Accessibility links

Украинада арнайы жасақ автобусты басып алған террористі ұстап, кепілге алынған жолаушыларды босатты


Террорист талаптарының бірін орындап, видеоүндеу жазып жатқан президент Владимир Зеленский.
Террорист талаптарының бірін орындап, видеоүндеу жазып жатқан президент Владимир Зеленский.

21 шілдеде кешке Украинаның Луцк қаласында арнайы жасақ автобусқа "штурм жасап" басып кіріп, террористі ұстады. Кепілге алынған адамдардың барлығы босатылды. Сейсенбі күні таңертең қарулы адам 20 шақты жолаушысы бар автобусты басып алып, адамдарды кепілге алған еді. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Украина президенті Владимир Зеленский құтқару ісіне қатысқандарды операцияның сәтті аяқталуымен құттықтады.

Бұған дейін президент Владимир Зеленскийдің террорист айтқан талаптардың бірін орындағаны туралы хабар түскен. Зеленский қысқа видео мәлімдеме жасап, террорист талап еткен сөздерді айтқан:

"2005 жылы шыққан "Земляне" фильмін бәрі көрсін" деді Зеленский видеода.

Украинаның ішкі істер вице-министрі Антон Геращенконың айтуынша, осыдан соң автобустан үш адам босатылған: қартаң әйел, жасөспірім және аяғы ауыр әйел.

Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков босатылған үш адамды полицияның қабылдап жатқаны туралы видео жариялаған.

Сейсенбі күні Луцк қаласында қарулы ер адамның автобусты басып алғаны туралы ақпарат шыққаннан кейін полицияның террориспен келіссөз жүргізе бастағаны хабарланған еді. Ол полицияға өзі хабарласып, аты-жөнін "Максим Плохой" деп таныстырған.

Ол Украина басшылығынан өзін "террорист" деп тануды, президент Владимир Зеленскийден 2005 жылы шыққан жануарлар құқығы туралы "Земляне" деректі фильмін көру қажеттігі туралы видеоүндеу жазуды талап еткен.

Полиция террористің аты-жөнін айтқан жоқ. Ал ақпарат құралдарының жазуынша, оның аты-жөні Максим Кривош. Ровнен облысында тұрады. Полицияның айтуынша, Кривош түзету колониясында психиатриялық ем қабылдаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, интернетте Максим Кривош есімді азаматтың "Қылмыскер философиясы" деген кітабы да бар. Онда автор түрмеде жазасын қалай өтегенін баяндаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG