Accessibility links

Шымкентте полиция Ағаділ асына бармақ болған белсенділерді "жолда ұстады"


Полиция көліктері. Көрнекі сурет.
Полиция көліктері. Көрнекі сурет.

5 тамызға қараған түні Шымкент полициясы марқұм Дулат Ағаділдің асына бару үшін жолға шыққан үш белсендіні ұстады. Ұсталған белсенділердің бірі Нұржан Мұхамедов полиция келіп, өздерін ұстап жатқан сәтте әлеуметтік желіге тікелей эфирге шықты.

Полиция жолда ұстаған белсенділердің бірі Нұржан Мұхаммедовтің Азаттыққа айтуынша, 8 тамызда Ақмола облысы Талапкер ауылында өтеді делінген Дулат Ағаділдің асына бару үшін жолға шыққан. Машат шатқалынан өте бере жол-көлік полициясы тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын сұраған. Осы уақытта оннан аса полиция қызметкері келіп, белсенділерді күштеп көліктен түсірген.

- Мені Еңбекші аудандық полиция басқармасына алып келді. Жанымдағы Қасымбек Нәлібеков пен Нұрлан Еңсеповті басқа аудандық полиция басқармасына алып барыпты. Түн ортасында белсенділер жиналып, шу шығарған соң мені босатты. Қасымбекті таңертең жіберді. Нұрланнан әлі хабар ала алмай отырмыз. Телефон тұтқасын көтермей жатыр, - дейді ол.

Белсенділердің ұсталғаны туралы Шымкент қалалық полиция департаменті әзірге бір ақпарат бермеді.

Ал Ақмола облысы Целиноград аудандық соты Түркістан облысы Төле би және Ордабасы ауданында тұратын екі белсендіні 24 шілде күні Дулат Ағаділдің асармен салынып жатқан үйінен бастап зиратқа дейін барғаны үшін "заңсыз шеруге қатысты" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыптап, 10 және 15 тәулікке қамаған. Олар қазір Түркістан қаласында әкімшілік жазаға тартылғандарды қамайтын изоляторда отыр.

4 тамызда Шымкенттегі бірнеше наразылық шарасына қатысқан Түркістан облысы Ордабасы ауданында тұратын белсенді Қайрат Сұлтанбек пен Төле би ауданында тұратын Нұрлыбай Татаев қамалған. Ақмола облыстық сотының өкілі Күләш Домалақованың Азаттыққа айтуынша, Целиноград аудандық соты Сұлтанбекті – 15 тәулікке, Татаевты 10 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарған. Екі белсенді де 24 шілде күні Ақмола облысы Талапкер ауылында Дулат Ағаділдің асармен салынып жатқан үйінен бастап зиратқа дейін өткен шеруге қатысып, "Шал, кет!", «Алға көше партиясы!» «Бірігіңдер!» деп ұрандағаны үшін айыпталған. "Олардың кінәсі полиция хаттамасымен, әкімшіліктің анықтамасымен және бейнежазбамен дәлелденген". Екеуі де Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Бейбіт митинг ережесін бұзу) бойынша қамалған.

Сұлтанбек тағылған айыппен келіспеген, Татаев кінәсін ішінара мойындаған.

Бұған дейін бірқатар құқық қорғаушылар Дулат Ағаділді еске алу шарасы қарсаңында Нұр-Сұлтан мен Алматыда 20-дан астам белсендінің қамалғанын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: Марқұм Ағаділдің ауылында "заңсыз шеру жасады" деп айыпталған белсенді Айтжанов он күнге қамалды

Қазақстанның әр өңірінен жиналған белсенділер 24 шілдеде ақпан айында Нұр-Сұлтандағы уақытша қамау изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің үйіне жиналып, марқұмды еске алған. Белсенділер 8 тамызда оның үйіне бас қосып, еске алу шарасын атап өтуге және өздері асар жасап салған жаңа үйінің қоныс тойын тойлауға келіскен. Сол күні белсенділер Дулат Ағаділдің қабірінің басына барып, дұға бағыштаған. Ауылдан шамамен он шақырым жердегі зиратқа жаяу ту көтеріп барған белсенділерді полиция 30 шілдеден бастап қамауға ала бастаған.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG