Accessibility links

Ресейлік және батыс әншілері Беларусьте сайлау күнгі тегін концерттен бас тартып жатыр


Леонид Агутин
Леонид Агутин

Ресейлік және батыс әншілері 8 тамызда Беларусьте президент сайлауы күні жоспарланған тегін концерттерге қатысудан бас тартып жатыр. Бұл туралы Беларусь басылымдары хабарлады.

Бұған дейін Беларусь мәдениет министрлігі 8 тамызда елдің 13 қаласында "Беларусь үшін" атты тегін концерт болатынын хабарлаған.

Витебскте – Григорий Лепс, Гомель пен Могилевте – Boney M және "Сябров" тобы, Борисовте – Таисия Повалий, Бобруйскте – Тина Кароль және "Песняры" тобы, Минскте – "Кар-Мэн", Rasa, Мэвл. Гроднода – Леонид Агутин, Владимир Пресняков, Элина Чага және Руслан Алехно концерті жоспарланған еді. Бірақ Беларусь тұрғындары әншілердің желідегі парақшасына концерттен бас тартуға және "диктатураны қолдамауға" шақырып пікір жаза бастады.

Леонид Агутин басында "Беларусь жұрты алдында өнер көрсету мүмкіндігін пайдалануды" жоспарлағанымен, кейін желіде "концертке бармайтынын" жазды.

Григорий Лепс, Стас Пьеха, группа Rasa, "Кар-Мэн", дуэт Джаро және Ханза, Юлианна Караулова мен әнші Мэвл де 8 тамыздағы тегін концертке қатыспайтындарын жариялады. Кейін америкалық рэперлер Tyga мен Saint Jhn де Беларуське келмейтіні белгілі болды.

9 тамызда Беларусьте алтыншы рет президент сайлауы өтеді. Сайлау алдында билік бірнеше қалада Беларусь, Ресей және шетелдік әншілердің қатысуымен концерт өткізді.

Кейбір концерттер Лукашенконың басты қарсыласы Светлана Тихановскаяның сайлаушылармен кездесуіне кедергі келтіру үшін де ұйымдастырылды. 6 тамызды Тихановская Минскідегі Достық паркінде митинг ұйымдастырмақ болған, бірақ билік сол күні паркте Теміржол күніне концерт өткізді.

Батыс дипломаттары Беларусь Еуропадағы ең соңғы диктаторлық ел дейді. Елді 26 жыл басқарған Лукашенко 9 тамыз алдында қиын жағдайға тап болды. Беларусьте президенттікке кандидат Светлана Тихановскаяның сайлауалды шараларына мыңдаған адам келіп жүр. Еріктілердің есебінше, Минск қаласында Тихановскаяның шарасына кем дегенде 63 мың адам келген. Сайлау алдында елде Лукашенкоға деген қарсылық та күшейді. Жұрттың көбі елде өзгеріс болғанын қалайды.

Бірақ біраз сарапшы Лукашенко түрлі құйтырқы әрекеттер жасап, сайлауды жеңіске жетеді деп ойлайды.

Лукашенконың қарсыласы Светлана Тихановская сайлауда жеңіске жетсе елде қайта президент сайлауын өткізуге уәде берген. Батыс елдері мен ЕҚЫҰ Беларусь еліндегі бірде-бір сайлауды заңды өтті деп мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG