Accessibility links

Елде Covid пен пневмониядан 5 мыңнан аса адам көз жұмды. Цой "індетпен күресте сәтсіздік болған жоқ" дейді


Алматыдағы аурухананың алдында тұрған адам. 2020 жылдың шілдесі.
Алматыдағы аурухананың алдында тұрған адам. 2020 жылдың шілдесі.

Қазақстанда пандемия басталғалы, ресми мәлімет бойынша, Covid дертінен 1058 адам қайтыс болды. Жыл басынан бері төрт мыңнан аса адам пневмониядан көз жұмды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі жағдай “толық бақылауда” дейді. Министрлік үкіметтің вируспен күрестегі жұмысын “толық сәтсіз болды деу дұрыс емес” деп санайды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 1 тамызда коронавирус пен клиникалық белгісі коронавирусқа ұқсас пневмонияны біріктіреміз деп уәде беріп алып, жеме-жемге келгенде бөлек статистика ұсынды. ПТР тестінен коронавирус табылған Covid есебін бөлек, "коронавирусқа ұқсас пневмония" есебін бөлек жариялап жатыр. Коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандар да бөлек есептеледі. Ал АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің әлемдік статистикасында коронавирус жұқтырған 92662 науқас ғана көрсетілген.

"Бұдан қандай да бір ажиотаж жасаудың керегі жоқ. Бұл сандар халықаралық ақпараттық ресурстарда болады. Бастысы, бізде бар цифрларды жүйеге енгіздік. Бұл сандарды ДДСҰ-ға бердік. Алдағы бір-екі күнде бұл есепті жалпы ресурстарда көреміз" деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 3 тамыздағы брифингте.

ПНЕВМОНИЯ ЕСЕБІ: ЕКІ КҮНДЕГІ НАУҚАСТАРДЫҢ САНЫНДА 6 ЕСЕ АЙЫРМАШЫЛЫҚ БАР

Қазақстанда өкпесі қабынған науқастардың саны жаздың басында күрт өсті. Бірақ министрліктің ресми есебіне 1 тамызға дейін пневмониядан қайтыс болғандар енбеді. Цой 3 тамыздағы брифингте тамызға дейінгі тіркелген бактериалды пневмониядан, вирусты пневмониядан "коронавирус пневмониясын бөліп алу техникалық тұрғыдан қиын" деп тағы қайталады.

Цой 1 тамызға дейінгі пневмонияның ішінен коронавирус пневмониясын бөлуге мамандардың қолы жетпейтінін, дәрігерлер онсыз да "көп жұмыс істеп жатқанын" айтты.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте отыр.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифингте отыр.

"Егер дәрігерлерді қазір пневмонияға шалдыққандардың әрбірін іріктеп отыратын болса, бізге науқастарды емдеу я статистикамен айналысудың біреуін таңдау керек" деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі елде кейінгі айларда пневмония өршіп кеткенін жоққа шығармайды. Ведомство дерегінше, 1 қаңтар-2 тамыз аралығында елде 256 541 адам пневмониямен (35 мыңы маусымда, 152 мыңдайы шілдеде) ауырған. Былтыр қаңтар мен тамызда елде 76 986 адам пневмониямен ауырып, 2333 адам қайтыс болса, биыл 4042 адам өмірден өткен.

Министрлік 1-2 тамызда ПТР тесті теріс, бірақ коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың статистикасын ұсынды. 1 тамызда 5181 адам, 2 тамызда 789 адам пневмониямен ауырған. Екі күннің арасында шамамен алты есе айырмашылық бар. 1 тамызда пневмониядан 30 адам, 2 тамызда 21 адам көз жұмған.

Ал 1 тамызда 1226 адамнан коронавирус табылып, 36 адам қайтыс болған. 2 тамызда 1069 адамнан коронавирус анықталып, 34 адам көз жұмған.

Егер наурыздан бастап тіркелген коронавирус жұқтырғандар мен тамыздың алғашқы екі күні пневмонияға шалдыққандардың барлығын қосса, елде 97851 адам індетке шалдыққан. Коронавирус пен жыл басынан бері пневмониядан қайтыс болғандарды қосса, марқұмдар саны бес мыңнан асып кетеді.

Министрлік әр аймақта қанша адам пневмониямен ауырғанын және қайтыс болғанын жеке статистика ретінде беріп отырған жоқ.

"Аймақтар бойынша статистиканы сайтымызда жариялаймыз. Менде қазір ол статистика бар. Бірақ оны алда шығарамыз, себебі мұнда өте көп сан" деді министр брифингте. Цой бұл дерек қашан шығатынын нақты айтпады.

Министр бұл жауабын қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділердің желіде жариялаған ДДСҰ-ға үндеуі жариялаған тұста берді. Белсенділер елде пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандардың саны нақты емесін, билік статистикамен манипуляция жасап, індеттің ауқымын төмендетуге тырысып жатыр деп санайды.

Цой журналистер сұрағына жауап бергенде министрлік пневмония статистикасын "аптасына бір рет жариялауымыз мүмкін" деді. Өткен аптада министрліктің ресми өкілі коронавирус пневмониясына шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны күнде жарияланады деп уәде берген.

ТІЛШІЛЕР ҚЫРҒЫЗСТАНДЫ МЫСАЛҒА КЕЛТІРЕДІ. МИНИСТР МАНИПУЛЯЦИЯНЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Министрлік індет статистикасын есептеуді жиі өзгертеді. Маусымда ведомство статистикаға симптомы жоқтарды қоспай келген. Кейін қоғамдағы қысымнан кейін симптомы жоқ науқастарды қайта есепке қосқан.

Елде пневмония өршіген тұста әлемдік басылымдар Қазақстандағы "белгісіз пневмония" туралы жаза бастады. ДДСҰ да Қазақстандағы пневмонияны "диагнозы дұрыс қойылмаған коронавирус" деп мәлімдеді. Қазақстандық дәрігерлер де билікті "статистикамен ойнауды тоқтатуды" талап ете бастады. Осыдан кейін ғана билік пневмония статистикасын жариялауға шешім қабылдады. 17 шілдеде Цой коронавирус пен коронавирус пневмониясын бір статистикаға қосуға уәде берген, бірақ 22 шілдедегі сұхбатында "тамызға дейін пневмониядан қайтыс болған науқастар жаңарған базаға енбейді" деді.

ПТР тестінен коронавирус табылмаған пневмонияны біріктіру шешімін Қазақстан көршілес Қырғызстанмен бір уақытта қабылдады. Бірақ Бішкек Нұр-Сұлтанмен салыстырғанда 17 шілдеге дейін пневмонияға шалдыққандарды ресми статистикаға қосып, Covid пен пневмония есебін бірге есептеп келеді. Қырғызстан бұл есепті бірден бастап кетті.

Қазақстан неге Қырғызстан сияқты жасамады? Бұл сұрақты журналистер Цойға әр брифинг сайын қояды. Тілшілер тарапынан билік елдегі эпидемия ахуалын жасыруға тырыспақ деген де ойлар айтылды. Бірақ Цой мұның бәрін жоққа шығарып келеді.

Бүгінгі, 3 тамыздағы брифингте журналистер министрден "Қырғызстанда 36 мың адам дертке шалдығып, 1420 адам қайтыс болды, ал Қазақстанда ауырғандар үш есе көп, бірақ неге қайтыс болғандар мыңның айналасында?" деп сұрады.

Цой қайтыс болғандардың үлесінің аздығын "тест санының көптігімен" байланыстырды.

"Осылайша, біз вирус жұқтырған адамдарды ерте анықтап жатырмыз" деді ол.

Бірақ мыңдаған қазақстандық, әсірес ауылды жерлерде тұратындар, коронавирус тестін тапсыру қиын екенін айтып, бағасының қымбаттығына (ПТР тест тапсыру 50 доллардың шамасында) шағымданады. Жұрт елде дәрі бағасының өсіп кеткенін, қажетті дәрілердің жетпей жатқанын да айтады.

Брифингте тілшілер министрден "бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, індетке дайындалуға уақыт болса да жаздың басында дәрі-дәрмек, ауруханадағы орын және медқызметкерлердің тапшылығы қатты сезілді. Демек, министрлік жұмысы сәтсіздікке ұшырады деуге бола ма?" деп сұрады.

"Сұрақтың қойылу мәнері дұрыс емес. Үкімет коронавируспен алғаш рет бетпе-бет жолықты. Жағдайды қолға алғанымызды, дертке шалдыққандар мен қайтыс болғандардың санын шынымен төмендеткенімізді көріп отырсыз. Нарыққа дәрі-дәрмек түсті. Кейбір жерде әлі дәрі-дәрмек жетпей жатқан шығар, бірақ көптеген мекемеде, ауруханада, дәріханада дәрі бар. Сондықтан қазір ажиотаж жоқ, өзіңіз де жағдайды көріп отырсыз. Сондықтан қазір жағдай бақылауда" деп жауап берді Цой.

Министр күзге қандай да бір болжам жасаудан бас тартты. "Қыркүйекке нақты болжам жоқ. Аспанға қарап, саусақпен санап, болжам жасай алмаймын" деді Цой.

Министр брифинг басында "вирустың таралу шегінен өттік" деді де, жиынның соңында "вирустың таралу шегі қайталануы мүмкін" деп айтты. Сөзінше, дерттің тарауы "арақашықтықты сақтау мен маска киюге байланысты болмақ".

Көптеген қазақстандық әлеуметтік желіде министрліктің эпидемия басталғалы деректерді жасыратынын жазып келеді.

Ал билік өкілдері елде індеттің өршуіне "халық сақтық шараларын сақтамады" деп жұртты айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG