Accessibility links

Өткен тәулікте 1 069 адамнан коронавирус табылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда өткен тәулікте 1 069 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы 3 тамызда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Соңғы төрт аптада алғаш рет вирус жұқтырғандар 1200-ден төмен түсті. Осыдан шамамен бір ай бұрын 6 шілдеде билік 1 109 адамға вирус жұққанын хабарлаған болатын.

Жексенбі күні әсіресе Нұр-Сұлтан (+221) мен Алматыда (+207) вирус жұқтырғандар көп табылған. Шығыс Қазақстан облысында 102 науқас тіркелген. Қызылорда облысында - 7, Маңғыстау облысында 12 науқас анықталған. Ақтөбе облысында Covid жұққан жаңа науқас табылмаған. Қалған облыстарда ондаған адамға вирус жұққан.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірге пневмонияға шалдыққандар туралы мәлімет жарияламады. 2 тамызда ведомство коронавирус пен пневмония статистикасын бөлек-бөлек жариялаған. Coronavirus2020.kz сайтындағы мәлімет әзірге жаңарған жоқ. Онда 1 тамыз күнгі ақпарат әлі тұр.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда барлығы 92 662 адамға коронавирус жұққаны расталған. Бұған белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар енгізілмеген. 26 шілде күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 793 адам коронавирустан қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 1 тамызға дейінгі тіркелген пневмония есебін жалпы статистикаға қоспау туралы шешімі және белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияны бөлек есептейтіні қоғамда шынайы эпидемиологиялық ахуалды көрсететін дерек жасырылады деген күдікті үдеткен.

Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған. Министрлік індеттен кейін күрт өршіген пневмония статистикасын COVID есебіне қосатынын хабарлаған. Бірақ ізінше Алексей Цой коронавирус пен пневмония көрсеткіштері жеке көрсетіледі және оған бұған дейін тіркелген пневмония есебі (234 187) қосылмайды деп мәлімдеген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Оның 32 мыңы - маусым айында, 135 641 - шілде айының алғашқы жартысында тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG