Accessibility links

"Несиесі кешірілмеген" азаматтар шағымы және Теміртаудағы "сапасыз баспана" дауы


"Неке тіркеу орталығы" сыртында кезек күтіп тұрған жұрт. Атырау, қыркүйек айы 2019 жыл.

Осы аптада аймақ баспасөзі республиканың түкпір-түкпірінде "несиесі кешірілмеген" ондаған, жүздеген азаматтың мемлекеттік органдарға шағымданып, тізімге енбей қалуының себебін білмек болғанын жазды. Жергілікті сайттар сонымен бірге Теміртауда мемлекеттік бағдарлама бойынша көп балалы отбасыларға арнап салынған тұрғын үйден жарықшақ шығып, бір жаққа қарай қисайып бара жатқанын, құрылыстың аяқталуын тағатсыздана күткен отбасылардың "жаңа үйге кіруі" кейінге шегерілгенін жазды.

ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕК

"Ақжайық" басылымы осы аптада Атырауда "Неке тіркеу орталығы" ғимараты алдындағы ұзын-сонар кезек туралы жазды. Таңғы төрттен бастап, кезекке тұрған азаматтар некесін ортақ базаға енгіздіріп, осылайша "несиесі кешірілетін азаматтар" тізіміне енем бе деп үміттенген.

Қазақстанда қыркүйек айының басында президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 500 мыңнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілген еді. Оған бюджеттен 106 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Қарай отырыңыз: "300 мың теңге аз". Несие кешіруге қатысты жұрт пікірі. Алматы (13 қыркүйек 2019 жыл).

"300 мың теңге аз". Несиені кешіруге қатысты жұрт пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Орталыққа ағылған адамдардың көп болғаны соншалықты орталық жұмысын уақытша Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде жалғастыруға мәжбүр болған.

Басылымның жазуынша, "мәдениет үйінің алдына негізінен көп балалы аналар жиналған, бәрінің шағымы бір: "ҚР азаматтарының борыштық жүктемелерін азайту шаралары туралы" президент жарлығына сәйкес, несиесі кешірілуі тиіс адамдар тізіміне енгізілуі тиіс болғанмен олар тізімде жоқ болып шыққан. Анықтама орталығы (111) оларға неке туралы куәлігін ортақ базаға енгізу үшін "Неке тіркеу орталығына" баруға кеңес берген".

"Біз неке туралы куәлікті ортақ базаға енгізумен айналысамыз. 2008 жылға дейін ондай болмаған, сондықтан кейбір отбасылар ортақ базада жоқ. Олар бізге құжаттарымен келіп, операторларымыз оларды ортақ базаға енгізуі тиіс болды. Біз несиені кешірумен айланыспаймыз десек те, көбі түсінбейді, көп балалы отбасы ретінде базадан шығып тұру үшін тек ортақ дерек қорға енгіземіз" деді неке сарайының өкілі Алмагүл Төремұратова.

Қыркүйектің 9-ы күні "Неке тіркеу орталығының" операторлары 500-ден астам адамды қабылдаған. Келесі күні кіре берісте жүзден астам адам тұрған.

"Мен бұл жаққа таңғы сағат алтыда келдім, қазір 11 болды. Әлі күтіп тұрмын. Өзім екінші топ мүгедегімін, көп балалы отбасымыз. Тізімге не себепті енбей қалғанымызды білмеймін, ешкім ештеңе білмейді. Енді кезек қашан келер деп күтіп тұрмын" деген көп балалы ана Роза Қазбекова.

Көп балалы ана Сапархан есімді тұрғын өткен жылы көзін Орынборда емдету үшін банктен 500 мың теңге қарыз алған. Айына 60 мың зейнетақысының 32 мыңын төлейді екен. Ол несиесін үнемі уақытында өтеуге мүмкіндік болмайтынын, сондықтан мемлекет несие төлеуін сәл жеңілдетер деген үміті барын жеткізген.

"Кеше осында екіден бастап алтыға дейін тұрдым - қабылдап үлгермеді. Операторлар үлгермей жатыр деп айтты. Бүгін тоғызда келдім, тағы күтіп тұрмын. Өзім көп балалы әкемін, қыста үйіміз суық болғандықтан баспанамды жөндетейін деп бір миллион теңге несие алғам. Мүмкін операторлар санын көбейтер немесе жұмыс уақытын созар?" деген Жанатбек есімді тұрғын.

Басылым "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының атқарушы директоры Мұрат Жұманбайдың Facebook-тағы парақшасында "тізімге ілінбей қалған азаматтардың не істеуге болатыны" жайлы шағын лайфхактарымен де бөліскенін жазған.

ТІЗІМГЕ ЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ОТБАСЫ ШАҒЫМЫ

"Уральская неделя" басылымы осыған ұқсас мәселе Оралда да туындап отырғанын, мүгедектігі бар бала тәрибиелеп отырған 57 жастағы Максим Дускалиевтің "несиесі кешірілген" азаматтар қатарына не үшін ілінбей қалғанын түсінбей отырғанын жазды.

"Тоқаев жарлығына сәйкес, отбасымыздың 300 мың теңгеге дейін қарызы жойылуы керек еді, бірақ бізге бағдарламаға ілінбегенімізді айтты. Негізі кішкентайынан бастап мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар тізімге кіруі тиіс деп айтқан болатын" деді Максим Дускалиев.

Ол бұл мәселені айтып, ұлттық банкке барған кезде оны халыққа қызмет көрсету орталығына жіберген. Ал орталық мамандары оның тізімде жоқ екені туралы құжат қана берген. Бұдан кейін кейбір мамандар "Неке тіркеу орталығына" бару қажеттігін айтқан. Қазір ол сол орталықтан жауап күтіп жүр. Басылымның жазуынша, Дускалиев акцияға ілінбей қалам ба деп уайымдаған.

"Біз ешқашан мемлекеттен көмек сұраған емеспіз. Ешқашан несие төлеуді кешіктірген емеспіз және несиелерді 1 маусымға дейін алғанбыз" деді ол.

Ұлттық банктің БҚО облыстық бөлімшесінің несие бөлімі Дускалиевке enbek.gov сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) теріп, тізімде бар жоғын тексеруге кеңес берген. Егер тізімде жоқ болса, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласуға кеңес берген.

"ҚОСЫМША ТІЗІМ ЖАСАЛЫНАДЫ"

Отырар телеарнасының хабарлауынша, Шымкентте де тізімге енбей қалған отбасылар ұлттық банк бөлімшесін барып, шағымданған. Мемлекеттік органдардың оларды не үшін тізімге енгізбей қойғанына әсіресе мүгедектігі бар балалар тәрбиелеп отырған әйелдер шамданған.

Ал банк өкілі тізімді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлегенін, мәселенің себебін солардан сұрау қажеттігін айтқан.

Министрлікке сілтеме жасаған ұлттық банк өкілі Әбілғазы Қалназаров "несиесі кешірілетін азаматтардың" қосымша тізімі жасалатынын, ол үшін жергілікті әкімдікке бару керектігін айтқан.

"ЖҰМСАЛҒАН МИЛЛИОНДАҒАН ТЕҢГЕ - САПАСЫЗ БАСПАНА"

"Новый вестник" сайты Теміртауда көп балалы аналар мен жағдайы нашар отбасыларға арналып салынып жатқан тұрғын үйден жарықшақ пайда болып, бір жаққа қисайып, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан бірнеше қабатты үйдің пайдалануға жарамсыз болып қалғанын жазды.

"Теміртауда баспана кезегін күтіп жүрген тұрмысы нашар отбасылар мен көп балалы отбасылар жаңа үйлердің құрылысы аяқталуын тағатсыздана күтіп жүрген. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға биыл берілуі тиіс болған үйден кенет жарықшақ пайда болып, үй бір жаққа қарай қисайған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған ғимарат қайта жөндеуден өтуі тиіс" деп жазды сайт. Сайттың жазуынша, жобаның жалпы құны 700 миллион теңгеден асқан.

"Құрылысы аяқталмаған үй апатты жағдайда тұр, оны қайта қалпына келтіруден түк шықпайды. Әзірге құламай тұрғанда нысанға толық демонтаж жасау керек, жобаға түзетулер енгізіп, қайта салу керек" деді сарапшылар.

Кейбір мамандар тұрғын үйден жарықшақ пайда болып, қисаюының себебі ретінде бірнеше жайтты атап көрсеткен: "ғимаратты жобалау кезеңінде құрылыс алаңында геологиялық іздестіру жұмыстарының сапасыз жүргізілуі, үй іргетасының астына қиыршық тастардың сапасыз төселуі, жұмыстардың қыс кезінде атқарылуы".

Кейбір жергілікті сайттар "кінәлілерді іздеген" Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен қарамағындағы шенеуніктер арасындағы диалогты былайша сипаттайды.

"Кімнің кінәсі?" деп сұрады Қошанов қарамағындағылардан.

"Кінә - қиыршық тастан, геологиядан" деп жауап берді Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.

"Қиыршық тас қалай кінәлі болады? Егер жобалаушы болса, демек мәселені сонымен талқылау керек, бәрін соның есебіне жасату керек. Егер мердігер компания болса, шығынды сол жапсын. Егер шенеуніктер кінәлі болса, оларды жауапкершілікке тартсын. Тағы кім кінәлі болуы мүмкін? Қиыршық тас дейсіз бе?" деді Ерлан Қошанов.

Ақпарат бойынша, Теміртау қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімі жобалаушы мен еншілес компания үстінен сотқа шағым түсірген.

"Новый вестник" сайтының жазуынша, қазіргі кезде Теміртауда баспана кезегінде шамамен үш мың адам тұр. Олардың арасында 2006 жылдан бері баспана кезегін күтіп жүргендер де бар.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Жоспарланған митинг алдында қанша белсенді ұсталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:18 0:00
XS
SM
MD
LG