Accessibility links

Денсаулық сақтау министрлігі: Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар 1 091 адамға жетті


Сәкіде отырған адамдар. Көрнекі сурет.
Сәкіде отырған адамдар. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 1 091 адам қайтыс болды. Бұл туралы 4 тамыз күнгі үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

"3 тамыз күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда барлығы 93 820 адамға коронавирус инфекциясы жұққан. Олардың 27 597-і емделіп жатыр, 65 132 адам жазылған, 1 091 адам қайтыс болған" деді министр.

Ведомство 2 тамызда кешке қарай 1 058 адам қайтыс болды деп мәлімдеген еді, осылайша қысқа уақыт аралығында Covid-тен қайтыс болғандар саны 33 адамға көбейген. Бұл статистикаға коронавирус анықталған қайтыс болған жүздеген адам өлімі енбеген. Арнайы комиссия олардың "коронавирустан емес, ілеспе аурулардан қайтыс болғанын" айтады. Елде ресми дерекке күмән келтіретіндер де бар.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды және одан қайтыс болғандарды нөлден бастап жаңадан есептеп, күн сайын жариялап отыратынын айтқан еді. Соңғы мәлімет бойынша, бірнеше күн ішінде осындай ауруға шалдыққан 5 979 науқас анықталған, 51 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. 1 тамызға дейін тіркелген науқастар бұл есепке енбеген. Министрлік олардың арасында "коронавирусқа ұқсайтын" пневмониямен қатар өзге түрлеріне шалдыққандар болғандықтан оларды жаңа есепке қоспайтынын айтқан. Ведомство 3 тамыз күнгі "пневмония статистикасын" әзірге жарияламады.

Қазақстанда 5 шілдеде коронавирус індетіне байланысты карантин шаралары қайта күшейіп, өткен аптада тағы екі аптаға - 16 тамызға дейін ұзартылған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG