Accessibility links

Қазақстанда бір күнде 1011 адамнан коронавирустық пневмония анықталды, 15 өлім тіркелді


Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде жүрген тұрғын. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.
Коронавирус пандемиясы кезінде көшеде жүрген тұрғын. Нұр-Сұлтан, 4 тамыз 2020 жыл.

Қазақстанда 8 тамыз күні коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония 1011 адамнан анықталған. Аурудың бұл түрінен бір күнде 15 адамның өлімнің тіркелген. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қазақстан үкіметі коронавирустық пневмония есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп отыр. Тамыздың басынан осы күнге дейін пневмонияның бұл түрі 13121 адамнан анықталған. Осы аралықта аурудан 152 адам қайтыс болған.

Жаз айларында елде пневмонияға шалдығу мезгілсіз өршіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан тамызға дейін ауруға 256 мың адам шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 3,3 есе көп көрсеткіш. Былтыр осы аралықта өкпе ауруынан 2,3 мың адам қайтыс болса, биыл төрт мыңнан астам адам көз жұмған.

Жергілікті медицина мамандарының қысымы мен халықаралық қауымдастықтың назарынан кейін Қазақстан билігі 17 шілде күні 1 тамыздан бастап коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония дерегін біріктіріп жариялауға уәде етті. Алайда 2 тамыздан бастап жарияланған пневмония дерегі коронавирус статистикасынан бөлек жарияланды.

Коронавирус статистикасына тамызға дейін тіркелген 256 мың пневмония жағдайының бір де бірі кірмеді.

Көп адам күдік келтіретін ресми дерек бойынша, Қазақстанда эпидемия басталғалы 98 701 адамның коронавирус жұқтырғаны расталған, 1218 адам қайтыс болған. Covid өліміне коронавирус жұқтырған бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.

Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын тіркеп отырған worldometers.info сайты және Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның дерегін билік айтқан санаққа сәйкес жариялап отыр. Алайда жақын күндері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы Covid және пневмония деректерін біріктіріп жариялауға көшті. Коронавирус пен соған ұқсайтын пневмония санын біріктірсе, Қазақстанда вирус жұқтырғандар 98,7 мың емес, 110 мың болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG