Accessibility links

Нұр-Сұлтанда саудагерлер биліктен базарды ашуды талап етті


"42500 теңгенің керегі де жоқ". Нұр-Сұлтанда саудагерлер базарды ашуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

3 тамызда Нұр-Сұлтанда "Артем" сауда орталығынан бутик жалдаған ондаған кәсіпкер наразылық акциясын өткізіп, биліктен сауда үйін ашуды талап етті. Олар барлық санитарлық-дезинфекция талаптарын сақтайтынын айтып, тек жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрады.

– Барлық талаптарды орындаймыз. Бізге тек жұмыс істеуге мүмкіндік берсін! Бізге 42 мың теңге керек емес. Не үшін салық төлейміз? Қанша жылдан бері өтеп келеміз. Неге олар ақшаны жеп қояды? Олар бүкіл "Артем" базары жұмыс істеп тұр дейді. Шын мәнінде бірінші қабат қана істеп тұр. Қалғаны алтыншы қабатқа дейінгілер – жабық, – дейді кәсіпкер Ботагөз Сәрсембаева.

Кәсіпкерлер бұған дейін санитарлық талаптардың барлығын орындағанын, соған қарамастан нысанды жауып тастағанын айтты.

– Біз карантин кезінде мүлде ақшасыз қалдық. Бізге не жәрдемақы берген жоқ, не жұмыс істетпейді. Сонда біз қалай өмір сүруіміз керек? Көптеген жеке кәсіпкерлердің жалғыз баспанасы кепілдік ретінде тұр. Олар тауарды айналымға енгізу үшін банктен несие алған. Үш айдан бері бизнесіміз тұралап қалды. Банкроттық алдында тұрмыз. Әрең өмір сүріп жатырмыз. Бұлай жалғаса берсе, вирустан емес, аштан өлетін түріміз бар. Көптеген тұрғындардың азық-түлік алуға ақшасы жоқ. Біз қалай несиемізді төлейміз? – дейді кәсіпкер Айжан Дәменова.

Эмоцияға беріле сөйлеген кәсіпкерлер сол жерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, қол жинады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, дауыс үдеткішпен оларға "әлеуметтік ара қашықтықты сақтау қажеттігін" айтып ескертті.

Сәлден соң акция өтіп жатқан жерде қала әкімінің орынбасары келді. Ол барлық шешімді қаланың бас санитар дәрігері қабылдайтынын айтты.

- Қалалық бас санитар дәрігердің қаулысымен базарды жабу туралы шешім қабылданған. Санэпидстанция мамандары жағдайды бақылап қарап отыр. Вирус жұқтырғандардың көбеюі немесе азаюына байланысты қай жерлер ашылады, қай жерлер жабылады, карантин уақытын ұзарту сияқты шешімдеп қабылданады. Егер олар бүгін "ашыңдар" десе бүгін ашамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ, - деді әкімдік өкілі.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт өршігендіктен 5 шілдеде карантин шаралары қайта күшейіп, ірі базарлар, сауда орындары жабылып, кейбірінің жұмысы шектелген болатын. Өткен аптада карантин 16 тамызға дейін ұзартылды. Бұған дейін вице-министр Ералы Тоғжанов 16 тамызда карантин шаралары аяқталғаннан кейін жұмысына тыйым салынған сауда нысандар, қызмет көрсету орындары қайта ашылады, бірақ олар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс болады, егер орындамаса қайта жабылып, айыппұл салынуы мүмкін деген еді.

Бұған дейін Қазақстанның өзге аймақтарында да кәсіпкерлер карантин кезінде қаржылай қиындыққа ұшырағанын айтып, сауда орындарын ашуды талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG