Accessibility links

"Түкке жетпейді". Оқушының керек-жарағы қымбаттады


"Кенжехан" базарында оқушы киімін сатып алып жатқан адамдар. Алматы, 11 тамыз 2019 жыл.
"Кенжехан" базарында оқушы киімін сатып алып жатқан адамдар. Алматы, 11 тамыз 2019 жыл.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы, Шымкент пен Петропавл базарларында негізінен Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Түркияда тігілген мектеп формалары сатылып жатыр. Сатушылар шетелдік киімнің доллар бағамына сай қымбаттағанын айтады. Жергілікті кәсіпкер отандық өндірушілер "Қазақстан нарығының жеті-ақ пайызын қамтамасыз ете алады" дейді.

АЛМАТЫНЫҢ ШЕТІНДЕГІ БАЗАР

Алматы қаласының шетіндегі "Кенжехан" базарының киім-кешек сататын бөлімі жұмыс күндерінің түс мезгілінде сатып алушыға толы. Алматыдағы арзан базарлардың бірі саналатын сауда орнындағы тауардың басым бөлігі – мектеп формасы. Базаршылардың бірі киім өлшеп көрсе, екіншісі оқушы сөмкесінің бағасын сұрап жатыр. Тағы бірі оқу құралдарын саудаласып тұр.

- Екі балаға 100 мың теңге кетті. Бұл тек киім-кешекке ғана. Оқу құралдары мен сөмкесін әлі алған жоқпын, - дейді өзін Гүлзат Биғали деп таныстырған сатып алушы.

12 және 8 жас шамасындағы ұлы мен қызын қасына ерткен Гүлзаттың айтуынша, базардағы баға былтырғыдан қымбат. Бір жыл бұрын 100 мың теңгеге екі баласын мектепке тұтас дайындаған әйел биыл осы сомаға тек мектеп формасын сатып алған.

Базарға киім-кешек алуға келген адамдар. Алматы қаласы, 11 тамыз 2019 жыл.
Базарға киім-кешек алуға келген адамдар. Алматы қаласы, 11 тамыз 2019 жыл.

Базардағы оқушылар киімі түгел дерлік шетелден әкелінген. 10 жас шамасындағы қыз балаға арналып Қырғызстанда тігілген көйлектер үш мың теңгеден болса, Пекинде өндірілген дәл осындай көйлектер 7 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Сатушылар "түркиялық матадан Өзбекстанда тігілген" деп ұсынған көйлектің бағасы 8 мың теңге. Қыз балаларға арнап Өзбекстанда өндірілген мектеп формасы 15 мың теңгеден болса, оның қытайлық үлгісі 10 мың теңгеден басталады.

"Кенжехан" базарында негізінен Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Түркияда тігілген мектеп формалары сатылады. Азаттық тілшісі Қазақстанда өндірілген мектеп формаларын бұл базардан таба алмады.

Базарда төрт жылдан бері үздіксіз мектеп формасын сатып келе жатқан қырғызстандық сатушы Дамира Абдуллаеваның айтуынша, ең өтімді тауар – Қытайдан жеткізілетін киімдер.

- Олар негізінен Қырғызстанда тігілетін киімдерге қарағанда сапалы. Жылдам түтілмейді. Ал Қырғызстанда өндірілетін киімдерді бір жуғаннан кейін бүртіктері сыртына шығып кетеді. Сосын бұл базарда "түркиялық" деп сатылатын формалар бар. Негізінде Өзбекстанда тігілген киімдердің жеңіндегі "Өзбекстаннан" деген жазуды қиып тастап "Түркияныкі" деп 25 мың теңгеге дейін сата береді, - дейді ол.

Биылғы күз алдында жоғары сыныпта оқитын ұл балаларға арналған костюм-шалбар бағасы 25 мың теңгеге шығыпты. Ал оқушы сөмкелері 3 мыңнан 7 мың теңге аралығында сатылып жатыр.

Дамира Абдуллаева бастапқы көтерме құны өссе де, тауардың үстіне көп қоса алмайтынын айтады.

- Қоймадан көтерме бағамен аламыз. Бізге қазір қымбатқа түсіп жатыр. Өйткені шекарадан өткізу қымбат, сосын доллардың құны өскен сайын бұлар да қымбат келеді. Бірақ біз сонда да көп қоса алмаймыз. Өйткені баға қосқаныңмен халық оны ала алмайды. Мысалы, осы жерде Қазақстанда тігілген формалар жоқ, әкелмейді. Неге? Өйткені олар өте қымбат. "Қазақстанда тігілген киімдерді сатып жатыр" дегенді естімеппін де, - дейді сатушы.

Дамира Қазақстанда тігілетін киімдердің жалпы нарықта бар екені, кейбірінің экспортқа шығарылатыны туралы білетінін айтты.

"Кенжехан" базарында сатылып жатқан оқушы заттары. Алматы, 11 тамыз 2019 жыл.
"Кенжехан" базарында сатылып жатқан оқушы заттары. Алматы, 11 тамыз 2019 жыл.

"МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БАҒАСЫ 30 ПАЙЫЗ ӨСТІ"

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де қала базарындағы бағаларды бақылап қайтқан еді. 2-ші, 5-ші және 7-сыныпта оқитын балаларымен мектепке қажетті заттарын алып жүрген Серікжан Қайратов жаңа оқу жылына екі ай бұрын ақша жинай бастаған. Мектепке қажетті заттарды алу үшін 100 мың теңге алып шыққан.

Ұлыма кәстөм-шалбар, қыздарыма юбка-кофта, спорттық киімдер алдық. Шұлығынан бастап шашына тағатын бантигінің өзіне 10 мың теңге жұмсадық. 100 мың теңге түкке жетпейді

- Өткен жылғы киімдерін өлшеп, жарамдыларын алдық. Қалғанын сатып алып жатырмыз. Көріп тұрғаныңыздай үшеуіне үш сөмке алдық. 10 мың теңге кетті. Ұлыма кәстөм-шалбар, қыздарыма юбка-кофта, спорттық киімдер алдық. Шұлығынан бастап шашына тағатын бантигінің өзіне 10 мың теңге жұмсадық. 100 мың теңге түкке жетпейді, - дейді ол.

Серікжанның байқауынша, былтырмен салыстырғанда мектеп киімдері мен оқу құралдары қымбаттай түскен. Мысалы, ер балаларға арналған жейденің бағасы 500 теңгеге өскен. Ең көп қолданылатын 12 беттік дәптер 12 теңгеден 20 теңгеге қымбаттаған. Мектеп киімдері мен оқу құралдарының қымбаттағанын саудагерлер доллар бағамының өсуінен көреді. Олардың есебінше, биыл мектеп тауарларының құны шамамен 20-30 пайыз өскен.

- Бағаның қымбаттауы бізге байланысты емес. Біз қоймадан тауарды қаншаға сатып аламыз, баға соған байланысты шығады. Мысалы, қазір мектеп құралдарының бағасы 30 пайызға өсті. Бір балаға ең қажетті құралдарды жинаса, арзаны – үш мың теңге, орташасы – бес мың теңге, сапасы дұрысын алса, он мың теңге болып шығады. Сөмкелер мың жарым теңгеден басталып, бес мың теңгеге дейін барады. Бұдан бөлек оқу басталғанда жетпей жатса, арнайы дәптерлерді сатып алады. Оның бағасы кемі – 500 теңге. Кейде ақшасы жетпей жатқанда ата-аналар күйіп кетеді, - дейді кеңсе тауарларын сатып тұрған, аты-жөнін атамауды өтінген саудагерлердің бірі.

Өзбекстанға жақын орналасқан Шымкент базарларындағы киім-кешек пен мектеп тауарларының әжептәуір бөлігі көрші елден әкелінеді.

ПЕТРОПАВЛДАҒЫ ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІ

Азаттық тілшісі Қазақстанда өндірілген оқушы киім-кешегінің не себепті импорт өнімнен әлдеқайда арзан болып шықпайтынын білуге тырысты. Он жылдан бері мектеп формасын тігіп келе жатқан компаниялардың бірі облыс орталығы Петропавл қаласында орналасқан. Фирма менеджері Бауыржан Төлегеннің айтуынша, солтүстік облыстар мен Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы 300 мектепті қамтамасыз етіп отырған фирмадағы оқушыға арналған киімдердің бағасы 11 мың теңгеден басталады.

Оның сөзінше, компания киімді "таза жібектен тігеді", сол себепті өзге елдерден тасымалданатын тауардан қымбаттау болып шығады.

- Жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде мектеп формасы бойынша отандық өнімдер Қазақстан нарығының жеті пайызын ғана қамтиды. Қалған 93 пайызы сырттан келеді. Сол себепті қазақстандық өнімдер жоқ секілді көрінеді, - дейді менеджер.

Экономист ғалым Оразалы Сәбден мектепке қажетті құралдар мен киімдердің бағасына билік тарапынан бақылау болу керек деп санайды.

- Бұл мектеп мәселесінің екі аяғынан қатар ақсап тұрғандығын көрсетеді. Бізде мектепке қажетті оқу құралдарын бір бөлек, киім-кешекті бір бөлек алып, білім берудің сапасын және бөлек етіп қарастырамыз. Негізінде мұның барлығын бір жүйеде қарастыру керек. Жүйе болмағаннан кейін өндіруші мен алушының арасында тікелей байланыс жоқ. Ортадағы делдалдар арқылы баға әуелгі құнынан бірнеше есеге өсіп кетеді, - дейді ол.

Мектептегі алғашқы қоңырауға келе жатқан оқушылар мен ата-аналар. Көрнекі сурет.
Мектептегі алғашқы қоңырауға келе жатқан оқушылар мен ата-аналар. Көрнекі сурет.

Экономист Қазақстан өнімдеріне "20 пайыз көлемінде ғана үстеме баға қойып, сырттан келетін тауарлардан арзан етіп сатқанда" отандық өнеркәсіп дамып, баға да жыл сайын шарықтамайды деп санайды.

"Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары" қауымдастығының өкілі Әсем Жұматаева бұған дейін жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында мектеп киімдерінің жалпы нарығының 30 пайызын қазақстандық өніммен қамтамасыз еткісі келетінін айтқан болатын.

"Егер өндірушілерге сұраныс болса, осындай көлемді шығаруға дайын. Қазақстандық форма үшін матаның құрамына, тігін сапасына және басқа параметрлерге арналған ұлттық стандарт бар. Сондықтан біз балаларымыздың киім сапасына кепілдік бере аламыз. Импортталатын өнімдерге мұндай кепілдік жоқ" деген еді ол.

Білім және ғылым министрлігі Азаттықтың мектеп формасы мен оқу құралдарының сапасы мен бағасын қадағалауға қатысты бірыңғай стандарт енгізу мүмкіндігі туралы сауалына "барша мәлімет мұғалімдердің тамыз мәслихатынан кейін белгілі болады" деп жауап берді.

Мақаланы әзірлеуге Дилара Иса мен Нұргүл Алина қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG