Accessibility links

Билік кешірген кредит біреуді қуантып, біреуді мұңайтты


Әлеуметтік мәселелерін шешу талабымен Ақорда маңына жиналған әйелдер. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы жарлығымен 500 мыңнан астам адамның кредиті кешірілді. Бір реттік акцияны сарапшылар "халықтың көңілін аулау саясаты" деп санайды.

"ТОСЫН СЫЙ"

Қаржыдан қысылғанда банктен кредит алғандардың бірі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ділмира Маймақова таяуда күтпеген жаңалыққа кез болған. Ол ұялы телефонына "кредитіңіздің 300 мың теңгесі төленді" деген SMS хат келгенде өз көзіне өзі сенбегенін айтады. Бастапқыда таңырқаса да мән-жайды білген соң қатты қуанған. "Ақша ұтып алғандай болдым" дейді өзі.

"Неке тіркеу орталығы" сыртында кезек күтіп тұрған адамдар. Атырау, қыркүйек, 2019 жыл. azh.kz сайтындағы сурет.
"Неке тіркеу орталығы" сыртында кезек күтіп тұрған адамдар. Атырау, қыркүйек, 2019 жыл. azh.kz сайтындағы сурет.

Қазір ол банкпен арадағы кредит хикаясын жымиып еске алады. 2018 жылы Ділмира екінші деңгейлі банктердің бірінен үш жылда пайызымен қайтаратын болып 500 мың теңге кредит алған. Сөйтіп ай сайын банкке 29 мың теңге аударып келген. Қалтасына айтарлықтай салмақ түссе де келісімшартты орындауы тиіс.

Таяуда кезекті айдың кредитін төлеуге оқталып отырғанда SMS хат келген. Әдеттегі хаттың бірі болар деп ашып қалғанда "300 мың теңге кредитіңіз төленді" деген жазу жарқ ете қалған.

- Көзіме оттай басылған SMS-ті сақтап қойдым. Міне, "берешегіңіз 34 мың 889 теңге деп тұр" деп күледі ол. Ділмира арқасынан ауыр жүк түскендей болғанын, қалған берешегінің жарасы жеңіл екенін айтады. Оның айтуынша, биліктің банктерге нұсқау беріп, үш жүз мың теңге кредитті кешіргені қарапайым жұртқа зор демеу болған.

Ділмира таяуда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "әлеуметтік жағдайы нашар адамдардың кредиттерін кешіру" жайлы жарлығын айтып отыр. Тоқаевтың бұл жарлығы Қазақстанда әуелі ұзынқұлақпен тез тараған. "Кредитімізді мемлекет өзі төлеп тастайды екен" деген қаңқу сөздер желдей есіп, әркімнің-ақ үміттеніп қалғаны байқалған. Алайда кредиттің бәрі бірдей кешіріле бермейтін болып шықты.

"ҮЗІЛГЕН ҮМІТ"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президент жарлығының ізінше "кредиті кешірілетін адамдарға қойылатын талаптың" тізімін жариялады. Банктерге жаппай ағыла бастаған жұрттың ішінде министрліктің талабына сай келмейтіндердің жеткілікті екені белгілі болды.

Әлеуметтік мәселелерін шешу талабымен Ақордаға қарай өтпек болған әйелдердің жолын бөгеп тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Әлеуметтік мәселелерін шешу талабымен Ақордаға қарай өтпек болған әйелдердің жолын бөгеп тұрған арнайы жасақ өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Соның бір тобы қыркүйек айының басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне барып, олардың қойып отырған талабы "жұртты алалау" деп санайтынын білдірді. Министрлікке Жамбыл облысының Қордай ауылынан арнайы келген зейнеткер Лесгүл Дүйсенова "биліктің біреуді жарылқап, біреуді ұмытқаны жөн емес" деп санайды.

- 76 мың теңге зейнетақымның 65 мыңымен кредит жауып отырмын. Билік кешіргіш болса, жұрттың бәрінің кредитін кешірмей ме?! Біз жетісіп жүрміз бе? Халықты алаламау керек қой, - дейді ол.

Биліктің әлеуметтік саясатына наразы әйелдер парламент сенатының депутаты Ләззат Сүлейменге (ортасында) талаптарын айтып жатыр. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл.
Биліктің әлеуметтік саясатына наразы әйелдер парламент сенатының депутаты Ләззат Сүлейменге (ортасында) талаптарын айтып жатыр. Нұр-Сұлтан, 19 қыркүйек 2019 жыл.

Биліктің жұртты "алалағанына" Лесгүл Дүйсенова секілді көңілі толмайтын Гүлдерай Жылқыбаева бес балалы болса да көп балалы отбасыларға берілетін 21 теңге атаулы әлеуметтік көмекке ілінбеген. Оның үстіне кредит кешіру талаптарына да сай келмеген.

- Атаулы әлеуметтік көмек берсе кредитті өзім-ақ жабар едім. Қазір бес балама 10 мың теңге жәрдемақы аламын. Мемлекет әр балаға айына 2 мың теңге жәрдемақы беріп отыр деген сөз, - дейді ол.

Кредиті кешіріліп, қуанып жүрген Ділмира Маймақова сияқтылар да, оған ілінбей қалған өкпелілердің де сырттай қарағанда уәждері орынды секілді көрінеді. Азаттық бұл мәселе жайлы парламент депутаттары мен қаржы сарапшыларынан сұрап көрдік.

"БІР КЕШІРГЕН ҮКІМЕТ ТАҒЫ КЕШІРМЕЙ МЕ?"

Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова халықтың кредиті кешірілгені дұрыс болды деп санайды. Оның пікірінше бұл қадам - "мұқтаждық қысқан жұртты ашындырмаудың бір жолы".

- Кредиті кешірілгендер арасында мұқтаждық қыспаған адамдар болуы да мүмкін. Соны көргенде әртүрлі ой келетіні рас. Дегенмен, көп адам кредитті мұқтаждықтан алды деп ойлаймын, - дейді ол.

Депутат "осындай бір рет көмек арқылы елдегі тұрмысы төмен отбасылардың 45-50 пайызына жақсылық жасалды" деп есептейді.

Кредит амнистиясын талап етіп келген наразылар "Нұр Отан" партиясының өкілімен сөйлесіп отыр. Алматы, 21 мамыр 2019 жыл.
Кредит амнистиясын талап етіп келген наразылар "Нұр Отан" партиясының өкілімен сөйлесіп отыр. Алматы, 21 мамыр 2019 жыл.

Мәжілістің тағы бір депутаты Нұртай Сабильянов та кредит кешіруді дұрыс шешім деп санайды.

- Мәселен мемлекет банктерге миллиардтаған доллар қаржымен көмектесіп жатыр. Ал, бұл жолы халыққа тікелей көмектесті, -дейді ол.

Экономист Қасымхан Қапаров кредиті кешірілгендерге де, кешірілмегендерге де түсіністікпен қарайды.

Қасымхан Қапаров.
Қасымхан Қапаров.

- Мұқтаждарға жақсылық жасаған дұрыс-ақ. Алайда мұқтаж бола тұра кредит алмағандар немесе кредитінен кеше ғана құтылғандар бар емес пе? Кредит өзінен өзі жабылмайды, оған мемлекет ақшасы, яғни салық төлеушілердің ақшасы жұмсалады. Ол ақшаны, мысалы, зейнетақы мен жәрдемақыны көбейтуге жұмсауға болар еді, - дейді Ekonomist.kz онлайн жобасының жетекшісі Қасымхан Қаппаров.

Оның пікірінше, "кредитті кешіру" акциясы бір рет жасалса да масылдық психологияны оятуы әбден мүмкін. "Бір рет кешірген мемлекет екінші рет кешіреді" деп кредит алатындар табылады дейді сарапшы.

"ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІН АУЛАУ САЯСАТЫ"

Кредиттерді банктер жапқанымен банктерге ақшаны мемлекет беріп отыр. Онда бұл айналып келгенде банктерге жәрдемдесу болып шықпай ма де деген де пікірлер бар.

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов мұндай жеңілдік екінші рет қайталанбайтынына сенімді.

Оның айтуынша, қазір банктер мемлекеттік көмекке мұқтаж емес, олардың күні "кредитті кешіруге" қарап қалған жоқ. "Әрине, кей ретте банктер де пайда тауып қалуы мүмкін. Өйткені дер кезінде төленбей жатқан проблемалы кредиттерді жабуға жақсы. Бірақ проблемалы кредиттер аз" дейді ол.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың ойынша, биліктің "кредит кешіру" акциясына қаржы-экономикалық көзқарастан гөрі саяси-әлеуметтік көзқараспен қараған дұрыс. Билікке жаңадан келген Тоқаев осы арқылы халықтың көңілін аулағысы келеді" деп топшылайды сарапшы.

Расул Рысмамбетов.
Расул Рысмамбетов.

- Бұл акцияны мемлекеттің халықтың ахуалын ескеріп отырғандығының белгісі деп түсінген дұрыс. Билік осы арқылы қарапайым халықтың бойына "мемлекет проблеманы шеше алады" деген сенім ұялатуды көздегенге ұқсайды, - дейді Рысмамбетов.

Оның пікірінше, кешірілетін кредиттердің бір бөлігін ғана төлеуі мүмкін. Сондықтан шығынның бір бөлігі банктердің мойнына ілінуі ықтимал. Қай банктің қанша қаржы жұмсалғаны кейінірек белгілі болады.

Биыл маусымның 26-сына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен топтардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиттерін өтеу туралы жарлыққа қол қойған.

Жарлыққа сәйкес, маусымның 1-іне дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешіріледі.

Президент жарлығында тұрмысы төмен топтардың кредитін өтеуге қаржының қайдан алынатыны айтылмаған. Қазақстандық басылымдардың жазуынша, маусымның 26-сы күні БАҚ өкілдеріне жүлде тапсыру рәсімінде сөйлеген Тоқаев өзінің бұл жарлығын "көмекке мұқтаж азаматтарға бұрын-соңды болмаған жәрдем" деп бағалаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, жарлық аясында кредит алғандардың 55 пайызының, яғни 250 мың тұрмысы төмен адамның кредиті есептен толық шығарылып, қалған борышкерлердің 300 мың теңге қарызы өтеледі.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылған. Осы оқиғадан соң Қазақстанның бірнеше қаласында көп балалы әйелдер наразылығы өткен. Көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырған әйелдер үкіметтің әлеуметтік көмегін сынап, биліктен жағдайы төмен азаматтарға мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемді күшейтуді талап еткен.

Ақпанның 6-сы күні Нұр-Сұлтандағы Астана концерт залындағы жиында әйелдер билікке "бір реттік науқан ретінде басында баспанасы жоқ, бірақ банктен несие алған аналардың бір мың айлық есептік көрсеткіші мөлшеріндегі несиесін кешіру" туралы талап қойған. Алматы мен Шымкенттегі наразылық кезінде де әйелдер кредитін төлеуге қиналып отырғанын айтып, үкіметтен жеңілдік сұраған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG