Accessibility links

Марқұм Ағаділдің ауылында "заңсыз шеру жасады" деп айыпталған белсенді Айтжанов он күнге қамалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақмола облысы Целиноград аудандық соты 2 тамызда кешке жақын 53 жастағы Алматы тұрғыны Серік Айтжанов үстінен қозғалған әкімшілік істі онлайн режимінде қарады. Сот 24 шілде күні "заңсыз шеруге" қатысты деп айыпталған белсендіні он күнге қамады. Айыптау тарабының мәліметінше, акцияға қатысқан жүзден аса адам Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылында марқұм Дулат Ағаділдің асармен салынып жатқан үйінен бастап ол жерленген зиратқа дейін "шеру жасап жүрген".

2 тамызда Алматыда күндіз ұсталған Серік Айтжанов сот отырысына видеоконференцияның көмегімен Алмалы аудандық полиция басқармасынан қатысты. Оны адвокат Жанар Балғабаева қорғады. Адвокат қаладағы кеңсесінен қатысты. Сот алматылық блогер, белсенді Қанат Жақыповтың онлайн отырысқа қатысуына рұқсат берген. Блогер Facebook желісінде тікелей эфирде хабар таратты.

Прокурордың айтуынша, Серік Айтжанов "Бейбіт жиын өткізу тәртібі" туралы заңды "қасақана бұзып, жергілікті биліктің рұқсатынсыз өткен шеруге қатысқан". Екатеринбург - Алматы бағытындағы трасса мен орталық жолда "Дулат Ағаділ" деп айқайлап, шеру жасап, қозғалысқа кедергі келтірген жүзден аса адамның арасында болған.

Серік Айтжанов өзіне тағылған айыппен келіспеген. Адвокат Жанар Балғабаева сот отырысы аяқталғаннан кейін Азаттыққа сот қаулысын апелляцияға беретінін айтты.

Серік Айтжанов 13 маусым күні Алматы орталығында өткен "Субботаж" шеруіне қатысып, бес күннен кейін оған сол үшін 30 АЕК көлемінде (83 340 теңге немесе шамамен 200 доллар) айыппұл салынған еді.

Биыл ақпан айында азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған. 25 ақпанда Ағаділ Еуропарламент депутаттарымен кездесуі тиіс болған. Алайда 24 ақпанда түнде штаттық киім киген қызметкерлер оны үйінен ұстап әкеткен. Ертесінде таңертең полиция оның тергеу изоляторында қайтыс болғанын хабарлады. 43 жастағы Дулат Ағаділдің өлімінен кейін Қазақстанның бірнеше қаласында оны еске алу акциялары мен қаралы жиындар өтті. Оған қатысушылар "белсендінің жүрегі тоқтады" деген ресми мәліметке сенбейтінін айтып, оның өліміне билікті кінәлаған.

Оқи отырыңыз: Прокуратура Ағаділ өліміне байланысты істі тоқтатты. Туыстары шешіммен келіспейді

Қазақстандық құқық қорғаушылар Дулат Ағаділдің өлімін "саяси тапсырыс" деп атап, оның өлімін ашық әрі әділ зерттеуді талап еткен. АҚШ мемлекеттік департаменті, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі және ЕҚЫҰ демократиялық институт және адам құқығы жөніндегі бюро жетекшілігі Қазақстан билігін белсендінің өлімін ашық зерттеуге шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG