Accessibility links

Мәскеуде армяндар мен әзербайжандар қақтығысып қалды


Желіде тараған видеода бірнеше ер адам армениялық нөмірі бар машиналарға зақым келтіріп, жүргізушісін ұрып жатқаны байқалады.
Желіде тараған видеода бірнеше ер адам армениялық нөмірі бар машиналарға зақым келтіріп, жүргізушісін ұрып жатқаны байқалады.

Ресей астанасы Мәскеуде армяндар мен әзербайжандар топ болып төбелесті. 25 шілде күні Мәскеу полициясы отыздан астам адамды ұстағанын, оларға төбелеске қатысты және тәртіпті бұзды деп айып тағып отырғанын хабарлады. 25 шілде күні Санкт-Петербург полициясы армяндар мен әзербайжандардың тағы бір қақтығысын болдырмау үшін ондаған адамды алдын ала ұстап әкеткен.

Мәскеудегі қақтығыс 24 шілде күні болған. Төбелес бір топ әзербайжан армяндарды соққыға жықаннан кейін басталған көрінеді. Желіде тараған видеода бірнеше ер адам армениялық нөмірі бар машиналарға зақым келтіріп, жүргізушісін ұрып жатқаны байқалады.

Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі құқық қорғау органына сілтей отырып 24 шілде күні бір топ әзербайжан армяндарға тиесілі құрылыс дүкеніне шабуыл жасады деп хабарлады. Дүкен Мәскеу қаласының Саларьево ауданында орналасқан.

Сол күні жеті армян Братислава көшесіндегі әзербайжан дәмханасын шабуылдаған.

Одан кейін армяндар мен әзербайжандар төбелесіп, қаладағы бір-біріне тиесілі дүкендер мен дәмханаларды шабуылдаған. Армения және Әзербайжан дипломаттары тараптарды тынышталуға шақырды. Бірақ мұның әсері бола қоймаған көрінеді. Қақтығыс одан әрі жалғасқан.

Ресейдегі Армяндар одағы мәлімдеме жасап, 24 шілде күні Ресей ұлттық қауіпсіздік қызметінің шенділері армян қауымдастығы өкілдерімен кездескенін, кездесу барысында қақтығысты қоздырғандар жазаланады деп уәде бергенін айтты.

Мәскеудегі топалаң Армения мен Әзербайжан елдері арасындағы қақтығыстың жалғасы болып отыр. 12 шілде күні екі ел шекарашылары бір-біріне оқ атып, Әзербайжан тарапы 12 сарбазының, соның ішінде генерал-майор Полад Хашимовтің қаза болғанын хабарлады. Армения төрт қызметкерінің қаза тапқанын мәлімдеді. Бірнеше күннен соң әскери қақтығыс басылғандай болды.

Әзербайжан мен Армения 1980 жылдардың соңында және 1990 жылдардың басында Таулы Қарабақ ауданы үшін соғысқан. Содан бері екі ел бір-біріне салқын қабақ танытып келеді.

1988-94 жылдары Әзербайжанның Таулы Қарабақ ауданында соғыс болып, 30 мыңға жуық адам қаза тауып, жүздеген мың жұрт босып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG