Accessibility links

Білім күнін "жаппада қарсы алған" отбасы және шахандықтар талабы


Ескі үйдің терезесінен сыртқа қарап отырған бала. Көрнекі сурет.
Ескі үйдің терезесінен сыртқа қарап отырған бала. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі жаппада түнеп жүрген көп балалы әйелдің балаларын мектепке жібере алмай отырғанын, Түркістанда "үш жасар қызын зорлады және өлтірді" деп айыпталған адамға үкім шыққанын жазды. Аймақ ақпарат құралдары сонымен бірге 2017 жылы қазандық жарылып, тоғыз адам мерт болған кент тұрғындарының қазандық құрылысын жеделдетуді талап етіп отырғанын хабарлады.

"Уральская неделя" басылымы осы аптада Орал қаласында жаппада тұрып жатқан көп балалы ана Вероника Заиканың қиын жағдайы туралы жазды. Жәрдемақымен күн көріп жатқан бес баланың анасы балаларын киіндіріп, мектепке жібере алмай отырғанын, мектептен келетін әлеуметтік көмектің кешігіп жатқанын айтқан.

"Мен жұмыс істемеймін, себебі балаларды қарауым керек. Жәрдемақымен күн көреміз, бұрынғы екі күйеуім алимент төлемейді. Балаларды киіндіру керек, ескі киімде жүре алмайсың, бәрі тозып кеткен. Балалар да тез өсіп келеді, киімдер тез қысқарып қалады. Ал мектепте маған демеушілердің мектеп формасын қыркүйек ортасында не соңында алып бере алатынын айтты" деген Вероника Заика басылымға.

Верониканың айтуынша, бір баланы мектепке әзірлеу үшін шамамен 60 мың теңге керек. Ал жәрдемақы пәтер мен коммуналдық қызмет ақысын төлеуге, азық-түлік алуға ғана жетеді.

"Бұл үйге кіргеннен кейін мүлде ұйықтай алмадық - барлық жерде қандалалар жүрді. Жиһаздардың бәрін өртеп, қандалаларды жоюға тура келді. Әзірге жаппада тұрып жатырмыз, далада тамақ әзірлейміз. Үйді жөндеу керек, үй қабырғаларының бірі үгітіліп, түсіп жатыр. Бес баламен пәтер сағалап жүру қиын, өз үйің болғанға не жетсін" деген Вероника Заика.

ҮКІМ

Түркістан облысында "кішкентай қызын зорлады" және "өлтірді" деп айыпталған адамды сот өмір бойы бас бостандығынан айырды. Бұл ақпаратты осы аптада Қазақстанның оңтүстік өңірінен ақпарат тарататын otyrar.kz сайты хабарлады.

Тамыздың 27-і күні Түркістан облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты "үш жасар қызын зорлады және өлтірді" деп айыпталған Ордабасы ауданы Бөріжар ауылдық округінің тұрғыны 1972 жылғы Серік Рахимбердиевті өмір бойы бас бостандығынан айырған. Айыптау тарабының айтуынша, "Рахимбердиев өткен жылы қазан айында мас күйінде үш жасар қызын қорлап, өлтірген". "Балаға пышақ сұғып, 38 пышақ жарақатын түсірген". Сотта айыпталушы баланы зорламағанын, өлтіргенін ғана мойындаған.

"Кешенді психиатриялық комиссия айыпталушының ақыл-есі сау, әрекеттеріне өзі жауап бере алады деген қорытындыға келген. Үкім заңдық күшіне енген жоқ. Айыпталушы сот үкімін апелляцияға бермек" деп жазды сайт.

ШАХАНДЫҚТАР АЛАҢЫ

Осы аптада "Новый вестник" сайты Қарағанды облысы Шахан кенті тұрғындарының орталық қазандық құрылысының тоқтап қалғанына алаңдап отырғанын, құрылысты жеделдетуді талап еткенін жазды.

2017 жылы мұнда бес қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде қазандық жарылып, тоғыз адам опат болған. Осыдан кейін халықтың орталық жылу жүйесін салу туралы талабы күшейген еді.

Үйін "буржуйкамен" жылытып жатқан Шахан тұрғыны. Қаңтар айы, 2017 жыл. Көрнекі сурет.
Үйін "буржуйкамен" жылытып жатқан Шахан тұрғыны. Қаңтар айы, 2017 жыл. Көрнекі сурет.

​Сайттың жазуынша, жарты жыл бұрын басталуы тиіс болған орталық қазандық құрылысы жақында басталғандай болған, бірақ ізінше тоқтап қалған.

"29 шілдеде бізді [қазандықтың] алғашқы кірпішін қалау салтанатты шарасына шақырды. Имам мен шіркеу қызметшісін де шақырды. Біз қуандық. Алайда содан кейін күрт тынышталып қалды. Бір апта өтті, екі апта өтті, қазір қозғалыс жоқ. Біз наразылық білдіре бастадық" деген тұрғын Светлана Ержұманова.

Шахан тұрғындарының орталық жылу жүйесін салу туралы уәдені естіп келе жатқанына көп болған. Тұрғындар егер қазандық құрылысы дер кезінде аяқталмаса, бұрынғыша "буржуйкамен" үй жылытуға мәжбүр боламыз деп шағымданған.

Ал Шахан қалалық әкімдігі жұмыстың тоқтап қалуының себебін құжат мәселелерімен байланыстырып, қазандық құрылысы дер кезінде аяқталады деп тұрғындарды тыныштандыруға тырысқан.

"Байқауға қатысып, өтпей қалған фирмалар байқау қорытындысына байланысты қайта шағым түсірді. Бұл жерде сот та себеп болды, қадағалау мекемесімен келісім жасай алмауымыз да себеп болды" деген әкімдік өкілдері.

Тұрғындар үйлері орталық қазандыққа қосылса жылу жүйесі қауіпсіз болады және ыстық су мәселесі де шешілер еді деп санайды. Сайттың жазуынша, 2017 жылғы қайғылы оқиғадан кейін үйлердің жертөлесінде орналасқан қазандықтар алынып тасталған. Қазір 21 үйге автономды жүйеден жылу беріледі. "Кезінде жайлы саналған пәтерлерде қазір "буржуйкалар" тұрғанын айтып өту керек" деп жазады сайт.

Қазандық құрылысы 2021 жылы күзде аяқталуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG