Accessibility links

Тәжікстан билігі Covid-ті ауруханада жұқтырып қайтыс болған дәрігер жоқ деді


Тәжікстан денсаулық сақтау министрі Джамолиддин Абдуллозода
Тәжікстан денсаулық сақтау министрі Джамолиддин Абдуллозода

24 шілде күні Тәжікстан денсаулық сақтау министрі Джамолиддин Абдуллозода баспасөз мәслихатында коронавирусты ауруханада жұқтырып, салдарынан қайтыс болған дәрігер жоқ деп мәлімдеді.

"Жұмыс орнында науқастарды коронавирустан емдеу кезінде вирусты жұқтырып, артынан қайтыс болған дәрігер жоқ. Дәрігер Тәжікстанның қатардағы азаматы сияқты вирусты гигиенаны, санитарлық-эпидемиялық ережелерді сақтамағандықтан, көшеде, үйде және адам көп жерде жұқтырып алған болуы мүмкін" деді министр.

Джамолиддин Абдуллозода журналистердің Covid-ке қанша дәрігердің шалдыққаны жөніндегі сұрағына жауап бермеді. Ол бар болғаны "коронавирус науқастары емделіп жатқан медициналық мекемелерде дәрігердің коронавирустан қайтыс болуы тіркелмеген" деп мәлімдемесін қайталаумен шектелді.

Сондай-ақ министрдің сөзінше, Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы ғана "дәл және негізделген", ал кей сайттарда және әлеуметтік желілерде қайтыс болғандардың туыстары жинап жатқан деректер "расталмаған". "Өйткені зертханалық талдаусыз ешкім коронавирустың бар-жоғын айта алмайды" деді Абдуллозода.

Денсаулық сақтау министрі елде коронавирус ахуалы тұрақталғанын, бірақ індеттің екінші толқыны болуы мүмкін екенін айтты.

Азаттықтың тәжік қызметі – Озоди радиосы зерттеу жүргізіп, маусымның соңына дейін 152 адамның коронавирус инфекциясынан қайтыс болғанын растай алды. Ресми дерек бойынша, 26 маусым күні елде Covid-тен 52 науқас қайтыс болған. Бұл журналистердің дерегіндегі көрсеткіштен үш есе төмен.

Зерттеушілер сондай-ақ коронавирустан өлген болуы мүмкін деген 442 адамның аты-жөнін жариялады. Ол мәліметке сәйкес, Тәжікстандағы Covid марқұмдарының 72-сі – медицина қызметкерлері, 67-сі – білім беру саласының қызметкерлері.

Мысалы, Хатлон облысында 26 медқызметкердің өлімі тіркелген. Ресми құжаттарда, олардың 24-і пневмониядан қайтыс болған деп көрсетілген. Тек екеуінде ғана коронавирустың бары расталған. 5 шілде күні Худжанд перзентханасының бас дәрігері қайтыс болды. Перзентханада коронавирус науқастарын емдеген. Бас дәрігердің өлімінен соң оны карантинге жауып тастаған.

Тәжікстанда Covid-тен өлгендердің ресми статистикасына кірмей қалған марқұмдардың көбіне "пневмония" (өкпенің қабынуы) диагнозы қойылған. Алайда сөйте тұра, ол науқастарды жедел түрде карантинге жіберген. Сондай-ақ, жергілікті басылымдарда коронавирус науқастары емделіп жатқан ауруханаларда жеке қорғаныс заттарының жетіспей жатқаны хабарланған.

Ресми дерек бойынша, Тәжікстанда коронавирус 7060 адамнан анықталған. Оның 58-і қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG