйесі "Боинг-737" жолаушылар ұшағын қателесіп атып түсірген. Ұшақ апатынан 176 адам қаза болды. Тегеран әскерилердің ұшақты атқанын мойындағанмен АҚШ-ты жағдайды ұшықтырды деп айыптады.

Өткен аптада Иранда тыңшылықпен айыпталған тағы бір адам дарға асылған. Иран билігі оны АҚШ-тың орталық барлау басқармасына Иранның зымыран бағдарламасы туралы мәлімет берді деп айыптаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG