Accessibility links

Министр Цой пневмонияны Covid статистикасына бірден қоспауының себебін түсіндірді


Алексей Цой.

30 шілде күнгі баспасөз мәслихаты кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пневмонияны covid статистикасына бірден қоспауының себебін түсіндірді. Министрдің айтуынша, ол үшін "дайындық керек" болған.

– Қазақстанда барлық деректер электронды форматта жинақталады. Біз үшін бірінші кезекте пневмония жағдайларын дұрыс анықтау маңызды болды. Ақпараттық жүйеге дерек енгізетін әрбір дәрігер кәдімгі пневмония мен белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияны нақты ажырата алуы тиіс. Сол үшін біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау мамандарымен бірге қазақстандық барлық дәрігерлерді оқыттық. Екіншіден, кодировканың өзгеруіне байланысты ақпараттық жүйеге өзгеріс енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мейлінше ауқымды жұмыс, – деді брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министр.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап коронавирус белгілері бар пневмония жеке код ретінде бөлініп, есептеле бастайды. Бұған дейін анықталған пневмония есебінде "аурудың аралас түрлері" болғандықтан министрлік бұған дейінгі пневмонияға шалдыққандар санын (234 187) жаңа дерекке қоспау туралы шешім шығарған.

Қазақстан көршісі Қырғызстан вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қосатынын 16 шілдеде жариялап, ертесінде көшіп кеткен еді. 30 шілде күнгі брифинг кезінде бұл туралы министр "әр мемлекеттің өз есептеу жүйесі бар" деп қысқа қайырды.

Бейсенбі күні министр Қазақстанда пневмониядан қанша адам қайтыс болғанын да айтпады. "Барлық деректі 1 тамыз күнгі брифинг кезінде айтамыз" деді ол.

Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған. Министрлік індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған. Бірақ өткен аптада Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген. Бұл мамандар арасында түрлі сұрақ туғызған.

Қарай отырыңыз: Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі? (23 шілде 2020 жыл).

Дауға айналған коронавирус статистикасы. Есеп қалай жүргізіледі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:43 0:00

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған.

23 шілдеде министр Цой 20 күн ішінде 63 491 адам пневмонияға шалдығып, ауруханаға түсті, қазір ауруханаларда 45 мың науқас пневмониядан емделіп жатыр деп айтқан еді.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG