Accessibility links

Ресейде педофилді әшкерелеуші еріктілер шықты


«Вконтакте» әлеуметтік желісін қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)
«Вконтакте» әлеуметтік желісін қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Ресейде интернет арқылы жас балаларды азғыратын педофилдерді сол интернеттің көмегімен әшкерелеп, қолға түсіретін жастардың белсенді топтары жұмыс істей бастады.

Жаңа ғасырдағы тәртіп сақшыларының әрекеттерін қолдайтындар да, оларды жазғыратындар да бар.

«ЖАЗАЛАУ ОТРЯДЫ»

Мұндай топтар – еріктілерден құралған жазалау отрядына ұқсас ұйым. Ол мынадай ережемен жұмыс істейді: Топ мүшесі интернеттегі чатта, не форумда тіркеліп, өзін «кәмелетке толмаған жасөспіріммін» деп таныстырып, ересектермен әңгімелесе бастайды. Ересек адамнан арсыз ұсыныс түскен жағдайда оған өзінің кәмелетке толмағанын ескертеді. Әлгі адам құлақ аспай, бәрібір кездесуге шақырса, келісімін береді. Бірақ кездесуге келген ересек адамды жас бала емес, бейнекамера ұстаған жігіттер қарсы алады. Сөйтіп ол адам педофилияны әшкерелейтін видеоның басты кейіпкеріне айналады. Бұл таспа кейін интернетте жарияланады.

«Вконтакте» әлеуметтік желісінде Мәскеуде құрылған 15 адамнан құралған Duri.Net жасағының бейнетаспалары жарияланған. Осы топ Ресейдің басқа аймақтағы белсенділерге әсер етіп, кейін бұларға еліктеген ерікті жасақтар көбейе бастады.

ЕСІРТКІ САТУШЫЛАРДЫ ӘШКЕРЕЛЕУ

30 жастағы Даниил Шаманов өзін осы Duri.Net жасырын ұйымының ресми өкілі деп таныстырады.

– Бұл әдісті өзіміз ойлап таптық. Пасық ниетті адамдарды әлеуметтік желінің
Duri.net тобы түсірген видеодан жасалған скриншот.
Duri.net тобы түсірген видеодан жасалған скриншот.
көмегімен қалай қолға түсіруге болатынын көрсеттік. Бейнетаспаны көрсең, бәрі өз-өзінен анық болады. Қазір бұл тәсілді қолданатындар көбейді, – дейді ол.

Duri.net 2009 жылы Мәскеудің метро стансаларында есірткі саудалаушыларды қолға түсіріп, олардың видеоларын интернетте жариялау үшін құрылған.

– Досым «Крокодил» деп аталатын күшті есірткіні шамадан тыс пайдаланып, қайтыс болған соң осындай ұйым құруға бел будым. Досымды жерлеген соң қандай да бір жолмен кек алу керек деп шештік. Қылмыскерлерді қолға түсіріп, олардың басын жаруды ойлаған жоқпыз. Сол үшін түрмеге отырғымыз келмеді, – дейді Даниил Шаманов.

Duri.net жобасы кеңейіп, педофилдерді онлайнда әшкерелеу қызметін де атқара бастады. Топ өкілдерінің айтуынша, олар өздері тапқан ақпаратты полицияға да беріп отырады, соның арқасында 30-ға жуық күдіктінің үстінен іс қозғалған.

«ПОЛИЦИЯҒА КӨМЕКТЕСЕМІЗ»

Бұл әдіс есірткі сатушыларды тосылтып, баланың интернеттегі өмірін қауіпсіз ете түскендіктен мұндай «ерікті жасақтар» жобасын Кремльді қолдайтын жастар тобы мен ұлтшылдар да өз мақсаттарына пайдалана бастады.

Бірақ бұл әдістің кең таралуына құқық қорғаушылар мен әлеуметтік қызметкерлер алаңдап отыр. Мәселен, полиция олардың есірткі
Кремльдің балалар ісі жөніндегі омбудсмені Павел Астахов. Мәскеу, 14 наурыз 2013 жыл.
Кремльдің балалар ісі жөніндегі омбудсмені Павел Астахов. Мәскеу, 14 наурыз 2013 жыл.
саудалаушыларды ұстау операцияларын «бұзақылық» деп атады. Кремльдің балалар істері жөніндегі омбудсмені Павел Астахов «халық өзін өзі қорғауы керек» деп, мұндай әрекеттерге қолдау білдіргенімен, полицияның ескертулеріне де құлақ асу керек деген ойда. «Ортақ амалын табуымыз керек» деді ол Ресей ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Санкт-Петербургте он жылдан бері отбасындағы әлімжеттік пен педофилияға қарсы күресіп жүрген «Жастар қауіпсіздік қызметі» деп аталатын ұйымның негізін қалаған 38 жастағы Леонид Армердің айтуынша, оны полицияның жағдайды қадағалай алмауы алаңдатады.

– Шынын айтсам, көп қалаларда бұл әдістер жартылай қылмыстық жағдайға дейін жетті. Бұл дұрыс емес. Санкт-Петербургте біз бұл видеоларды жариялағаннан ештеңе шықпайтынын, бұдан да гөрі салмақты әрекеттерге бару керек екенін тез түсіндік. Сөйтіп, бұл мәселеге шындап кірісетін қалаларға арнап әдістеме жасап шығардық. Ең басты назар аударатын нәрсе – құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату, – дейді ол.

ҚАУІП

Мұндай жасақтарды сынайтындар «белгілі бір деңгейде қадағалау және жауапкершілік болмайынша, оны асыра пайдаланушылар көбейеді» дейді. Бұл топтар интернетте қаражат жинайды, бірақ оның қайда, қалай жұмсалып жатқаны жөнінде есеп бермейді.
Бұл топтар интернетте қаражат жинайды, бірақ оның қайда, қалай жұмсалып жатқаны жөнінде есеп бермейді.

Duri.net белсенділерінің арасында гомофобтар өте көп. Магнитогорск қаласында түсірілген бір бейнетаспада осындай топ белсендісі 15 жасар бозбаламен кездесуге келген 27 жастағы гомосексуалисті келемеждейді. Олар әлгі кісінің маңдайында «педофил» деп жазып қояды. Бұл бейнетаспа LiveJournal сайтында «Оккупай-Педофиляй: Магнитогорск» тобы атынан жарияланып, соңында «Осы видеомен бөліспесең, гейсің» деген ескерту жазылған.

Кейбір белсенділер күш қолдану әдісін жөн көреді, тіпті соны насихаттайды. «Жастардың есірткіге қарсы спецназы» тобы түсірген бейнетаспаларында бетперде киген белсенділер есірткі саудалады деген кісілерді мазақ қылады, кейбірі тіпті олардың көліктерін өртеп, мүліктерін қиратады. Бұл топ сәуір айында тарап кеткен.

СОЛҚЫЛДАҚ ЗАҢ

Duri.Net тобының өкілі Даниил Шамановтың айтуынша, «мұндай ерікті жасақтардың пайда болғанына таңғалуға болмайды, оның басты себебі – заңдар солқылдақ».

– Қылмыс жасалып, бала зорланбайынша, кісінің педофилиямен айналысқанын дәлелдеу мүмкін емес. Заңның осал тұсы – осы. Іс сотта созылып кетеді. Өкініштісі, балаға әлімжеттік жасалған соң бәрі кеш болады, – дейді Даниил Шаманов.
Ресей тергеу комитеті 2012 жылы 3 мыңға жуық зорлау фактісі тіркелгенін айтты.

Ресейде сол кездегі президент Дмитрий Медведев балалардың құқықтарына ерекше назар аударғалы бері педофилияға көп көңіл бөліне бастады. Ресей тергеу комитеті 2012 жылы 3 мыңға жуық зорлау фактісі тіркелгенін айтты. Комитет басшысы Александр Бастрыкиннің айтуынша, «Ресейде педофилдерді қатаң жазалаудан арашалауды көздейтін лоббистер тобы бар».

Өткен айда Мәскеу облысындағы әкімшілік қызметкері Андрей Каминов «14 жастағы баланы пәтеріне алдаусыратып алып келді» деген ақпарат тараған соң қызметінен кетті. Педофилдерді аңдушы жасақтар жайлы әңгіме содан бері жиі айтылып келеді.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG