Accessibility links

Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісіне коронавирус жұқты


Роберт О'Брайен (оң жақтан екінші) Сербия және Косово басшыларымен бірге тұр.
Роберт О'Брайен (оң жақтан екінші) Сербия және Косово басшыларымен бірге тұр.

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О'Брайенге коронавирус жұқты. Bloomberg таратқан ақпаратты дүйсенбі күні Ақ үй растады.

О’Брайеннің аурудың жеңіл түріне шалдыққаны айтылады, ол оқшауланып жұмыс істеп жатыр.

Associated Press агенттігі Трамп кеңесшісін Ақ үйде коронавирус жұққан ең жоғары лауазымды тұлға деп атады. Бұған дейін вирус аппараттағы бірқатар қызметкерлерден табылған. Ақ үй президент немесе вице-президентке вирус жұғу қаупі төнбегенін айтты.

Бұған дейін бірқатар мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерінің COVID-пен ауырғаны хабарланған еді. Олардың арасында Бразилия президенті және Ресей үкіметінің басшылары бар. Олардың барлығы жазылған. Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон реанимация бөлімінде жатып шыққан.

АҚШ-та күн сайын шамамен 50 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жатыр. Соңғы уақытта вируспен байланысты адам өлімі қайта көбейген. Кейбір күндері мыңнан астам адам қайтыс болған. Эпидемия басталғалы бері АҚШ-та 4 млн 300 мыңнан аса адамнан коронавирус табылған. Бұл мемлекет халқының бір пайызынан астамын құрайды. 150 мыңнан астам адам қайтыс болған. Вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан АҚШ әлемде бірінші орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG