Accessibility links

Мектеп формасына дінді араластыруға тыйым салынбақ


Мектеп оқушылары. Алматы облысы Талғар ауданы, 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектеп оқушылары. Алматы облысы Талғар ауданы, 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірледі. Енді дін белгілерінің бәріне тыйым салынуы мүмкін.

Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптар туралы бұйрығын әділет министрлігінің бекітуіне өткізген. Білім беру жүйесі қызметкерлерінің айтуынша, міндетті мектеп формасы туралы ереже 2000 жылдардан бері өзгермеген.

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа жолдаған жауабында «Бұл талаптар орта білім беретін ұйымдардың міндетті мектеп формасына қатысты ортақ ұстанымы мен ата-аналардың мектеп формасына деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, білім берудің зайырлы сипатын қамтамасыз үшін оқу орындары мен қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін арттыру мақсатында енгізіліп отыр» деп жазылған.

Бұдан бөлек, хатта «бірыңғай форма оқушыларды біркелкі мектеп формасымен киіндіруді көздемейді» деген ескерту бар. Ең бастысы, форма білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс, сондықтан «мектеп формасының үлгісі мен түсі классикалық стиль талабына сай болуы, біркелкі әрі ашық емес, ұстамды реңкте және үш түстен артық түсті араластырмай тігілуі тиіс».

Совет Одағы кезіндегі мектеп формасын киіп отырған оқушы қыз (оң жақта). Суретті Азаттыққа Серік Абастұлы жолдаған.
Совет Одағы кезіндегі мектеп формасын киіп отырған оқушы қыз (оң жақта). Суретті Азаттыққа Серік Абастұлы жолдаған.

​Министрліктің жаңа талаптарында қыс мезгілінде ұлдар мен қыздарға «водолазка» мен тоқыма бешпет, ал қыздарға бұған қоса, сарафан киюге рұқсат етіледі. Ал жылдың өзге мезгілінде ұлдар – пенжек (пиджак), бешпет (жилет), шалбар, жейде, қыздар - классикалық үлгіде тігілген көйлек, шалбар немесе юбка, бешпет пен пенжек киюі тиіс деп көрсетілген.

Білім және ғылым министрлігі мамандарының айтуынша, мектеп формасының түсі мен үлгісін мектеп пен ата-аналар комитеті өз қалауынша таңдайды, сондықтан әр мектептің жеке киім формасы болуы мүмкін.

ХИДЖАБҚА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Азаттыққа министрлік жолдаған жауапта бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес және білім берудің зайырлы сипатына байланысты кез келген үлгідегі діни киімді киюге тыйым салынатыны да жазылған.

Білім және ғылым министрлігі хатында «Хиджаб, ниқаб, бурка (киiзден я терiден жүнiн сыртына қаратып тiккен жеңсiз шапан), пәренжі, сикх сәлдесі мен иудей тақиясы («кит» деп аталады) сияқты белгілі бір діни конфессияға қатысты белгілері бар киім киюге тыйым салынады» деп жазылған.

Орта мектептердің бірінің хиджаб киген оқушы қыздары. Шымкент, 4 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Орта мектептердің бірінің хиджаб киген оқушы қыздары. Шымкент, 4 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Айтпақшы, Азаттыққа ертеректе берген комментарийлерінде білім және ғылым министрлігі көбінесе «рұқсат етілмейді» деген сөз тіркесін қолданатын.

Қаңтар айында ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев «парламенттің «Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдағанымен, оқушылардың мектепке хиджаб сияқты діни киімдер киіп келуіне болмайды» деп мәлімдеген.

ҚазТАГ агенттігі Такир Балықбаевтың «Конвенцияның 5-бабында құжатқа қол қойған елдер ата-аналар мен баланың қамқоршыларының баласын діни нанымына сәйкес тәрбиелеуіне жағдай жасайды. Бірақ бұл оқу орны жұмысына қайшы келмейді және әсер етпеуі тиіс» деген сөздерін келтіреді.

«БАЛАЛАРДЫҢ ҚАМЫ»

«Қамқорлық» қоғамдық ұйымы жетекшісі Евгений Цай бірыңғай мектеп формасын енгізуге қарсы. Ол проблема киімде емес, оның «қоғамға қалай таңылуында» дейді.

- Кезінде бізге мектеп формасы қалай тігіліп, сапасы қандай болатынын айтып, жарнамасын көрсеткен, ал кейін керісінше болып шықты. Сапасы мүлде нашар болып шықты. Мысалы, бізге матаның 80 пайызы жүн болады деген, ал іс жүзінде 70 пайызы – вискоза, 20-30 пайызы ғана жүн болып шықты. Оның үстіне, бағасы да қымбат. Жаппай тігілетін киім болғандықтан, бағасы арзандау болуы тиіс қой, керісінше жеке сатып алғаннан да қымбатқа түсті, - дейді Евгений Цай.

«Қамқорлық» ұйымының жетекшісі Евгений Цай (оң жақта). Астана, 13 қараша 2012 жыл.
«Қамқорлық» ұйымының жетекшісі Евгений Цай (оң жақта). Астана, 13 қараша 2012 жыл.

Оның айтуынша, мектептерге енді ғана енгізе бастаған кезде әлгі формалардың қандай жертөлелер мен қандай лас жағдайда тігіліп жатқанын көріп, өзге белсенділермен қосылып шағым жазған.

- Мен бірыңғай форма болғанын құптаймын, бірақ бұл мәселені азды-көпті болсын, дұрыстап шешу керек қой. Мүмкін оны алуан түрлі үлгіде және сапалырақ етіп тігу керек шығар әрі мұндай қатаң шектеу қойылмауы тиіс деп ойлаймын. Мүмкін жұрттың шамасы жететіндей қара костюм-шалбар болғаны жөн шығар, әйтпесе бұл шаруа біреулер үшін ақша жасау көзіне, бизнеске айналып кетеді. Шенеуніктер «балалардың қамын ойлап жатырмыз» деп жар салады, ал іс жүзінде өз қалтасының ғана қамын ойлайды, балалардың есебінен пайда табуға тырысады, - дейді Евгений Цай.

Оның айтуынша, форманың бағасы мен сапасына қатысты мәселені мектептер талай қозғаған, бірақ бұл мәселеде балалар түгілі, ата-аналардың пікірін ешкім ескергісі келмейді.

Білім және ғылым министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, бұл жолы ата-аналарға мектеп формасын отандық тауар өндірушілерден сатып алу қажеттігін түсіндіру жөнінде мектеп директорлары мен мұғалімдерге «кеңес берілген». Білім және ғылым министрлігі хатында «Мектеп формасын тігетін отандық өндірушілер реестеріне енген кәсіпорындар тізімі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдын ала берген деректерге сәйкес белгіленіп, білім беру мекемелеріне жеткізілген» деп көрсетілген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG