Accessibility links

Ауғанстанның Лоя Жырғасы 400 тәліпті түрмеден босатуды қолдады


Ауғанстандағы Лоя Жырғаның жиыны. 7 тамыз 2020 жыл.
Ауғанстандағы Лоя Жырғаның жиыны. 7 тамыз 2020 жыл.

Ел арасында беделі бар мыңдаған ауған 9 тамыз күні 400 тәліпті түрмеден босатуды қолдады. Тұтқындардың арасында ауғандар мен шетелдіктердің өліміне әкелген шабуылдардың қатысушылары да бар.

Талибан тұтқындарын босатуды ұсынатын резолюция Ауғанстан үкіметі мен Талибан арасындағы бейбітшілік келіссөздерінің басталуына ықпал етуі ықтимал.

Резолюция Кабулда Лоя Жырғаның үш күндік құрылтайы соңында мақұлданды. Құрылтай ауған тайпаларының ақсақалдары мен елді басқаруда шешуші тетікке ие тараптардың қатысуымен өтеді. Онда қайшылыққа толы ұлттық мәселелер қаралады.

Биыл ақпанда АҚШ пен Талибан арасында келісім жасалып, Ауғанстан үкіміне қамауға алынған 5000 тәліпті босатуға міндеттенген. Ауғанстан президенті Ашраф Гани 4,6 мың тұтқынның босатылғанын, ал қалған төрт жүз тәліпті босатуға құзыреті жетпейтінін, олардың жасаған қылмысы аса ауыр екенін мәлімдеген болатын.

"Бейбітшілік келіссөздерінің алдындағы барлық кедергіні жойып, қантөгісті тоқтату үшін және елдің игілігі үшін Лоя Жырға Талибан талап еткендей 400 тәліпті босатуды мақұлдады" деді Лоя Жырға мүшесі Атефа Тайеб 9 тамыз күнгі жиында.

Ауғанстан үкіметі де, Талибан тобы да бейбітшілік келіссөздерін бастау үшін тұтқындармен алмасуға бекінген. Ашраф Гани Лоя Жырғаның мақұлдауынан соң соңғы шешімді шығаруы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG