Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс болды. Бір шекарашы жарақаттанған


Қырғыз-тәжік шекарасындағы ауылдың жолы. Көрнекі сурет.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы ауылдың жолы. Көрнекі сурет.

6 тамыз күні қырғыз-тәжік шекарасында қарулы қақтығыс болды. Бұл туралы Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметі хабарлады.

Шекара қызметінің мәліметінше, Қырғызстанның Бәткен ауданына қарасты Эки-Таш деген жерде Тәжікстан жақтан белгісіз біреу шекара қызметкеріне шамамен аңшы қаруынан оқ атқан.

"Нәтижесінде шекара бөлімінің әскери қызметкері қолынан жарақаттанды. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Жарақаттанушының денсаулығы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр" деді Қырғызстан шекара қызметі.

Қазір Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара өкілдері кездесу өткізіп жатыр. Шекарадағы жағдай тұрақты.

Тәжікстан билігі әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ шекарасы 970 километрге созылған. Оның 519 километрі келісілген, қалған бөлігі даулы. Мұндай учаскелер көбіне Қырғызстанның Лейлек және Баткен аудандарында орналасқан. Ол жерлерде су, жайылым және жер теліміне қатысты қақтығыстар жиі болады.

Дәл осы Эки-Таш деп аталатын жерде 2 маусым күні тағы бір қақтығыс болған. Ол кезде Тәжікстан тарапынан белгісіз біреулер аңшы қаруынан Қырғызстан азаматының көлігіне оқ атқан деп хабарланды. Көлік жүргізушісі жеңіл жарақаттанған.

24 мамыр күні қырғыз-тәжік шекарасында орналасқан Мойнок жайылымында атыс болған. Ол кезде "Озоди " радиосы (Азаттықтың тәжік қызметі) атыс кезінде Тәжікстан шекара қызметкері жарақаттанған деп хабарлаған болатын. Қырғызстан тарапанынан ешкім жарақаттанбаған.

Ал 8 мамыр күні аңшы қару қолданылып, миномет оғы атылды. Қырғызстан тарапынан үш шекара қызметкері жарақаттанған. Тәжікстан екі жергілікті тұрғыннан жарақаттанғанын растады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG