Accessibility links

Баланы мектепке дайындауға қанша қаржы қажет?


Алғашқы қоңырауға келе жатқан балалар мен ата-аналар. (Көрнекі сурет)

Шымкентте кейбір ата-ана балаларын мектепке дайындау үшін екі ай бұрын қамданғанмен керек-жарақтарын әлі түгендеп үлгере алмаған. Олар мектеп формасы мен оқу құралдарының қымбаттағанын айтады.

Шымкенттегі арзан саналатын сауда орындарының бірі «Орталық қырғы базарына» балаларын жетектеп, мектепке қажетті заттарды іздеп жүрген ата-аналар көп.

«Арзанын таңдайық, ақша жеткізейік» деген сөздер құлаққа жиі шалынады.

«КИІМГЕ 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖҰМСАДЫҚ»

Үш баласын жанына ертіп базар аралап жүрген Зүлфия Қосбұлақова әр баласының костюм-шалбары, ақ көйлегі мен аяқ киіміне, сөмкесі мен оқу-жазу құралдарына 20 мың теңгеден жұмсаймын деп жоспарлаған. Бірақ базардағы баға ойлағанынан қымбат болып шықты.

- Балаларымның үшеуі мектепте, бастауыш сыныптарда оқиды. Мектепке бармайтын бір балам бар. Үш баламды мектепке дайындау үшін артығымен 70 мың теңгені түйіп ұстап, алып келдік. Қазір бір-бірден ақ көйлек пен шалбарын 14 мың теңгеге сатып алдық. Енді арзандау сөмке іздеп жүрміз. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын баға қымбаттап жатыр. Ақ көйлекті 1500-2000 теңгеден аламыз деп есептеген едік. 2500 теңгеге алдық. Шалбар да ойлағанымыздан мың теңгеге қымбат шықты. Айлық аз, жеткізе алмаған соң тек барған кезде киетін бірсыпыра киімін сатып алдық. Әлі оқу-жазу құралдарын алуымыз керек. Спорт киімдерін келесі айлықта аламыз деп қалдырдық, - дейді ол.

40 жас шамасындағы Меруерт Жұмабекова да 9-сыныпқа баратын қызы мен 4-сыныпқа баратын ұлын мектепке дайындау үшін базарға келген. Ол да базардағы бағаның қымбаттағанын байқаған. Шымкент тұрғыны қызының көйлек-юбкасының өзіне 10 мың теңге жұмсаған. Ұлына бағасы арзандау жейде-шалбар іздегенімен табылмаған.

- Өткен жылы базарда сапасы орташа жейде екі-үш мың теңге болатын. Бүгін төрт мың теңгеге әрең таптық. Аз-аздан, үнемдеп алып жатырмыз. Қалғанын келесі айда аламыз. Қаладағы емханалардың бірінде жұмыс істеймін. Айлық жалақым – 35 мың теңге. Күйеуімнің күнделікті тапқан ақшасы тамағымыздан артылмайды. Енді, міне, 35 мың теңгені екі баланың киім-кешегі мен мектепке қажетті дәптер-қаламына жеткізе алмай отырмыз, - дейді ол.

"Орталық қырғы базарында" оқу-жазу құралдарын сататын сауда орны. Шымкент, 7 тамыз 2018 жыл.
"Орталық қырғы базарында" оқу-жазу құралдарын сататын сауда орны. Шымкент, 7 тамыз 2018 жыл.

Қала тұрғыны Жансая (аты-жөні өзгертілді) бір ай бойы мектеп жасындағы екі ұлын киіндіру үшін қаладағы бірнеше дүкенді аралап шыққан.Ол балаларының киіміне 100 мың теңге жұмсаған.

- Ресей және Түркияда шығарылған ұл балаға арналған мектеп формасының бағасы - өлшеміне қарай 30-35 мың теңге. Оған костюм мен шалбары кіреді. Ақ көйлек - 5-10 мың теңгенің арасында. Жеке шалбар - 10-15 мың теңге. Қыздардың киімі ұлдармен салыстырғанда 2-5 мың теңгеге қымбат. Әр балама аяқ киімді жеңілдікпен алты мың теңгеден алдым. Дене шынықтыру сабағына киетін аяқ киімнің бағасы да – осы. Спорт киімі 10 мың теңге тұрады. Сөмке 7-10 мың теңге болып тұр. Бала ғой, бір киімді бір апта кие алмайды. Ең болмағанда екі ақ көйлек пен екі шалбар алу керек. Бәрін қосқанда киімінің өзіне әр балаға 100 мың теңге жұмсадық. Әлі күздік, қыстық киімдерін алу керек. Қалған 20 мың теңгемізді жеткізейік деп, оқу-жазу құралдарын базардан алу үшін келдік, - дейді Жансая.

«ҚЫРКҮЙЕК ЖАҚЫНДАҒАН САЙЫН БАҒА ҚЫМБАТТАЙДЫ»

Қаладағы сауда орындарына қарағанда базардан баласына киім-кешек, оқу-жазу құралдарын алып жүрген ата-ана көп. Бес жылдан бері Орталық қырғы базарында кеңсе заттарын сататын Меруерт Жанкеева кейбір ата-аналардың баласын мектепке дайындау науқаны маусым айынан бастап кететінін айтады.

- Мысалы, алты баласы мектепке баратын «клиентім» бар. Айтуынша, үлкені 10-шы сыныпта, кенжесі 2-ші сыныпқа барады. Балаларын мектепке дайындап жүргеніне 4-5 апта болды. Кейбір ата-аналар ерте қамданады. Қазір бағаның көтеріле қоймаған кезі. Қыркүйек жақындаған сайын баға қымбаттай түседі, - дейді ол.

Мектепке дайындық шығыны

Шымкенттегі «Орталық қырғы базарында» ұлдарға арналған костюм-шалбары сапасы мен өлшеміне қарай - 6-10 мың теңге, ақ көйлек - 2-5 мың теңге, аяқ киім - 4-7 мың теңге тұрады. Спорт киімі 6-12 мың теңгеден сатылып жатыр. Шұлық, бантик сияқты ұсақ-түйек киім-кешегін қосқанда 20-35 мың теңгеге киім алуға болады. Қыздардың киім-кешегі ұлдарға қарағанда 5-10 мың теңгеге қымбат. Оқу-жазу құралдары мен сөмкесіне кететін шығын көлемі оқушының қай сыныпта оқитыны мен тауардың сапасына байланысты. 1-сыныпқа баратын ұл баланың сөмкесі 2-7 мың теңге аралығында болса, қыздардың сөмкесі 3-8 мың теңге шамасында сатылып жатыр. Сауда орындарында киімге орташа есеппен ұл балаға 40-60 мың теңге, қыздарға 50-70 мың теңге қаражат қажет.

Саудагердің сөзінше, биыл кеңсе тауарларының бағасы 10-20 пайызға өскен. Доллар бағамының «ойнауы» да сауда бағасына әсер етіп тұр.

Биыл өзгеріс бар. Маусым айынан бастап керек-жарағын ала бастағандар көп болды. Бұл да қиындықтан өтудің бір жолы сияқты.

- Жағдайы бар отбасылар әр балаға оқу-жазу құралдары үшін 15-20 мың теңге жұмсаса, жағдайы көтермейтіндер бес мың теңгеге шақтап сатып алады. Мысалы, майлы қаламның сапасы жақсысы 500-600 теңге болса, ақша үнемдеу үшін 200-250 теңгенің қаламын сатып алады. 300 теңгеден сатылатын 40 беттік сурет дәптер емес, 150 теңгеден тұратын сегіз беттік сурет дәптер алып жатыр. Жылда ата-аналар қыркүйек айы таяғанда мектепке дайындалуды бастайтын. Биыл өзгеріс бар. Маусым айынан бастап керек-жарағын ала бастағандар көп болды. Бұл да қиындықтан өтудің бір жолы сияқты. Киім-кешек, оқу-жазу құралдарынан бөлек бастауыш сыныпта оқитын балаларға қыркүйек айының басында «жұмыс дәптерін» (сауат ашу дәптері – ред.) алу керек. Ол да оңай емес. Бір баланың өзіне «жұмыс дәптері» үшін 10 мың теңге кетеді. Онсыз мұғалімдер сабақ өтпейді, - дейді Меруерт Жанкеева.

«30 МЫҢ БАЛА КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ»

Балаларын мектепке дайындау кезінде ата-аналардың қиындыққа тап болатынын Шымкент қалалық білім басқармасы да хабардар. Басқарманың бас маманы Жанар Алтаева қалада 30 мыңнан астам көмекке мұқтаж бала бар екенін айтады. Олардың қатарына аз қамтылған отбасынан, көпбалалы отбасынан шыққан балалар, тұл жетімдер, тұрақты мекен-жайы жоқ балалар, өзгенің қарамағындағы, мүгедектігі бар, ата-анасы сотталған бар балалар және басқа да бірнеше әлеуметтік топтағы балалар кіреді.

- Әлеуметтік топтағы балаларға білім басқармасы қарасады. Оларға мемлекет және демеушілердің есебінен көмек көрсетіледі. Біздің есебімізше, мектеп формасына орташа есеппен 14-15 мың теңге қаражат кетеді. Оқушының оқу-жазу құралын есептемейміз, оны ата-аналардың өзі алады. Ұлдар мен қыздардың мектеп формасына қойылатын қатаң талаптар бар. Ұлдарға кемінде жейде, жилет, тобықты жауып тұратын шалбар, қыздарға көйлек, ұзындығы тізеден бес сантиметр жоғары болмайтын юбка кию міндеттеледі. Ата-аналар бекітілген мектеп формасын қайдан сатып алуды өздері шешеді, - дейді маман.

Шымкент қалалық білім басқармасының дерегінше, қаладағы 133 мектепте 180 мыңға жуық оқушы оқиды. Жылына шамамен 20 мың бала бірінші сыныпқа барады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG