Accessibility links

Қазақстанда бала неге зорланады? Сарапшылар пікірі


Көрнекі сурет

Қазақстанда балаларға сексуалды зорлық жасау оқиғалары көбейіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қылмыстың себептері көп, сондықтан онымен түрлі деңгейде күресу керек және мемлекет қолданып отырған әдістер жеткіліксіз.

БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КІМНІҢ МІНДЕТІ?

Кәмелет жасқа толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс статистикасы соңғы рет мемлекеттік деңгейде 2017 жылдың соңында талқыланды. Сол кезде мәжіліс депутаты әрі балалар омбудсмені болып істеген Зағипа Балиева үкіметке сауал жолдады.

Онда депутат мұндай әрекеттің кем дегенде 30 пайызға артқанын жазып, елдегі педофилияның "қанат жайғанын" жеткізген, жауапты институттардың тиімді жұмыс істеу мәселесін көтерген.

Зағипа Балиева
Зағипа Балиева

- Денсаулық сақтау жүйесі мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері қаншалықты дайын? <…> Мұндай жағдайда мемлекеттік мекемелер қалай бірігіп жұмыс істеуі тиіс және балаларды қалай қорғай аламыз? - деп сұрады Балиева.

Сарапшылардың пікірінше, мәселе нормаларды жүзеге асырумен ішінара байланысты. Заңгер Жохар Өтебековтың пікірінше, Қазақстанда қылмыстық кодексті орындауда "заңдық және ұйымдастыру кепілдігі бар алдын-алу шаралары жүргізілмейді". Сондықтан қазақстандық заңнаманы ары қарай қатайтудың мәні жоқ дейді.

Алматы әкімдігі жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын басқаратын Зүлфия Байсақова ресми тіркелген деректермен ғана жұмыс істемейді. Мұндай қылмыс түрлерімен жылдар бойы күресіп келе жатқан Байсақованың айтуынша, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық саны, соның ішінде балаларға зорлық жасау көрсеткіші жыл сайын өзгермей келеді.

Ай сайын республика бойынша тегін қызмет көрсететін сенім телефоны – 150 нөміріне шамамен 19-25 мың шағым түседі. Оның 200-ге жуығы балалар құқығын бұзуға қатысты, әр 12-ші қоңырау балаларға қатыгез қарым-қатынас жасау немесе зорлық жасау болып шығады. Байсақованың айтуынша, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты әр сексуалды зорлық оқиғасы бойынша дағдарыс орталықтары полицияға хабарласып, қылмыстық іс қозғауды сұрайды.

Зульфия Байсақова
Зульфия Байсақова

​Сарапшының айтуынша, Қазақстанда қажетті заңнама бар, енді оны атқаратын институттардың рөлін, соның ішінде бала құқығына уәкілетті мекемелердің рөлін күшейту керек. Байсақованың пікірінше, балалар омбудсмені тәуелсіз болуға тиіс. Ол үшін бұл қызметке үміткерлерді тағайындамай, сайлау керек.

Қазір балалар омбудсмені қызметін генерал Сәуле Айтбаева атқарып отыр. Оның алдындағы Зағипа Балиева жыл басында президенттің бұйрығымен қызметінен кетті. Балиеваның жұмыстан кетуі Қазақстанның оңтүстігіндегі Абай ауылындағы "зорланған балаға" қатысты даулы оқиғаға ушығып, басыла бастаған кезге тұспа-тұс келді. Бұл шулы оқиға туралы кей болжамдарға қарағанда "жоғары сыныпта оқитын оқушылар зорлаған" көрінеді. Бұл оқиға қоғамды дүрліктірді, қылмыстық іс қозғалды, Зағипа Балиева да көп ұзамай қызметінен айырылды.

Адвокат Айман Омарова Абай ауылында болған жағдайды "ерекше мәні бар" деп санайды. Оның айтуынша, өткен айда оған кәмелеттік жасқа толмағандарға сексуалды зорлық көрсету туралы хабарламалар көптеп түскен.

Адвокат Оңтүстік Қазақстандағы баланың жағдайына қатысты шу қоғамды қатты тіксінтті деген тұжырым жасайды. Іс ашылған соң "адамдар әділдік орнайды деп үміттене бастаған". Омарова қоғамдық пікірдің күшін мойындайды, Абайдағы оқиғаға қатысты іс қозғалып, сотқа жетті, соның бәріне қоғам ықпал етті.

Айман Омарова
Айман Омарова

Қазіргі кезде төрт күдіктінің біріне айып тағылды. Тамыз айында Бас прокуратура берген мәлімет бойынша, айыпталушы "қылмыс жасаған" кезде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жас - 14-те болған. Заңгер жәбірленушілер ең алдымен қоғам өкілдеріне емес, заңгерлерге жүгінуі керектігін баса айтады. "Адвокаттар баланың мүддесін қорғап, оларға зиян келтіретін ақпаратты таратпауға ықпал етеді" дейді ол.

"ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ӨМІР ФОРМАСЫНА АЙНАЛДЫ"

Балаларға сексуалды зорлық жасау қылмыстарына қатысты деректер жиі пайда болып жатыр. Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис Қазақстандағы балаларға қарсы сексуалды және өзге де қылмыстардың негізгі себебі отбасындағы зорлық-зомбылықтың қалыпты үрдіске айналуы, "қоғамға сіңген" қылмыстық субмәдениеттің ықпалы дейді.

- Көшеде келе жатып кәрі-жастың бәрі бірдей балағаттап жатқанын естиміз. Ешкім оған назар аудармайды. Қылмыстық мәдениетке бойымыз үйренді. Бұл мәдениеттің табиғаты - зорлық-зомбылық. Оны сөзбен айта ма, әрекетпен жасай ма, - маңызды емес. Қоғам оған немқұрайлы қарайды. Зорлық-зомбылық өз атмосферасын қалыптастырады, ол зорлықшының ғана емес, өмір формасына айналды, - дейді Жовтис.

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

Құқық қорғаушының пікірінше, кәмелет жасқа толмағандарға сексуалды зорлық жасалғанда адамдар полицияға хабарласуды "ыңғайсыз" санайды, оның үстіне құқық қорғау мекемелеріне сенім деңгейі де төмен. Жовтистің айтуынша, оның да өз себептері бар.

Кәмелет жасқа толмағандарға зорлық жасалса, бұл іспен көбіне (әсіресе, отбасы ішінде) құқық қорғау мекемелері емес, үкіметтік емес ұйымдар айналысады. "Мемлекет оған көз жұма қарайды, солайша қылмыскерлер жазасын алмайды" дейді Жовтис.

- Жазасыздық – нақты бір адамға қарсы жасалған қылмысты қолдап қана қоймайды, ол қоршаған ортаға сіңе береді. "Әлдебір қылмыс жасасам үстімнен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қамайды" деп ойлайтындар аз, олар "келісуге болады" деп сенеді. Адамдар "бәрін істеуге болады" деген нәрсеге үйрене бастайды. Осындай көңіл-күйдің түрлі салдары болады, - дейді құқық қорғаушы.

Зүлфия Байсақова да кәмелет жасқа толмағандарға сексуалды зорлық жасаудың астарында кейбір отбасылардағы зорлық-зомбылық атмосферасы себеп болады дейді. Оның пікірінше, мұндай мәселенің тамыры әлеуметтік жағдайға тіреледі: қорғансыз ортада өскен балаларға көп қатер төнеді.

Сарапшы кейбір отбасылар мен мектептерге тән "екіжүзді мораль" барын да айтады, "зорлық-зомбылық атмосферасын "ұранмен және декларациямен бүркемелейді", зорлық-зомбылық жағдайын жасырады, қылмыстық істі жауып тастауға тырысады" дейді Байсақова.

"ЗОРЛЫҚШЫЛ САЯСАТ ЖӘНЕ САЯСАТПЕН ЗОРЛАУ"

Жастардың сексуалды білімін жетілдіру жөніндегі UyatEmes.kz жобасының авторы Қарлығаш Қабатова да мемлекеттің жауапты екенін айтады. Қабатованың айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік деңгейде "жыныстық ағартушылықты қабылдамау" қалыптасқан, отбасы мен мектепте ондай тақырып мүлдем қозғалмайды.

Евгений Жовтис те бұл тақырыптың табу екенін айтады. Зорлық-зомбылық мәселесі ғана емес, сексуалды тәрбие, жалпы жыныстық қатынас туралы жұмған ауызды ашпау дәстүрі қалыптасқан. Құқық қорғаушының пікірінше, мұндай үнсіздік қоғамдағы басқа салаларды: ұлтаралық, дінаралық және басқа да қайшылықты мәселерді қамтып алған.

- Дамыған елдер сөз бостандығын тұрақтылықты сақтау құралы деп қарастырады. Олай болмаса шиеленіс туады, іштей қызады. Қызған соң агрессиялы формаға өтеді, - дейді Евгений Жовтис.

Сенат парламентінің бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова да зорлық-зомбылық мәдениеті Қазақстан қоғамында "жоғарыдан төменге қарай, барлық салада" көрініс беріп жатыр деп санайды.

Ол мұндай үрдісті "зорлықшыл саясат және саясатпен зорлау" деп атайды, оны тұрмыстық әлімжеттікпен, соның ішінде балаларға тиісумен байланыстырады. "Егер ертең кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық жасауға қарсы адамдар наразылық акциясына шықса не болады? Жауабын өзіңіз білесіз" дейді ол.

МЕМЛЕКЕТ НЕ ІСТЕП ЖАТЫР?

Сарапшылар билік жағдайды басқаша бағалайды деп қауіптенеді. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің пікірінше, мемлекет күрделі мәселелерді заңнаманы күшейту, мысалы, жазалау мерзімін ұлғайту арқылы шешуге болады деп, қарапайым шешім іздеумен айналысуы мүмкін.

Сарапшының қаупі бекер емес. Шынында да, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқан тәрізді. Соңғы бірнеше жылда адам зорлау, бопсалау, балалар порнографиясына қатысты жазалау күшейтілді.

Шартты мерзім тағайындау, рақымшылық жасау, өкіну немесе бітімге келуге байланысты босатуға тыйым салынды. Осындай қылмыс бойынша сотталғандардың жазасын жұмсарту және мерзімінен бұрын босату құқығы алынып тасталды. Қазақстанда педофилдердің ашық онлайн-базасы жасалды.

2016 жылдың көктемінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "балалар құқығын қорғауды жақсартуды" көздейтін бірнеше заңға түзету енгізуге қол қойды. Сондай өзгерістің бірі ретінде 2018 жылдың басынан "педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы" заң күшіне енді. Жыл сайын осы мақсатқа бюджеттен 10 миллионға жуық теңге бөлінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG