Accessibility links

BBC: Иран вирустан қайтыс болғандар санын айтарлықтай кемітіп көрсеткен


Коронавирус жұққандарды емдейтін ауруханалардың бірі. Иран.
Коронавирус жұққандарды емдейтін ауруханалардың бірі. Иран.

Иран үкіметі коронавирус жұққандар мен одан қайтыс болғандар туралы мәліметті айтарлықтай кемітіп көрсеткен. Британдық BBC сайтына анонимді түрде жіберілген үкімет құжаттары осыны көрсеткен.

Құжаттардағы мәліметке сәйкес, 20 шілдеге дейін Иранда коронавирустан 42 мың адам қайтыс болған. Алайда Иран денсаулық сақтау министрлігі осы уақыт аралығында 14 405 адамның ғана вирустан көз жұмғанын хабарлаған.

BBC сайтына анонимді түрде жіберілген құжаттарда ауруханаға түскендердің аты-жөні, жасы, жынысы, симптомдары және ауруханада емделу ұзақтығы сияқты мәліметтер көрсетілген. Онда сонымен бірге науқастардың жағдайы да сипатталған. BBC сайты бұл деректердің емделген және қайтыс болған науқастар туралы ақпаратпен сәйкес келетінін айтады.

Иран – эпидемияның алғашқы кезеңінде коронавирустан көбірек зардап шеккен елдердің бірі. Бұған дейін Иран үкіметі жариялаған мәліметтерге күмән де болған. BBC сайтының жазуынша, құпия дереккөзі жіберген құжаттар Иран үкіметінің вирус жұққан науқастар санын айтарлықтай кемітіп көрсеткенін дәлелдеген. Бұған дейін халықаралық сарапшылар Қытай үкіметі жариялаған коронавирус мәліметіне де күмән келтірген.

Иран үкіметінің мәліметінше, эпидемия басталғалы бері елде 312 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. 270 мыңнан астамы жазылған. 17 405 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG