Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстанда Құрбан айт кезінде мешіттерде намаз оқылмайды


Бішкектегі Айт намазы. 11 тамыз 2019 жыл.
Бішкектегі Айт намазы. 11 тамыз 2019 жыл.

Қырғызстанда Құрбан айт мерекесі кезінде мешіттерде намаз оқылып, қоғамдық шаралар өткізілмейді. Бұл туралы Қырғызстанның мұсылмандар діни басқармасы хабарлады. Басқарма коронавирус індеті таралмас үшін осындай шешім қабылдап отырғанын айтты. Биыл Құрбан айт мерекесі шілденің 31-і мен 2 тамыз аралығында өтеді.

"Барлық мұсылмандарды түсіністікпен қарауға және Құрбан айт мерекесін отбасында атап өтуге шақырамыз" делінген мүфтият мәлімдемесінде.

Өткен аптада Қазақстанның мұсылмандар басқармасы 2 тамызға дейін карантин күшінде болғандықтан Құрбан айт кезінде мешіттерде намаз оқылмайды деп мәлімдеген еді. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 27 шілдеде құрбандыққа шалынатын малдарды заңсыз тасымалдауды тоқтату үшін Алматыға кіреберісте блокпост қойылатынын айтқан. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қала аумағында мал союға тыйым салынған. Алматы қаласының кіреберісіндегі блокпостар 27 шілде мен 2 тамыз аралығында істейді.

Жыл сайын Меккеге қажылық жасау аяқталған кезде әлем мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Бұл күні олар құрбандыққа мал сойып, етін жағдайы нашар отбасыларға таратады. Өткен айда Сауд Арабиясы билігі коронавирус індетіне байланысты шетел азаматтарының Мекке мен Мәдинаға қажылық жасай алмайтынын хабарлаған.

10 шілдеде Қырғызстанның мұсылмандар басқармасы мешіттерде жұма намазын оқуға тыйым салған болатын. Мешітке барушылар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы қажет.

Ал Қазақстанда діни орындар 5 маусымнан бастап жабық. 3 тамызда елде карантин шаралары жұмсаруы мүмкін, алайда ресми орындар мешіттер жабық күйде қалады деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG