Accessibility links

Сәтбаевта "бала ұрлады" және "зорлады" деп күдікке ілінген адам екі айға қамалды 


Жастар кішкентай қызды ұрлады деп күдікке ілінген ер адамның пәтеріне терезе арқылы кіруге тырысып жатыр. Сәтбаев, Қарағанды облысы, 24 шілде 2020 жыл.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 5 жасар қызды "ұрлады" және "зорлады" деп күдікке ілінген 62 жастағы ер адам қамауға алынды. Күдіктінің екі айға қамалғанын Азаттық тілшісіне Сәтбаев қалалық сотының қызметкері хабарлады. Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

24 шілдеге қараған түні тұрғындардың бірі пәтерінде кішкентай қызды ұстап отыр деген ақпарат шыққан соң Сәтбаевта жүзден астам адам көшеге шығып, күдіктіні қолға тапсыруды талап еткен еді. Бұған дейін ішкі істер министрлігі сол кезде кейбір азаматтардың "бұзақылық" жасағанын, бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Тәртіпсіздікке байланысты қанша адамның ұсталғаны және қанша шығын келгені ресми түрде айтылған жоқ. Полиция мен әкімдік үнсіз.

Өткен жұмада билік халық толқуы кезінде "еш кінәсі жоқ адамдардың" шығынға ұшырағанын, бірақ нақты қандай мүліктің бүлінгенін айтпаған. Сәтбаев қаласынан түсірілген видеоларда полицияның қызмет көліктерінің бүлінгені, полиция ғимараты жанындағы қоқыс төгетін орынның өртенгені көрінеді.

24 шілдеге қараған түні Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында жоғалған қыздың қай пәтерде екені анықталған кезде ондаған адам күдіктінің пәтерінің маңына жиналған. Бірнеше жігіт күдікті пәтер терезесін сындырып, ішке кірмек болған. Тұрғындар оқиға орнына келген полицейлерден күдіктіні жазалау үшін оны қолға тапсыруды сұраған.

Жергілікті билік пен полицияның хабарлауынша, ауруханада тексерілген 5 жасар қыз қазір ата-анасының жанында.

26 шілдеде жергілікті ақпарат құралдарында кішкентай қыздың ата-анасының мәлімдемесі жарияланды. Онда мәлімдеме авторлары баланы табуға көмектескен еріктілерге алғыс айтқан. Бұған қоса қолданушылардан қызының суретін және оқиға туралы интернетте жалған ақпарат таратпауды сұраған. Ата-аналар сонымен бірге қаржылай көмекке зәру еместігін, өздері үшін ақша жинау қажет емес екенін айтқан.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG