Accessibility links

Белсендінің соты және "14 адам зорлады" деген әйелдің шағымы


Атыраулық белсенді Дианара Мұқатованың (Оң жақта) соты. Атырау, 3 қыркүйек 2019 жыл. Сурет "Ақжайық" сайтынан алынған.
Атыраулық белсенді Дианара Мұқатованың (Оң жақта) соты. Атырау, 3 қыркүйек 2019 жыл. Сурет "Ақжайық" сайтынан алынған.

Осы аптада аймақ баспасөзі Атырауда "ҚДТ-ны қолдаған" азаматтық белсендінің екінші рет сотқа тартылғанын, Арқалықта "14 адам зорлады" деп шағымданған әйелдің арызы бойынша полиция түсініктеме бергенін жазды. Бұған қоса, жергілікті басылымдар "Қытай жобаларына қарсы" наразылықтың Орал мен Ақтау қалаларында да жалғасқанын хабарлады.

"Ақжайық" басылымы Атырауда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған белсенді Дианара Мұқатованың ісі бойынша сот басталғанын жазып, алғашқы сот отырысынан репортаж ұсынған.

Басылым бір жарым жыл бұрын белсендіні "әлеуметтік алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болғанын, бірақ қылмыстық құрамның болмауына байланысты ісі тоқтатылғанын еске салады.

Алғашқы сот отырысында айыптау актісін оқыған Нұрболат Әбілов белсендінің ескертулерге қарамастан "Қазақстанның демократиялық таңдау" (Ақорда оппоненті, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ұйым - ред.) қозғалысының идеяларын "әлеуметтік желіде таратуды жалғастыра бергенін" айтқан.

"Прокуратура бұл әрекеттерді заңсыз деп бірнеше рет ескертті, бірақ ол ҚДТ материалдарын бөлісуді жалғастыра берді. Сонымен қатар ол рұқсат етілмеген митингіге шақырған" деген Әбілов.

Дианара Мұқатованың соты. Атырау, 3 қыркүйек 2019 жыл. Сурет "Ақжайық" сайтынан алынған.
Дианара Мұқатованың соты. Атырау, 3 қыркүйек 2019 жыл. Сурет "Ақжайық" сайтынан алынған.

Ал сотта белсенді тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан.

Белсендінің адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот кезінде судьядан Адам құқықтары жөніндегі бюроның Атырау филиалының директоры Әсел Нұрғазиева, полиция департаментінің экстремизммен күрес басқармасының тергеушілері Дәурен Айдосынов, Жазылхан Кенжеәлиев, осы басқарманың уәкілі Талғат Нәсіпқалиевтан куәгер ретінде жауап алуды сұраған. Судья бұл өтінішті қанағаттандырған.

Басылымынң жазуынша, "сотта сөйлеген Әсел Нұрғазиева Дианара бір жылға жуық Адам құқықтары жөніндегі бюроның Атырау филиалында ерікті болып жұмыс істеп, өзін саналы азамат және парасатты адам ретінде көрсеткенін" айтқан.

Сот отырысы 10 қыркүйекте жалғасады. Келесі отырыста қылмыстық істі тергеуге қатысқан полиция департаментінің қызметкерлерінен жауап алынады.

"14 АДАМ ЗОРЛАДЫ" ДЕП ШАҒЫМДАНҒАН ӘЙЕЛДІҢ АРЫЗЫ

Қостанайлық "Новая газета" басылымының жазуынша, адвокат Айман Омарова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жиынында айтқан "14 адам зорлады" деген әйелдің шағымы туралы Қостанай облыстық полициясы түсініктеме берген. 14 адамның ешқайсысының "зорлауға қатысы анықталмағандықтан" іс тоқтатылып, прокуратураға жіберілген.

Басылымның жазуынша, полицияға шағымды Арқалық қаласынан 150 шақырым жердегі Екідің елді мекенінің 22 жастағы тұрғыны түсірген.

"Жәбірленуші полицияға 2018 жылы сәуір айында шағым түсірді. Ол кезде жүктілігіне 28 апта толған. Ол бастапқыда бес жігіттің зорлағанын, кейіннен 14 адамның бәрі зорлағанын айтты. Ол көрсеткен 14 адамның бәрі сұралды. Бәрінің қылмысқа қатысы жоғын дәлелдейтін нақты айғақтары бар. Бұған қоса, бәрі ДНҚ-сынақ тапсырды. 14 адамның ешқайсысының баланың әкесі екені дәлелденбеді. Оларды ұстауға заңдық негіз болған жоқ. Қылмысқа қатысы бар адамның анықталмауына байланысты қылмыстық іс тоқтап, прокуратураға жіберілді" деді Қостанай облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Арыстанов.

Полицияның түсіндіруінше, 14 жігіт сұрақ-жауап алу кезінде "жәбірленушіге тиіскен жоқпыз, зорлаған жоқпыз" деп айыпты жоққа шығарған. Қазір жәбірленуші босанып алған.

Басылымның жазуынша, егер жаңадан күдіктілер пайда болса, тергеу амалдар қайта жалғасуы мүмкін. Олардан ең бірінші кезекте ДНҚ-тест алынбақ. Әзірге, жәбірленуші шағымданбаған.

Қыркүйектің 6-сы күні өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында адвокат Айман Омарова елде "зорлық жасағандардың" жазасыз қалып жатқанын сынап, мысал ретінде Арқалықта "14 адам зорлады" деп шағымданған әйелдің шағымы бойынша ешкімнің ұсталмағанын айқан еді.

ОРАЛ МЕН АҚТАУДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

"Уральская неделя" және Lada.kz сайты осы аптада "Қытай жобаларына қарсы" наразылықтың Орал мен Ақтауда да жалғасқанын жазды.

"Уральская неделя" басылымының жазуынша, 4 қыркүйекте Оралдағы Мәншүк Мәметова алаңына жиналған бір топ белсенді қазіргі билік әрекетіне наразылық білдіріп, "Қытай зауыттарының құрылысын" тоқтатуды талап еткен жаңаөзендіктерді қолдаған. Басылымның жазуынша, билік наразылыққа реакция білдірмеген.

Жиналғандар арасында жергілікті белсенділер Мейірбек Есболат, Тойдық Бижанова, Эрик Жұманова, Данияр Інжіғалиев, Ғалиолла Ғұмаров және өзге азаматтар болған.

Полиция қызметкерлері жиынды сырттай бақылағанмен наразылықтың өтуіне кедергі жасамаған. Шамамен 20 минуттан соң белсенділер үйлеріне тараған.

Дәл осыған ұқсас акция қыркүйектің 4-і күні Ақтау қаласындағы "Ынтымақ" алаңында да өткен. Тұрғындар елде "55 Қытай зауытының құрылысына" қарсылық білдірген. Lada.kz сайтының жазуынша, билік өкілдері елде "таза Қытай иелік ететін зауыттар жоқ, барлығы бірлескен жобалар, қауіптенуге негіз жоқ" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG