Accessibility links

Баланы мектепке дайындау құны артқан


Қазақстан мектептерінің біріндегі алғашқы қоңырау. 2 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкентте баланы мектепке дайындау шығыны көбейгені байқалады. Орташа саналатын отбасылар жаз бойғы жинағаны оқушының керек-жарағына жетпей қиналып қалатынын айтады. Билік өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы балаларға көмек қарастырылған дейді.

«ҚАРАЖАТТЫ ҮШ АЙ ЖИНАДЫҚ»

Шымкенттегі «Көл» және «Жоғарғы» базарларына балаларына оқу-жазу құралдары мен мектеп формасын алуға келген тұрғындар оқушы заттарының бағасы былтырғыдан едәуір қымбаттағанын айтады. Азаттық тілшісі сөйлескен ата-аналардың сөзінше, биыл кеңсе тауарларының бағасы шамамен 40-50 пайызға, киім-кешек – 20-30 пайызға қымбаттаған.

45 жастағы Зарина Омарова үш баласын жаңа оқу жылына дайындау үшін базарға осымен үшінші рет келген. Балаларын жалғыз өзі асырап отырған жесір әйел қаладағы дәмханалардың бірінде жұмыс істейді. Балаларының үлкені 9-сыныпта, кенжесі – 2-сыныпта оқиды.

- Киім-кешегі мен қағаз-құралдарына 55 мың теңге жұмсадым. Оқушы юбкасын үш жарым мың теңгеге сатып алдық. Күнделікті табысым - 2 мың теңге. Жинаған ақшам жетпеді. Үйдегі ескі киімдердің тозбағанын, шақ келетіндерін киеді, ең қажет деген киімдерді ғана сатып алдық, - дейді ол.

Қазақстан мектептерінің біріндегі алғашқы қоңырау. 2 қыркүйек 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан мектептерінің біріндегі алғашқы қоңырау. 2 қыркүйек 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Жалғызілікті әйел ақшасы жетпегендіктен оқу-жазу құралдарын әлі түгел ала алмағанын айтады

- Биыл қымбаттап кетіпті. Мысалы, түрлі-түсті майлы қалам өткен жылы 250-300 теңге болатын. Қазір 500 теңге, кей жерлерде 600 теңгеден сатып жатыр, - дейді Зарина.

Мектеп жасындағы екі ұл, екі қызына қажетті заттар алу үшін базарға келген Гүлсім (аты-жөні өзгертілді) осының алдында Шымкенттегі дүкендерді аралап шығыпты.

- Мектеп формасы деп сатып жатқан баланың костюм, көйлегі 25 мың теңге дейді. Қыздардың юбкасы, жейдесі 30 мың теңгеден жоғары. Қалтамыз көтермейтін болған соң осында келдік, - дейді ол.

Аяқ киімдерінің әрбірі 4-5 мың теңге, сөмкелері бес мың теңгеден жоғары тұрады. Оқу-жазу құралдары және бар. Әрбіріне орташа есеппен 50 мың теңге жұмсаймыз. Бұл қаражатты үш ай бойы жинадық.

Гүлсім базардан оқушының көйлек-шалбар, жейде-юбкаларын 50 мың теңгеге сатып алған соң, енді аяқ киім мен сөмкелер таңдап жүр.

- Аяқ киімдерінің әрбірі 4-5 мың теңге, сөмкелері бес мың теңгеден жоғары тұрады. Оқу-жазу құралдары және бар. Әрбіріне орташа есеппен 50 мың теңге жұмсаймыз. Бұл қаражатты үш ай бойы жинадық, - дейді әйел.

Мұғалім болып істейтін Гүлсімнің айлық жалақысы – 80 мың теңге. Шымкенттегі жекеменшік кәсіпорында еңбек ететін күйеуі істеген жұмысына қарай 100 мың теңгеге дейін табыс табады.

- Екеуміз қосылып алатын 180 мың теңге жетпей қалады. Қазір бірсыпыра заттарын сатып алдық. Әлі күздік, қыстық киімдерін алу керек. Қосымша кітаптары, үйірмелеріне тағы ақша төлейміз, - дейді ол.

«БАҒА ЕНДІ ТҮСПЕЙДІ»

«Көл» базарында кеңсе заттарын сататын Гүлжәмила Түзелбаеваның Азаттыққа айтуынша, биыл тауар бағасы 50 пайызға қымбаттаған. Мектепке қажетті заттар алуға базарға келген адамдардың көбі арзанырағын іздейді дейді ол.

Кейбірі баласы үшін сапасы жақсы киім-кешек, оқу-жазу құралдарын алады, көпшілігі ақшасын жеткізе алмай қиналады.

- Байқап отырмыз, ата-аналардың көбі балаларына өткен жылғы заттарыңды ұстайсың деп жүр. Кейбірі баласы үшін сапасы жақсы киім-кешек, оқу-жазу құралдарын алады, көпшілігі ақшасын жеткізе алмай қиналады, - дейді Гүлжәмила Түзелбаева.

Саудагер базардағы қымбатшылықты «теңге бағамының құбылуы көбі шетелден келетін тауар бағасына әсер етеді» деп түсіндіреді. Оның сөзінше, соңғы айда көтерме сауда бағасы қымбаттаған.

- Енді бұл баға түспейді. Қазір ата-аналар тек дәптер, қалам, сурет дәптері сияқты ең қажетті деген заттарды 4-5 мың теңгеге сатып алады. Егер сапасы жақсы қажетті кеңсе тауарларын сатып алатын болса 20 мың теңге жұмсайды, - дейді ол.

«МЕКТЕПКЕ МҮЛДЕ ДАЙЫН ЕМЕСПІЗ»

Шымкентте балаларын мектепке дайындауға қаражат таппай қиналып отырған ата-аналар да кездеседі. Соның бірі - 43 жастағы Нағима Өскенбаеваның тоғыз баласының бесеуі мектепте оқиды. Кенже қызы – 2 жаста. Тұрақты жұмысы жоқ әйел тапқаны тамағына жетпейтінін айтып шағынады. Ол құжаттарын уақытылы жасамағандықтан жағдайы нашар отбасыларына мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекті де ала алмай отырғанын айтады.

Шымкенттік көпбалалы ана Нағима Өскенбаева. Шымкент, 29 тамыз 2017 жыл.
Шымкенттік көпбалалы ана Нағима Өскенбаева. Шымкент, 29 тамыз 2017 жыл.

- Жылда туысқандар көмектесіп тұрушы еді. Биыл тып-тыныш. Балаларымның не киімі, не мектепке қажетті заттары жоқ. Жылда мектептен 10 мың теңге көмек беретін. Сол ақшаға дәптер, қаламын алып амалдайтын едік. Биыл әлі алған жоқпыз. Не істерімді білмеймін, - дейді Нағима Өскенбаева.

Ол мектеп жасындағы балаларын оқу жылына дайындауға кететін қаражатты да есептеп көрген.

- Мысалы, баланың мектеп формасы 6-7 мың теңгеге түседі: көйлегі 2-3 мың, аяқ киімі 4 мың теңге көлемінде. Дәптер-қаламы, ұсақ-түйегін қосқанда бір балаға 20 мың теңгені жеткізуге болады. Бес баламды мектепке жіберу үшін 100 мың теңге керек екен. Айына тапқан 15-20 мың теңгені қайдан жеткіземін? - дейді ол уайымдап.

Шымкенттік көпбалалы ана Нағима Өскенбаеваның балалары. Шымкент, 29 тамыз 2017 жыл.
Шымкенттік көпбалалы ана Нағима Өскенбаеваның балалары. Шымкент, 29 тамыз 2017 жыл.

Нағима Өскенбаеваның үлкен қызы Нұрсұлу өткен жылы туысының иығынан қалған киімді кигенін, өзіне дейін 2-3 жыл киілген ескі киімнің әбден тозғанын айтады.

Өзімнен кейінгі інім өткен жылы сыныптасының киімін киіп шықты. Оның да бір аяқ киіммен жүргеніне екі жылдан асты.

- Аяқ киімім де тозды, күз келіп, жауын жауса ол да жарамайды. Өзімнен кейінгі інім өткен жылы сыныптасының киімін киіп шықты. Оның да бір аяқ киіммен жүргеніне екі жылдан асты. Жұрт қатарлы өмір сүрсек деймін. Құрбыларым жыл сайын жаңа киім алады. Анам мен ағамның тапқаны нан-суымыздан артылмайды. Киім алып бер деп айтуға да ұяламыз. Мектепке тозған, кішірейіп қалған киімді киіп баруға сыныптастарымыздан қысыламыз. Мектепке бармау үшін әр нәрсені сылтауратамыз. Аяқ киімім жоқ деп айта алмаған соң, «анам ауырып қалды» немесе «кішкентай бауырларыма қарайтын адам болмады» дейміз. Сабақтан қала берген соң үлгеріміміз де нашар, - дейді Нұрсұлу.

ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Марат Айкөзовтің Азаттыққа айтуынша, Нағима Өскенбаеваның 5 баласы мектепке баратын болса, кем дегенде 3 баласына тегін ыстық тамақ беріледі, қалған 2 балаға жыл бойы демеушілер есебінен көмек беріледі.

- Қалада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Бір ай ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 6694 балаға көмек берілді. Әр мектепте осындай отбасыларындағы балалардың тізімі бар. Бұл тізімді әлеуметтік педагогтар жасайды. Егер отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпесе, ондағы бала тізімге алынады, - дейді ол.

Білім бөлімі өкілінің сөзінше, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демеушілер беретін көмектің мөлшері белгіленбеген.

- Балаға қандай киімді, қаншаға алып беретіні демеушінің еркінде, - дейді Марат Айкөзов.

Ол келтірген мәлімет бойынша, 2016 жылы Шымкент қаласында бес мың балаға бюджет есебінен жәрдем көрсетілген.

Биыл да жергілікті бюджет есебінен 5 мың балаға көмек көрсету үшін 60 миллион теңге бөлінді. Әр балаға 12 мың теңгенің қаржылай көмегі ата-анасының есепшотына аударылды.

- Биыл да жергілікті бюджет есебінен 5 мың балаға көмек көрсету үшін 60 миллион теңге бөлінді. Әр балаға 12 мың теңгенің қаржылай көмегі ата-анасының есепшотына аударылды, - дейді ол.

Марат Айкөзовтің сөзінше, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына жетім, өзгенің қамқорлығындағы, мүгедек, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларындағы балалар, сонымен бірге оралмандардың балалары қатыса алады.

Қалалық білім бөлімінің мәліметі бойынша, өткен жылы қалада осы санатқа енетін 18 мыңға жуық балаға қайырымдылық акциясы бойынша мектепалды дайындық көмегі көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG