Accessibility links

"Далада қалайық деп отырмыз". Нұр-Сұлтанда көп балалы әйелдер биліктен көмек сұрады


Биліктен көмек сұрап келген екі ана балаларымен бірге сауда және интеграция министрлігі ғимаратының алдында отыр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл.
Биліктен көмек сұрап келген екі ана балаларымен бірге сауда және интеграция министрлігі ғимаратының алдында отыр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл.

22 шілдеде күндіз Нұр-Сұлтанда министрліктер үйінің алдына бала-шағасымен бірге келген екі әйел биліктен көмек сұрады. Өздерін Ақбаян Жалмырзаева және Айнұр Құдайбергенова деп таныстырған екі ана карантин басталғалы бері отбасыларының жағдайы мүлде нашарлап кеткенін айтып, пәтерақыларын төлей алмағандықтан далада қалуы мүмкін екенін жеткізіп налыды.

- Карантинге байланысты күйеуім жұмыс істемейді. Не қоғамдық көлік жүріп жатқан жоқ, не жұмыс жоқ, не атаулы әлеуметтік көмектен хабар жоқ. Үкіметтен алатынымыз 42 500 теңге. Ол ештеңеге жетпейді. Пәтер жалдап тұрамыз. Мойнымызда несиелеріміз бар. Өсімі жүріп жатыр. Бұған дейін биліктен ауызша да, жазбаша да көмек сұрадық. Бірақ нәтиже жоқ. Есесіне бұл жаққа келген сайын айыппұл салады. Өзімде жүз мыңдаған үш айыппұл жатыр. Банктегі есепшоттарымызды бұғаттап тастаған. Ешқандай амал қалмады. Енді қайда барамыз? Кімнен көмек сұраймыз? Өзіміз ауырып жаңадан тұрдық. Жедел жәрдем көлігін шақырсаң, келмейді..., - деді басындағы қиындықтарын айтып тауыса алмаған Ақбаян Жалмырзаева.

Төрт баланың анасы Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, жеке автопаркте жұмыс істеген күйеуі қазір жұмыссыз. Көп балалы ана атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеуге тырысқанмен құжат мәселесіне байланысты ала алмаған. "Пәтерақыны үш ай төлемегендіктен ертең пәтерден шығарады, баратын жеріміз жоқ" дейді.

- Ертең төрт балам, күйеуіммен бірге далада қалайық деп отырмыз. Шенділер бір бөлмелі жатақхана табуға көмектессе. Мемлекеттен ешқашан азық-түлік көмегін алған емеспін. Азық-түліктен қатты қысылып отырмын. Өзім екі жасар балам болғандықтан жұмыс істей алмаймын. Қазір күйеуім де жұмыс істемейді. Үйде отыр. Несиеге алған көлігіміз бар еді. Ол кісі бір-екі мың теңге табады, таппаса ол да жоқ. Екі аптадан бері қала сыртында қарақат теріп сатып жүрмін. Бірақ одан пайда жоқ. 2 мың теңге қалтамда қалады, жол шығыны жеп қояды. Басымда несием көп, - дейді Айнұр Құдайбергенова.

Еңбек министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков биліктен көмек сұраған аналармен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл.
Еңбек министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков биліктен көмек сұраған аналармен сөйлесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2020 жыл.

Екі әйел ақпарат құралдарына шағымдарын айтып тұрған кезде ғимарат маңында бірнеше арнайы жасақ өкілі мен полиция қызметкері бақылап тұрды.

Сәлден соң аналар алдына шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков есімді қызметкер бастапқыда аналардың мәселесінен "хабардар" екенін айтып, олардың жағдайын "бір күнде шешілмейтін мәселе" деп атап ішке кіріп кеткен еді. Кейіннен қайта шығып "әкімдікпен сөйлесіп жатырмыз, қазір әкімдік мәселелеріңізді қарастырып жатыр" деді.

Көктемде Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланған. ТЖ кезінде көптеген кәсіпорындар, компаниялар жұмысын тоқтатып, үкімет уақытша табыссыз қалғандарға 42 500 теңге көлемінде төлем төлей бастаған. Дегенмен көптеген адам құжат рәсімдеудің қиындығына, көмектің аздығына шағымданған. "Табыссыз қалсақ та, 42500 теңге ала алмадық" дегендердің де қатары көп болған. Маусым айында індеттің қайта өршуіне байланысты шектеу шаралары күшейіп, үкімет тағы әлеуметтік көмек тағайындаған.

Оқи отырыңыз: Еңбек министрі 42 500 теңге кімге берілетінін, кімге берілмейтінін айтты

Сарапшылардың айтуынша, карантин елде миллиондаған адамның әлеуметтік жағдайын әлсіретіп, айлығы шайлығынан аспайтындар еселеп артқан: кейбірінің кәсібі тоқтаса, көбі жұмыссыз қалған.

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 75 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Денсаулық сақтау министрлігі 610 адам коронавирус індетінен қайтыс болды деп мәлімдеді. Бірақ елде вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны ресми статистикадан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG