Accessibility links

Прокуратура Ағаділ өліміне байланысты істі тоқтатты. Туыстары шешіммен келіспейді


Алматыдағы наразылық шарасы кезінде белсенді Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған адам.
Алматыдағы наразылық шарасы кезінде белсенді Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған адам.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтағаны белгілі болды. Мамырдың 28-і күні Нұр-Сұлтан прокуратурасы "арнайы комиссия Ағаділдің денесінен жарақат іздерін таппағанын" мәлімдеді. Белсендінің туыстары қайта шағымданбақ.

ПРОКУРАТУРА МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының хабарлауынша, белсендінің өлімін зерттеген арнайы комиссия "Ағаділ жүрек аурулары асқынғандықтан қайтыс болды" деген қорытынды жасаған.

"Тәжірибелі сот-медицина сарапшылары мен жоғары санаттағы кардиологтардан құралған комиссия Ағаділ өлімінің себептерін мұқият зерттеді. Олар Ағаділдің миокард инфарктінен қайтыс болғанын анықтады. Марқұмның артерия тамырлары түйіліп, қан ұюы бұзылғандықтан түйнек пайда болған, соның әсерінен жүректің сол жақ қарыншасында қан айналысы нашарлаған. Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша комиссияға енген сарапшылар да бар" делінген хабарламада.

Прокуратура Ағаділді қайтыс болардың алдында бірнеше сағат бұрын түнде үйінен ұстап әкеткен полиция қызметкерлерінің әрекетін заңды деп санайды. Орган "Комиссия мүшелері Ағаділ денесінен жарақат таппағандықтан, мамырдың 25-і күні Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанын" мәлімдеді.

Биыл ақпанның 24-і түнде қарапайым киімдегі бірнеше адам 44 жастағы белсенді Дулат Ағаділді үйінен тергеу изоляторына алып кеткен. Ертесіне Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды. Ішкі істер министрлігі белсендінің "жүрек талмасынан" қайтыс болғанын хабарлады.

Видео: Белсенді Дулат Ағаділдің ақтық сапары.

Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00

Полиция департаменті баспасөз қызметі белсендіні тергеу изоляторына әкетуді "биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, "ешқайда кетпеу" туралы шара қолданылған, тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынды" деп түсіндірген еді.

АҒАДІЛДІҢ ЖАҚЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұханбетова мамырдың 28-і күні Азаттық тілшісіне қылмыстық істің тоқтағанын білмейтінін айтты.

- Хабарым жоқ. Тоқтады деп кім айтты? Бізге айтқан жоқ. Өткенде адвокат келіп кеткен. Одан кейін хабар жоқ. Мамырдың 25-і күні хабарласамын деп еді. Ешкім хабарласпады, - деді ол.

Дулат Ағаділдің жұбайы Гүлнара Қасымханова прокуратураның бұл шешімімен мүлде келіспейтінін, қайта шағымданатынын жеткізді.

Белсенді қазасынан кейін, ақпанның 27-сі күні әлеуметтік желіде тараған Ағаділ мәйітінің видеосында оны түсірген адам марқұмның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар - биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлады.

Ақпанның 28-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынады. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санап, биліктен тергеуді әділ жүргізуді талап етіп келеді.

Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтерген белсенді. 2019 жылы бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.

"Назарбаев кетпей демократия болмайды". Ағаділдің Азаттықта сақталған видеолары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG