Accessibility links

Петропавлда аттракцион қызметкерлері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады


Билікке талаптарын айтып тұрған кәсіпкерлер мен жұмысшылар. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.
Билікке талаптарын айтып тұрған кәсіпкерлер мен жұмысшылар. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.

23 шілдеде Петропавлда аттракционның 50-ден аса қызметкері карантин кезінде балалар саябағы жабылғандандықтан жазда ғана істейтін кәсіпорындарының жұмысы тоқтап, табыс көзінен айырылып қалғандарын айтты.

- Біз сәуір мен мамыр аралығында 42 500 теңге жәрдемақы алдық және бізге маусымның 1-18 аралығында жұмыс істеуге рұқсат берген еді. Қазір де береді деп үміттенеміз. Бірақ 42 500 теңге несие мен ипотеканы төлеуге жетпейді, - дейді кәсіпкер Ирина Илена.

Аттракциондардың бірінде бақылаушы болып жұмыс істейтін Ирина Безматерина есімді әйел басқа жұмыс іздемек болып әкімдік ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесіне барғанмен жұмыс таба алмағанын айтады.

Кәсіпкер Ирина Безматерина. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.
Кәсіпкер Ирина Безматерина. Петропавл, 23 шілде 2020 жыл.

- Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсе дейміз. Өйткені жұмыс бәріне қажет. Ұзақ жылдардан бері осында жұмыс істеп келеміз. Мен сияқты зейнет жасына таяған адамдарға жұмысқа орналасу өте қиын. Мені тіпті еден жуушыға да алмайды. Құрылысқа да алмайды, - деді Ирина Безматерина.

Шара кезінде жұмысшылардан бөлек, аттракцион иелері де қарызға батып жатқанын айтып шағымданды.

- Келушілерді бір кабина сайын отырғызып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтадық. Яғни, ешқандай ешқандай ережелер мен талаптарды бұзғамыз жоқ. Енді тамыздың 3-інде карантин шаралары жеңілдеп, бізге жұмыс істеуге рұқсат береді деп үміттенеміз. Биыл былтыр екі айда тапқан табыстың үштен бірін де таба алмадық,- дейді "Мир аттракционов" компаниясының басшысы Владимир Козлов.

Ал қалалық бас санитар дәрігер саябақта талаптардың бұзылғанын алға тартты.

- Аумақтан тыс жерлерде қызметкерлер есікті жауып адамдарды кіргізбей тұрды. Ал аттракциондар саябағындағы кассаларда адамдар топтасып, кезекте тұрды. Соның бәрін ескере отырып сәйкесінше қауіпті азайту үшін осындай шешім қабылдадық, - дейді Петропавл қаласының тауар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Петропавл қаласындағы орталық саябақтағы балалар аттракционында 130-дан аса жұмысшы істейді. Бұған дейін Қазақстанның өзге өңірлерінде де кәсіпкерлер жергілікті билікке осыған ұқсас талап айтқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдеде карантин тағы екі аптаға созылады деп мәлімдеген. Ресми статистика бойынша, Қазақстанда 76 799 адамнан вирус табылған. 610 адам қайтыс болған. Солтүстік Қазақстан облысында 2 532 адамға коронавирус жұққан, оның 8-і көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG