Accessibility links

Қайта даярлаудан өткен ұстаздың ағылшыншасы қалай?


Орта мектепте ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. (Видеодан скриншот.)

Парламент депутаты мектеп мұғалімдерін ағылшын тілінен қайта даярлауға 5,6 миллиард теңгенің қалай жұмсалғанын білгісі келеді. Кей ұстаздар арнайы курста оқығандарын ұмыта бастағандарын айтады.

"45 МЫҢ ТЕҢГЕ ТӨЛЕДІ"

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылындағы мектеп мұғалімі Мейіржан Темірбек Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша ағылшын тілін оқуға барғандардың бірі. Информатика пәнінен сабақ беретін ұстаз 2017 жылдың күзінде Өскемен қаласындағы "Астана білім ордасы" деп аталатын ұйымда ағылшын тілі курсын оқыған.

- Үш айға жоспарланған курсымызды аяқтамай қайттық. Оқулығымыздың ортасынан аспадық. Бір ай уақытымыз қалып қойды. Өзге өңірлерде де мұғалімдер курсты соңына дейін оқымаған деп естідім. Екі айға 80 мың теңге төледі, қайтар жолымызға бес мың теңгеден ұстатты, - дейді ол.

Ауыл мұғалімі Мейіржан Темірбек. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)
Ауыл мұғалімі Мейіржан Темірбек. (Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.)

Мейіржан Темірбек 2018 жылы қайтадан Өскеменге барып, сәуірдің 9-ынан маусымның 15-іне дейін "Ұстаз" деп аталатын жеке шаруашылық серіктестігінде ағылшын тілі курсын қайта оқыған.

- Келісімшартта айына елу мың теңге төленеді деп көрсетсе де, табыс салығын ұстап, 45 мың теңге төледі. Соңғы жарты айға он бес мың теңге ғана берді. Кей жерлерде 24 мың, кей жерлерде 20 мың теңге беріпті. Осылай әртүрлі болғанына мұғалімдер наразы. 60-70 мың теңгеге пәтер жалдадық, жол шығынымыз бар, 45 мың теңге өте аз болды, - дейді ол.

Мейіржан Темірбек ағылшын тілі курсын екі рет оқыса да өз пәнін шет тілінде жүргізе алатынына сеніңкіремейді. Өзі сабақ беретін информатика пәнінде ағылшын тілінде терминдер көп болған соң ағылшын тілін араластырып оқытуға болар деп санайды.

"5,6 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛДЫ?"

Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнованың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазуынша, биология, химия, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 11800 мұғалімді ағылшын тілі курсынан қайта даярлауға өткен жылы 5,6 миллиард теңге жұмсалған.

"Бұл пәндерді ағылшын тілінде жүргізгені үшін 800-ге жуық мұғалім, яғни 6 пайыздан сәл астамы ғана қосымша еңбекақы алған. Яки осылар ғана ағылшынша сабақ берген. Ал қалғандары әлі оқиды!" деп жазады Смирнова.

Бұрын өзі де мұғалім болып істеген депутат мектеп ұстаздарын ағылшын тілінде қайта даярлауға бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны жұмбақ екенін айтады.

"Тіпті үш айлық курс үшін әр мұғалімге 150 мың теңге берілген күнде де қалған ақшаның қалай жұмсалғанын білмейміз" дейді ол.

Мектептегі химия сабағында тақта алдында тұрған оқушы. (Көрнекі сурет.)
Мектептегі химия сабағында тақта алдында тұрған оқушы. (Көрнекі сурет.)

Түркістан қаласындағы орта мектептердің бірінде физика пәнінен сабақ беретін мұғалім Әйгерім Жақыпбекова (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) алты ай ағылшын тілін оқығанын, ол үшін өзіне ақша төленбегенін айтады.

- Түркістан қаласынан Шымкентке барып оқығандарға ақша төленді, ал біз Түркістанның өзінде оқыдық. Түске дейін сабақ беріп, түстен кейін "Астана білім ордасы" деген ұйымға барып ағылшын тілін үйрендік, - дейді ол.

Білім бөлімдері кейін тәжірибе түрінде кей мұғалімдерге ағылшынша сабақ бергізді. Бірақ сабақ үстінде пәннің өзіне емес, тілге көбірек назар ауып кетті

Әйгерім Жақыпбекова бұрын мектепте және жоғары оқу орнында ағылшын тілін оқымағандықтан шет тілін бастапқы деңгейінен оқығанын айтады. Оның сөзінше, алты айлық курстың соңғы бір аптасында физика пәнін қалай ағылшынша оқытуға болатынын үйреткен, қалған уақыт шет тілінің грамматикасын оқып, сөздерін жаттаумен өткен.

- Курс аяқталған соң тілді меңгеру деңгейімізді анықтайтын тест тапсырып, тиісті сертификат алдық. Арасында мұғалімдер көмектесті, бір-бірімізге жәрдемдестік. Білім бөлімдері кейін тәжірибе түрінде кей мұғалімдерге ағылшынша сабақ бергізді. Бірақ сабақ үстінде пәннің өзіне емес, тілге көбірек назар ауып кетті, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Ағылшынша қосымша сабақ беруге ақшамен ынталандырмақ

Әйгерім Жақыпбекова өз пәнін 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде оқытуға кірісетінін айтады. Оның сөзінше, сабақты толығымен ағылшынша өткізу жөнінде талап жоқ, оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қарай негізгі терминдер мен ұғымдарды ағылшынша түсіндірсе жеткілікті.

Мәжіліс депутаттарына үкіметтің сәуір айында берген жауабында Қазақстанда 2016-2017 жылдары 12 мыңнан астам мұғалім ағылшын тілінде оқыту курсынан өткені айтылған. Сонымен бірге биыл 8871 мұғалім, ал 2019 және 2021 жылдары 3050 ұстазды қайта даярлаудан өткізіледі, қазіргі кезде 2 мыңнан аса мұғалім жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде немесе ағылшын тілі элементтерін қолданып оқытып жатыр деп хабарлаған үкімет.

"ОҚУ БІТІРІП КЕЛГЕН МАМАНДЫ ҚАЙТА ОҚУҒА ЖІБЕРЕДІ"

Білім және ғылым министрлігі төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуы тиіс мұғалімдерді қайта даярлауды меншік нысанына қарамастан түрлі ұйымдар мен мекемелерге жүктеген. Солардың бірі – "Ұстаз" республикалық орталығының Павлодар, Өскемен, Семей қалалары бойынша аймақтық үйлестірушісі Қанат Әбдешев "курсты өзге қалаға барып оқитын мұғалімдерге ғана ақша төленеді" дейді. Оның айтуынша, ағылшын тілі курсына келген егде мұғалімдерге шет тілін үйрену қиынға соғады.

- Пәндерді ағылшын тілінде оқытуды әр мектеп өзі шешеді. Бәрі бірден ауыспайды. Бізден оқыған мұғалімдер арасында пәнін ағылшын тілінде оқыта бастағандар да бар. Болашақта ағылшын тіліне сұраныс күшейсе, ата-ана да баласын ағылшынша оқытуға мүдделі болады. Мұғалімдерді қайта даярлаудан мемлекет ұтылмайды. Ол бәрібір жемісін көрсетеді, - дейді ол.

Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. (Көрнекі сурет.)
Ағылшын тілін оқып отырған мектеп оқушысы. (Көрнекі сурет.)

Азаттық тілшісі сөйлескен мұғалімдер мен Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазіргі заман шәкіртіне ағылшын тілін білу қажеттігін мойындайды. Бірақ, олардың пікірінше, физика, химия, биология және информатика пәндерін қазақша, я орысша оқытудың өзі оңай емес. Ал оны оқушы да, мұғалім де толық түсінбейтін шет тілінде оқыту білім сапасын төмендетуі мүмкін деп санайды олар.

Депутат Смирнова парламентте Білім және ғылым министрлігінің есебін тыңдаған кезде үкіметтің жаппай цифрландыру бағдарламасын пайдаланып, ағылшын тілін онлайн режимде оқытса әлдеқайда арзан және оңтайлы емес пе деген сауал қойғанын айтады.

- Білім және ғылым министрлігі бұл бағдарламаны жалғастыратынын айтып отыр. Одан гөрі ағылшын тілінде оқытатын мамандарды жоғары оқу орындары студенттері арасынан дайындау тиімді емес пе? Ал ондай бағдарлама жоғары оқу орындарында жоқ. Сонда жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманды бірер жыл өтпей қайта оқыта ма? - дейді ол.

Бастауыш сынып мұғалімі шәкірттерімен бірге. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)
Бастауыш сынып мұғалімі шәкірттерімен бірге. Алматы, 18 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Үкіметтің хабарлауынша, 2019-2020 оқу жылында облыс орталықтары мен қалалардағы мектептердің 10-11 сыныптары, 2020-2021 оқу жылы - аудан орталықтары мен ірі ауылдардағы толық жинақты мектептер, ал 2021-2022 оқу жылынан бастап ауылды және шағын жинақты мектептерде физика, химия, биология мен информатика пәндерін ағылшын тілінде оқуға көшеді. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде елдегі жоғары оқу орындарында ағылшын тіліндегі педагогикалық мамандықтар бойынша 6,5 мыңнан астам адам білім алып жатыр

"МИНИСТРЛІК РҰҚСАТЫНСЫЗ АЙТПАЙМЫЗ"

Қазақстан мектептері мұғалімдерін ағылшын тілінде сабақ беруге қайта даярлауға арналған бағдарлама әдістемесін Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясы әзірлеген. Білім академиясының вице-президенті Аймен Мамырханова мұғалімдерді ағылшын тілінен қайта даярлауға қатысты хабарласқан Азаттық тілшісіне негізгі мәселе жайлы Білім және ғылым министрлігінің өзінен сұрауға кеңес берді.

- Мұғалімдердің ағылшын тілі деңгейі туралы мониторинг өткіздік. Бірақ ол ақпаратты сізге бере алмаймыз. Оны әлі министр қараған жоқ. Министр қарап, "мынаны халыққа таратыңдар, мынаны таратпаңдар" дейді. Біз оларсыз түк айта алмаймыз. Ал жалпы жағдай жаман емес, керемет. Мұғалімдердің ықыласы бар, балалардың [ағылшын тілінен] деңгейі де жақсы. Біз мамырдың басында Ақтау қаласында төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту туралы үлкен форум өткіздік. Сонда мұғалімдердің көбі ағылшынша сөйлегенін көрдік, - дейді ол.

Мектеп оқулықтары. (Көрнекі сурет.)
Мектеп оқулықтары. (Көрнекі сурет.)

Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" акционерлік қоғамы да ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді қайта даярлау бағдарламасына қатысып жатқан ұйымдардың бірі.

- Ағылшын тілінде оқуы тиіс мұғалімдер ағылшын тілінде ауызекі сөйлесе алатындай деңгейде болуы керек дейтін талап қатаң сақталады, - дейді "Өрлеу" орталығы әдістеме бөлімінің жетекшісі Талғат Қилыбаев.


"Мұғалімдерді қайта даярлау қаншалықты тиімді болды?" деген сауалға Талғат Қилыбаев: "Әрине, тиімді. Қазір үш тілде, әсіресе ағылшын тілінде білім беру өзекті болып тұр. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша біз мұны дұрыс деп есептейміз" деп жауап берді.

"Өрлеу" орталығының өкілі Талғат Қилыбаев та, "Ұстаз" орталығының өкілі Қанат Әбдешев те мұғалімдерді қайта даярлауға қанша қаржы және қалай бөлінгені туралы қолдарында еш ақпарат жоғын, өздеріне тиесілі жұмыс жайлы мәліметтің өзін тек жоғары басшылықтың рұқсатымен бергендерін айтты.

Ағылшын тілі курсына қатысушылар. (Көрнекі сурет.)
Ағылшын тілі курсына қатысушылар. (Көрнекі сурет.)

2016 жылы жазда Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Қазақстанда мұғалімдер біліктілігін арттыруға жыл сайын 10 миллиард теңге бөлініп, 2017-2019 жылдары әр жыл сайын бес мыңнан астам мұғалім ағылшын тілі курстарынан өтетін болады деп мәлімдеген.

Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

2017 жылы қарашада үкімет әзірлеген үш жылдық республикалық бюджет жобасында 2018 жылы аталған мақсатқа 6,9 миллиард теңге қарастырылғаны көрсетілген. Сол жолы парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: "Біз үлкен эксперимент жасауға кірістік. Келер жылы осының нәтижесіне қараймыз, қазірдің өзінде 1500 мұғалім өз пәнінен ағылшын тілінде сабақ беріп жүр" деп мәлімдеген. Оған дейін министр 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде өтетін пәндердің мұғалімдеріне 25 пайыз үстеме жалақы төленеді деп хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG