Accessibility links

Пневмониясыз статистика. Қазақстанда бір күнде 741 адамнан коронавирус табылды


Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққандарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.

9 тамызда Қазақстанда 741 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Бір күнде коронавирустан 23 адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Биліктің жариялаған мәліметіне сәйкес, коронавирус жұққандар саны жағынан Алматы (13 433), Нұр-Сұлтан (13 049), Атырау облысы (10 606) алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда вирус жұққандар 10 мыңға жетпейді.

Қазақстан билігі барлығы 99 442 адамға вирус жұққанын айтып отыр. Алайда бұл – вирус жұққаны зертханалық талдаумен расталған адамдар саны. Бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар (13 мыңнан астам адам) енгізілмеген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар саны 110 мыңға жуықтаған. Демалыс күндері ДДСҰ коронавирустық пневмонияны да коронавирусқа қосып есептей бастаған еді. Билік әзірге коронавирус пен "пневмонияны" бөлек есептеп, жариялап жүр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің сайтында Қазақстан билігі берген дерек (98 мыңнан астам) жарияланып тұр.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда пневмонияны қоспағанда коронавирустан барлығы 1269 адам қайтыс болған. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-8 тамыз аралығында 13 121 адамның пневмонияға шалдыққаны расталған, 152 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG