Accessibility links

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар 100 мыңнан асқанын хабарлады


Медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда өткен тәулікте 722 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Елде коронавирус жұқтырғандар 100 164 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 156, Алматыда – 120 адамнан коронавирус табылған. Бұл екі қала вирус жұқтырғандар саны жағынан (екеуінде де 13 мыңнан асады) республикада алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда олардың саны 10 мыңға жетпейді.

Бір күнде 1179 адам жазылған. Барлығы 73 702 адам (73 пайызы) айыққан. Қазір стационарларда 25 171 адам емделіп жатыр. 454 адамның жағдайы – ауыр, 104 науқастың жағдайы – өте ауыр. 107 адам жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.

Министрліктің айтуынша, бір күнде коронавирустан 22 адам қайтыс болған. Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1269 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 100 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 111 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі басында "пневмонияны" Covid статистикасына қосатынын айтқанмен 10 тамызда бұл ниетінен айнығанын білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 1-9 тамыз аралығында 13 280 адамның коронавирустық пневмонияға шалдыққаны расталған, 164 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG