Accessibility links

Полиция Мамай жақтастарын Ақордаға жолатпады, бірақ несиені кешіру туралы өтінішті тапсырды


"Демпартия" Ақордадан халықтың несиесін кешіруді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:00 0:00

4 тамызда Нұр-Сұлтанда белсенді Жанболат Мамай бастаған "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастама топ өкілдері Ақордаға барып, несиені кешіру туралы 97 мыңнан астам тұрғынның өтінішін тапсырмақ болды. Жиналғандар арасында көп балалы аналар, партияға қатысы жоқ адамдар да болды. Бірақ полиция мен арнайы жасақ өкілдері оларды Ақордаға қарай жібермеді. Полиция қызметкерлерінің саны жиналған азаматтардан әлдеқайда көп болды. Олар айналаны қоршап, әр жерде бірнеше автозактар дайын тұрды.

Несиені кешіру туралы өтініштерді Ақордаға тапсырмақ болған белсенділер мен тұрғындар жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Несиені кешіру туралы өтініштерді Ақордаға тапсырмақ болған белсенділер мен тұрғындар жиналып тұр. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

Шамамен 40-50 шақты адам Ақордаға айналып бармақ болған кезде де полиция қызметкерлері "карантин талаптарын алға тартып" әрі қарай өткізбеді.

Ақордаға апаратын жолда жұрт жиналып тұрған кезде ақыры президент әкімшілігі кеңсесінің өкілі келіп, мән-жайды сұрады. "Демпартия" өкілдері оларға 97 мыңнан астам адамның өтініші жазылған бума-бума хаттарды тапсыруға келгенін айтты. Олардың айтуынша, бұған қоса электронды түрде толтырылған өтініштер де бар.

Президент әкімшілігі кеңсесінің өкілі оларды қабылдап алатынын айтып, карантин талаптарына байланысты жиналғандар арасынан бірнеше адамның ғана кеңсе ішіне кіруіне рұқсат берді. Президент әкімшілігінің өкілі кешке дейін "Демпартияның" екі өкілімен өтініштерді санап шығатынын, қабылданғаны туралы квитанция беретінін айтты. Тек осыдан соң жиналған топ тарай бастады.

Былтырдан бері "Демократиялық партия" құруға талпынып, жақтастарын жинап жүрген саясаткер Жанболат Мамай соңғы уақытта несие кешіру туралы бастаманы жиі көтеріп жүр. Биыл індетке байланысты жұмыс орындары тоқтап, табыссыз қалған азаматтар саны көбейген шақта Мамай Азаттыққа берген сұхбатында "жұрт несиені қымбат автокөлік немесе керексіз дүние сатып алуға емес, күнделікті қарызын жабуға алып отыр, бұл идеяға қарсыларды кездестірмедім" деген еді. Кейбірі мұны "популистік идея" деп атаса, кейбірі қолдаған.

Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың несиесінен 300 мың теңге кешірген кезде "салық төлеймін, несиемді де жауып отырмын, менің төлеген салығымнан басқа адамның несиесін төлеуге қарсымын" дегендер де болған. 2019 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл соңына дейін "жеңілдік алуға құқығы бар" қосымша 57 мыңға жуық адамның несиесі кешіріледі деп мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз: Билік кешірген кредит біреуді қуантып, біреуді мұңайтты

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG