Accessibility links

Оралда тұрғындар Covid-пен ауырғандарға арналған реабилитация орталығының құрылысын тоқтатуды талап етті


Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қала тұрғындарының наразылығы кезінде. Орал, 6 тамыз 2020 жыл.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қала тұрғындарының наразылығы кезінде. Орал, 6 тамыз 2020 жыл.

6 тамызда Орал қаласында Жұлдыз шағын ауданының жиырма шақты тұрғыны Covid-пен ауырғандарға арналған реабилитация орталығының құрылысын тоқтатуды талап етті. Жаңадан салына бастаған құрылыс алаңына жиналған тұрғындар орталық салынса "вирус жұқтыру қаупі артуы мүмкін" деген қауіп айтты.

– Аурухананы бұл жерге салудың не қажеті бар? Балаларымызбен бірге автобустарда науқастармен бірге отырсақ, ауырмаймыз ба не? Үй мен аурухананың арасы небәрі 100 метр. Аурухананы басқа жерге де салуға болады ғой. Әкім, халықтың өтінішіне құлақ түріңіз. Біз құрылысқа қарсымыз, – деді тұрғындардың бірі Есбатыр Сейсенов.

Жиналғандар Сейсеновті қол шапалақтап қолдап, шулады. "Оданша мектеп салыңыздар!", "Тротуар керек", "Балалар ойнайтын алаң салыңыздар" деп айқайлады.

Оқиға орнына келген Орал әкімі Абат Шыныбеков және облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Болатбек Қайыпов тұрғындардың денсаулығына еш қауіп жоқ деп сендіруге тырысты.

– Барлық ірі ауруханалар қала орталығында, олардың айналасында көп қабатты үйлер бар – вирус контакт өте жақын болған кезде ғана жұғуы мүмкін. Сіздерге еш қауіп жоқ, – деді Болатбек Қайыпов.

Қала әкімі Шыныбековтің айтуынша, реабилитация орталығы - денсаулық сақтау министрлігінің жобасы. Орталықты салу туралы шешімді министрлік шығарған. Ал әкімдік тек құрылыс орнын тапқан. Шыныбеков тұрғындар өтініштерін жоғары жаққа жеткізуге уәде берді. Бірақ қажетті коммуникация болғандықтан осы орын ғана құрылысқа ыңғайлы деді.

– Эпидемия аяқталғаннан кейін реабилитация орталығы жергілікті тұрғындарға қызмет көрсететін клиника болады, – деді Қайыпов.

Тұрғындар билік өкілдерінің жауабына қанағаттанған жоқ. Олар Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевке де талаптарын айтатынын жеткзіді.

Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандарға арналған нысандар салынатыны хабарланған кезде жергілікті тұрғындар наразылық білдірген болатын.

Ақпан айында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының ондаған тұрғыны Қытайдан келгендерді ауылдағы амбулаторияға карантинге орналастыруға қарсы шыққан.

Наурыз айында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Ақжайық ауылының тұрғындары жергілікті ауруханадағы корпустардың бірін коронавирус белгілері байқалған адамдарға карантиндік блок ретінде босатып беруге қарсылық білдірген.

Осыған ұқсас оқиғалар Алматы облысы Береке ауылы мен Шымкентте де болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG