Accessibility links

Статистикаға кірмеген дерек: Коронавирустық пневмония бір күнде 1530 адамнан анықталды


Қорғаныс маскасын таққан адамдар коронавирус пандемиясы кезінде базардан сауда жасап қайтып бара жатыр. Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 4 тамыз, 2020 жыл.
Қорғаныс маскасын таққан адамдар коронавирус пандемиясы кезінде базардан сауда жасап қайтып бара жатыр. Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 4 тамыз, 2020 жыл.

5 тамыз күні Қазақстанда 1530 адамның коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдыққаны анықталды. Аурудың бұл түрінен бір тәулікте 16 адамның өлімі тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми дерек бойынша, зертханалық талдаумен расталмаған, диагнозы клиникалық белгілер бойынша қойылған коронавирустық пневмонияға 1 тамыздан бері 9584 адам шалдыққан, 102 адам қайтыс болған.

Қазақстанда жаз айларында ПТР нәтижесі теріс бірақ белгілері бойынша коронавируске ұқсайтын пневмония өршіп кетті. Жергілікті мамандар мен халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң, денсаулық сақтау министрлігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап коронавирус пен белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония дерегін біріктіретінін айтты.

Көп ұзамай денсаулық сақтау министрлігі 1 тамызға дейін тіркелген жағдайлардың ешқайсысы бұл статистикаға кірмейді деп мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында Қазақстанда барлығы 256 541 адам пневмонияға шалдыққан. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңдайы шілдеде тіркелген. Былтыр дәл осы мерзім аралығында пневмонияға 76 986 шалдыққан. Биыл өкпе ауруына шалдыққандар былтырғыдан 3,3 есе өскен. Мамандар пневмонияның мезгілсіз өршуін коронавирус пандемиясымен байланыстырырады.

Пневмония дерегі 2 тамыздан бастап жарияланып келеді. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі уәде еткендей, коронавирус статистикасына біріктіріліп емес, бөлек хабарланып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG